Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау маңызына ерекше тоқталды. Тарихымызда өшпес із қалдырған ұлы тұлғаларымыз ежелде де, өткен ғасырларда да болған, тіпті, керек болса, қазіргі кезде де арамыздан табылады. Қазіргі ай мен күннің аманында, кешегі қатаң тоталитарлық заманда қиындықтарға төтеп берген асыл текті ағаларымыздың есімін естен шығармай, олардың өмірін жас ұрпаққа үлгі ете білу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің, парызының бірі деп білеміз.
Кез келген адамның өмір жолына бағыт сілтеген, тағдырының белестерінде өшпес із қалдырған ұстазы немесе тәлімгері саналатын жандар болады. Ол мектепте сабақ берген немесе сынып жетекшісі болған мұғалімі де, еңбек жолында кездескен басқа адам болуы да мүмкін. Нағыз ұстаз өмір сүруге жөн сілтеп, шынайы кәсіби шеберлікке баулитыны ақиқат. Ақыл-кеңестерімен, өнегелі істерімен бөлісіп қана қоймай, оларды өз қолымен жасауға үйретеді. Ұстаз өзінің мінез-құлқын, болмысын шәкіртінің өн бойына сіңіреді, еңбек ету тәжірибесін үлгі етеді.
Менің туған әкем – Төлеутай болса, екінші, рухани әкем – өмірлік және кәсіптік ұстазым Зада Әкімбекұлы Қажыбеков болды.
Зада Әкімбекұлының еңбек жолының, кәсіби ғұмырының өзі мені көп нәрсеге үйретті, өмір жолыма жарқын бағыт, берік негіз болды. Ол кісінің кәсіби өмірбаяны 1950 жылдың тамыз айында Алматы заң институтын аяқтай салысымен басталды. Ал Зада Әкімбекұлының қызметтік ғұмыры жасөспірім кезінде – соғыс жылдарының қиын уақытында басталып кетті. Еңбек жолын 14 жасқа толысымен-ақ – 1941 жылы Нұра ауданы Киевка ауылдық кеңесінде хатшы болып жұмыс істеуден бастады, одан кейін Нұра аудандық атқару комиссариаты жалпы бөлімнің меңгерушісі, содан соң Нұра ауданы прокуратурасының хатшысы болды. Бір таңғаларлығы – жасөспірім жігітке бұл жұмыстарды мектептегі сабақтарымен қатар алып жүруіне тура келді.
Жас заңгер Зада Қажыбеков жоғары оқу орнын бітірген соң прокуратура органдарына жолдама алды. 23 жасында КСРО-ның ең қатаң каторгасы саналатын СТЕПЛАГ-тың, Қарағанды облысындағы «халық жауларына», саяси тұтқындарға арналған еңбекпен түзеу мекемесінде прокурордың көмекшісі лауазымына тағайындалып, 1956 жылға дейін сонда қызмет атқарды. Бұл жұмыс жас жігітке аса ауыр және қауіпті болғанын атап айтқан жөн. Қауіпті тұсы – З.Ә.Қажыбеков бар күш-жігерін қазақтарды даттау мен соттауға емес, ақтауға жұмсағанында болды. Зада Әкімбекұлы өзінің бар білімін, әділдікке деген құштарлығын азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағыттады. З.Ә.Қажыбековтің осындай игілікті мақсатқа арнаған күш-жігерінің арқасында заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген азамат ақталып, бостандыққа шықты.
Уақыттың ешкімге бағынбай зулап өте шығатыны бар ғой. Өкінішке қарай, бұл ақталған адамдардың көбі қазірде өмірде жоқ шығар. Десек те, ақталған азаматтардың ұрпақтары өздерінің жақын-жуықтарының лагерьлерден босатылуы кімнің арқасы екенін жақсы біледі деп ойлаймын.
Зада Әкімбекұлының ерлігі туралы СТЕПЛАГ-тың бұрынғы тұтқыны, қазақтың көрнекті ғалымы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, өзі лагерьден З.Қажыбековтің табандылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында босатылған Бүркіт Ысқақов өзінің Зәкеңе арнаған «Прокурор» атты поэмасында жазады. Осы шығарманы тарихи құжат ретінде пайдаланған абзал деп есептеймін. Шыбын жанын шүберекке түйіп, басын қатерге тігіп, кеше ғана университет тәмамдаған жеткіншек жас жігіт елі үшін жанын пида етуден тайсалмай күресті!
«Мен прокурор З.Қажыбековті осы күнге дейін ізгі сезіммен еске аламын. Міне, осындай жақсы адамдардың арқасында тірі қалдық, еркіндікке шықтық. СонӨдай жақсы адамдардың арқасында өлең де жаздым, өзімді де, өлеңімді де аман сақтам қалдым», – деп жазды кейін профессор Б.Ысқақов.
СТЕПЛАГ пен Ерекше лагерьдің прокуратурасында жұмыс істегеннен кейін Зада Әкімбекұлы 1956-1965 жылдар аралығында Павлодар облысы Ермак ауданында прокурор болды, содан кейін Қарағанды облысының прокуратурасында белсенді әрі адал қызмет етті.
1965 жылы ол кісі Қазақстан Компартиясы Қарағанды облысы комитетінің әкімшілік органдары бөліміне шақырылып, партия органдарында 1971 жылға дейін жұмыс істеді.
Қазақстан әділет органдарының даму тарихына көз жүгіртсек, осы кезеңде – 1971 жылы әділет органдары дербес мемлекеттік жүйе болып қалыптаса бастады. Орталықта Әділет министрлігі, ал жергілікті жерлерде, өңірлерде – Халық депутаттары кеңесінің облыстық атқару комитеттерінің бөлімдері немесе басқармалары құрылды. Осы ретте, Зада Әкімбекұлы Қарағанды облысы әділет органдарының құрылуының бастауында тұрды. Сондықтан қазіргі кезде кеңінен танымал болған, Қазақстанның ХХ ғасырдың 80-90 жылдардағы заңгерлері өздерінің кәсіби жолын З.Ә.Қажыбековтің басшылығымен, тіпті оның тәлімгерлігімен бастады.
Қарағанды облысының заңгерлері мен барлық әділет саласы мамандарының, құқық қорғау органдарының арасында Зада Әкімбекұлының беделі орасан зор болды. Зада Әкімбекұлы облыстық әділет органын басқарған жылдары менің әкем милиция органдарында жұмыс істеді және отбасылары етене араласқан достар болды.
Университетті аяқтағаннан кейін маған З.Ә.Қажыбеков Әділет басқармасының басшысы болған кезде кәсіби қызметімді бастау бақыты бұйырды. Ол кездері әділет органдары соттардың қызметін үйлестіріп, кадр даярлау жұмысын ұйымдастырумен, қызметін бастаған судьяларды тағылымдамадан өткізумен айналысты. Осы жерде ерекше атап өтілуге тиіс ақпарат – Зада Әкімбекұлы сол кездегі қатал идеологиялық саясатқа кереғар, ашығын айтсақ, қарсы тұрып – бүкіл облыс бойынша кадр тағайындау барысында басымдықты үнемі ұлттық мамандарға беріп отырғанын білеміз. Сондықтан Қазақстанның батысынан да, шығысынан да, оңтүстігінен де, солтүстігінен де, еліміздің түкпір-түкпірінен келген көптеген талантты жас заңгерлік еңбек мектебін Қарағанды облысында бастап, кейін басқа өңірлерде жалғастырып, республикамыздың ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік құқық қорғау ұйымдарында абыроймен қызмет еткені әріптес мамандарға жақсы мәлім.
1981 жылы тағылымдамадан өткеннен кейін мен де Қарағанды қаласының Совет аудандық халық сотының судьясы болып сайландым. 1984 жылы Қарағанды облысы Нұра аудандық халық сотының төрағасы болып, Киевка кентіне, Зада Әкімбекұлының «кіші отанына» келдім. Мен ол жерде жұмыс істеген уақытта Қарағанды облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы болып отырған Зада Әкімбекұлы бірнеше рет келіп, біз отбасымызбен тығыз қарым-қатынаста болып, араласып тұрдық. Бұл қарым-қатынас маған адам ретінде, заңгер ретінде, сот ретінде көп нәрсеге үйретті. Осындай құрметті де зиялы адаммен сөйлескен әрбір күнім, әрбір сағатым өмір жолымда теңдессіз сабақ болды.
Ұстазымның отбасы көп балалы, тату-тәтті болды, ол кісі бес балаға білім беріп, қазақы рухта тәрбиеледі. Мен Ұстазымның балаларының көбімен әліге дейін жылы достық, жолдастық қатынастамын. Олар әкелерінің жүрегінің кеңдігі, жомарттығы, еңбекке, кәсіби және қызметтік, азаматтық міндеттемелеріне деген адалдық сияқты қасиеттерін бойына сіңіріп өсті.
Зада Әкімбекұлы Қажыбеков 2000 жылы бақилық дүниеге аттанды. 2002 жылы, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры кезімде маған Қарағанды қаласында Қазыбек би атындағы аудандық сот ғимаратына Зада Әкімбекұлына ескерткіш тақта ашу салтанатына қатысу бақыты бұйырды. Ол кісінің кезінде еліміздің прокуратура органдарының қызметіне қосқан үлесін ескере отырып, Зада Әкімбекұлы Қажыбековке «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» белгісін беру туралы бұйрық шығарып, аталған марапатты Ұстазымның отбасына – жеңгемізге табыстадым.
Зада Әкімбекұлы Кеңес дәуірінде Еңбек Қызыл Ту орденімен, КСРО Прокуратурасы мен Министрлігінің құрмет белгілерімен, «Қазақ КСР еңбек сіңірген заңгері» атағымен марапатталды. Ұстазымның ел алдындағы өлшеусіз беделін Халық депутаттары кеңесінің аудандық және облыстық депутаты болып бірнеше рет сайлануы да растайды. Ұстаз үшін ең басты марапат – шәкірттерінің тәлімгер алдындағы тағзымы, Абай хакімше айтсақ, ол туралы «Толық адам» ретінде толғаған тағылымға толы естеліктері деп білемін.
Рашид ТҮСІПБЕКОВ,
Парламент Сенатының экс-депутаты