Бурабай курорттық аймағындағы Кенесары ауылында Абылай ханның монументі салынады деп жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Кешен «Абылай Хан» монументі деп аталады, биіктігі 54 метр болады. Абылай ханның тақта отырған келбеті суреттеледі. Ханның асатаяғына жедел саты орнатылады, келушілер сол арқылы 20 қабаттық биіктікке көтеріліп айналаны тамашалай алады», - деді қоғам қайраткері Арман Шораев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ кешенде қазақ халқының хандық дәуірін суреттейтін мұражай, кітапхана, демалушыларға қажетті әлеуметтік нысандар болады деп күтілуде. Кешенді мемлекеттік бюджеттің қаржысына емес, қарапайым халықтың қолдауымен салу көзделіп отыр.
Сонымен қатар жобаны іске асыратын сәулетші, дизайнер, суретші, инженер, құрылысшы мамандар арасында халықаралық ашық конкурс жариялады. Яғни, Абылай хан кешенінің сызбалық нұсқасын жасауға әлемнің кез келген елінен үміткерлер қатыса алады.