• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Наурыз, 2020

Сарайшық – Ұлы дала мұрасы

1167 рет
көрсетілді

Өткен апта соңында елорда төрінде орналасқан Ұлттық архив ғимара­тын­да Мәдениет және спорт министрлігі «Сарай­шық» мемлекеттік тарихи-мәде­ни музей-қорығының ұйым­дас­тыруымен «Сарайшық – Ұлы дала мұраты: мемлекеттілік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Мұратұлы Рамазанов және Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары, елімізге танымал ғалымдар қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушы тарап бұл басқосуды Ал­тын Орданың 750, Қасым хан­ның туғанына 575, Қазақ хан­дығына 555 жыл толған тарихи даталар құрметіне орайластырып, Жошы ұлы­сы һәм Ноғайлы – Қазақ мем­ле­кетінің кіндік қаласы бол­ған Сарайшықтың тарихи­ маңызы, соңғы кездері жүр­гізілген археологиялық зерт­теудің нәтижелері, қазба ке­зінде табылған жәдігерлерді қалпына келтіру мәселелері, қала тарихына қатысты ар­хив­тік дереккөздердің жүйе­ленуі, сонымен қатар осы қалада орда тіккен Қасым хан­ның ұлт тарихында алатын орны туралы келелі кеңес өткізуді құп көрген сыңайлы.

Мекеме басшысы, тарих ғы­лымдарының докторы Әбіл­сейіт Мұқтар мырзаның ай­туын­ша, өткен жылы музей-қорықтың құрылғанына 20 жыл толу құрметіне орай қа­зан айында «Жошы ұлы­сы және Сарайшық: Қазақ мем­лекеттігінің бастауы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіп, оған Германия, Ресей, Түркия, Қытай елдері­нен оқымыстылар келіп қаты­сып­ты. Бүгінгі шара осының жалғасы іспеттес.

«Бүгінгі өткізіліп отырған шараның мақсаты: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде: «Алтын Орданың негізін қа­лаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет» деген тоқтамын жандандыру мақса­тында өткізіліп отыр», деді Әбілсейіт Қапизұлы.

 Империялық дәуірдің куәгері

Жиын барысында алғаш­қы сөз тізгінін бастаған тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әб­­жанов: «Сарайшық – Ұлы Да­ланың мұрасы һәм мұра­ты, халқымыздың импе­риялық дәуірді басынан ке­шіп отырған заманда пайда болған қала», дейді. Негізінен ал­ғанда Алтын Орда дәуірі хал­­қымыздың тұтас ұлттық біре­гейлікке ұмтылған тұсы. Демек Сарайшық осындай ұлы тарихтың куәсі және түркі тұқымдастарды біріктіруші фак­тор десе, келесі кезекте пікір айту мүмкіндігі бұ­йыр­­ған танымал археолог, тарих ғылымдарының док­то­ры Зейнолла Самашев: «Сарайшықтың ұлттық мә­дениет пен тарихта алатын ор­ны орасан зор. Бұл қала та­рихы Жошы ұлысының тағ­дырымен сабақтас. Хангелді Махмұтұлы айтқандай, Са­райшық біздің империялық ру­хымызды тіріл­тетін – се­ман­тикамыз. Сол себепті оған ұлы тарихтың, ұлы жол­дың бір пұшпағы деп қа­рауымыз керек. Ны­санға 1988 жылдан бастап қазба жұмыстарын жүргіздім. Ең қиыны, қала орналасқан аумақты су шаюдан сақтау шарасы еді. Бұл дүние өткен жылы шешімін тапты. Қазір зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуге мүмкіндік туды. Ол үшін ең алдымен кадр-ма­ман мәселесін шешу керек. Бұл істі Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­­верситеті базасында қол­ға алған жөн. Екіншіден, өт­кен жылдың соңында қабыл­данған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пай­да­лану туралы» заң аясында, алда атқарылуы тиіс қазба жұ­мыстары бұрынғыдай ретсіз жүргізілмей, қазыл­ған нысанды консервациялау ісі талап бойынша атқарылу керек», деді.

Расында Сарайшық – жоға­рыда ғалым ағаларымыз айт­қан­дай, Алтын Орда дәуірінде коммуникациясы дамыған, керуен жолы басып өтетін ірі ор­талық болғаны анық. Бұл туралы Әбілғазы баһадүр «Сарайшыққа Бұқарадан көп керуен келетін еді», деп жаз­ғаны бар.

 Ислам қанат жайған қала

Сонымен қатар Сарай­шық­та ислам діні кең қа­нат жайған. «Сарайшық» мем­­лекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорық басшысы Әбіл­сейіт Мұқтардың «Түркістан» га­зетінің 20 ақпан күнгі санында жариялаған мақаласында: «Сарайшық қаласы мұсылман дінін Жошы ұлысының мем­лекеттік діні деңгейінде кө­тер­ген рухани астанасы болды. Осында Берке хан мен іні­сі Тоқай Темір 1263 жылы мұ­сыл­ман дінін қабылдады», депті.

Дәл осы тақырыпты ке­ңейтіп баяндама жасаған Вис­консин-Мадисон уни­вер­ситетінің профессоры, На­зарбаев Университеті түр­кі­­тану және қазақ тілі ка­фе­драсының меңгерушісі Юлай Шамилоғлының сөзіне сүйен­сек, араб саяхатшысы Ибн Бат­тутаның дерегінде айтылатын «Бұл қалада түркіден шық­қан құрметті тақуа діндар Ата тұрады», деген пайымды «Бұл кісі Яссауи тарихатының ірі өкілі Сайт Ата болуы мүм­­кін», деген болжам айтты. Сол сияқ­ты Флоренция кө­песі Ф.Пегалотидің дере­гіндегі «Сарайшықтан Үрге­нішке дейін түйелі арбамен 30 күн жүрдік», дегені және жоға­рыдағы Ибн Батутаның «Біз Са­рай қаласынан ат арбамен 10 күн жүріп, Сарай-жук­ке келдік. Бұл Ұлысу деп ата­латын ағысы қатты өзен­нің жағасында гүлденген қа­ла екен. Әлемде  Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі кө­пір осын­да екен», деген дерек­терін Ю.Шамилоғлының аузы­нан естідік.

Сарайшық қаласы жайлы зерттеген тағы бір ғалым қа­рын­дасымыз Зибагүл Илия­сова қалаға қатысты жа­зыл­ған араб деректерін алға тартты. Оның пайымдауын­ша, 1250-1517 жылдары Мысыр және Шам жерінде билік құрған мәмлүктермен Алтын Орда арасында діни һәм туыс­тық тұрғыдан байланыс бол­ған. Яғни, бұл қарым-қа­тынастар 1261-1438 жылдар аралығында жүргізілген. Бұл жайлы 62 автордың де­рек-дәйегі бізге жетіп отыр. Бұлардың арасынан Мәмлүк сұлтанының сара­йында қыз­мет еткен оқымысты әл-Омари, ан-Нуайри, Қалқа­шан­дидің еңбегі зор. Ал Ба­т­у­та болса, Сарайшық би­леушілерінің салтанаты жайлы: «Әрбір қатын күймелі арбамен жүреді. Күйме ша­тыры алтын жалатқан сән­ді. Аттары жібек жабулы... Олардың әрқайсысының үс­тінде жібек киім, бастарында шошақ бөрік киген 4-5 қызметші әйел. Күйме со­ңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатын­ның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған...» деп суреттепті.

 Хандар жерленген – пантеон

Сарайшық қаласының ұлт тарихындағы тағы бір артық­шылығы – Жошы ұрпақ­тарының таққа отыратын саяси астанасы болғаны. Тарихи деректерде сайланған хандар «Алтын таққа» отырғаны жай­лы айтылады. Сонымен қатар Сарайшық – Жошы ұлы­сының даңқты тұлғалары, хан-сұлтандар жерленетін пантеон болған. Бұл жайлы венециялық монах Фра Маураның 1459 жылы жаз­ған еңбегінде анық айтыл­ған. Сондай-ақ қала орны­на археологиялық қазба жұ­мысын жүргізген Н.Арзю­тов пен Г.Пацевичтер бір ауыз­дан «Алтын Орда хандары Сарайшықта жерленген» деген пәтуа айтса, қазақ ғалымы Ә.Марғұлан 1524 жы­лы өмірден өткен атақты Қасым хан осы қалада жерленген деген тоқтам айтыпты.

Керекулік молда Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқандай, қа­зақтың аузын аққа тигізген Қасым хан ұлт тарихында орны зор тұлға. Биыл туғанына 575 жыл толып отырған қа­зақ тарихында «Қасым хан­ның қасқа жолы» деген мәң­гілік  мұра қалдырған Қасым Жәнібекұлы жайлы тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Атығаев баяндама жа­сады.

Әуелгі сөзін Қасым хан­ның ұлт тарихындағы рөлі жайлы айтудан бастаған ға­лым, Қазақстанның этни­калық аумағының қалып­тасуына ең үлкен еңбек сі­ңір­ген тұлға екенін айтып: «Тұлғаның еңбегі мен мұрасына адал баға бе­ру біздің міндетіміз. Осы уа­қытқа дейін ханның есімі беріл­ген бірде бір елді мекен, оқу орны, көше аты жоқ, ескеркіш те орнатылмады» деді. Сондай-ақ Қасым ханның дүниеден өткен жылына да әлі талас бар екен. «Тарих-и Рашидидің» 1969 жылғы Н.Мингулов жасаған аудармасында хан хижраның 924 жылы қайтыс болды десе, А.Урунбаев бастаған өзбек оқымыстылары жоғарыдағы еңбектің тағы бір нұсқасына сүйеніп Қасым хан хижра 924 (1518) жылы дүниеден өтті депті. Соңғы нұсқа дұрыс, – дейді Нұрлан Әділбекұлы.

 Сарайшықтың 1741 жылғы жоспары табылды

Жиын барысында айтыл­ған қуанышты жаңалықтың бірі орта­ға­сырлық Сарайшық қала­шығының 1741 жылғы жос­парының табылуы. Аталған тақырыпта баяндама жасаған Атырау облысы «Тарихи және мәдени мұраны зерттеу» орталығының жетекшісі Мұ­қам­бетқали Кипиевтің айтуынша, жоғарыдағы құнды құжат өткен жылы Ресей мем­лекеттік әскери-тарихи ар­хивінен табылған екен. Жос­пардың маштабы 50, бетіндегі мәтіндер ХVІІІ ға­сыр­­дың бірінші жартысында қолданған шапшаң жазу үл­гісімен берілген.

«Біздің ойымызша жос­пар ортағасырлық Сарай­шық қалашығының жаны­нан бекініс салу үшін жасал­ған. Өйткені, Орынбор комис­сиясын бас­қарған В.Тати­щевтің Жайық (Орал) қала­шы­ғынан төмен аумақты қор­ғау мақсатында қамалдар мен бекіністер салып, оған әс­кери полк және дворяндарды тарту жобасы 1739 жы­лы мақұлданғаны белгілі. Дәл осы жоба аясында бұл жоспар жасалған болуы мүм­кін», дейді Мұқамбетқали Кипиев.

Қалай десек те, бұл жос­пар көне Сарайшықтың тарихи топографиясын танып білуге таптырмас құнды ең­бек екені анық.  Мысалы, жос­парда Жайық және Са­ран­чинка өзендері ортасында орналасқаны, соны­мен қатар ішкі бекінісі «кремль», сыртқы қорғанды «бело город» деп атауы қа­ла құрылымын анықтауға мүм­кіндік тудыруда көрінеді.

 * * *

Осылай жарты күнге со­зыл­ған жиын соңында қа­тысушылар  төмендегі ұсы­ныстарды қабылдады. Атап айтқанда, Сарайшық му­зей-қорығы өткен жылы бас­таған Жошы ұлысына қатыс­ты ғылыми-зерттеу экс­пе­дициясын жалғастыру; Ал­тын Орданы ұлықтайтын ғы­лыми-зерттеу бойынша кон­курс жариялау; музей-қорық журналын шығару; «Ел билеушілері» аллеясын жасау; қазба жұмыстары барысында табылған сарай кешені, оның қақпасы, мазарын қалпына келтіру тағы басқа.

Осындағы ұсыныстарды қолдай отырып, өз ойын айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев, ат­қа­рылуға тиіс іс-шаралар өт­кен жылы қабылданған «Та­рихи-мәдени мұра объек­ті­лерін қорғау және пайдалану туралы» заң аясында жа­сал­ғаны дұрыс дегенді ай­тып: «Нақтырақ айтқанда, бұ­дан былай археологиялық қазба жұмыстар бұрынғыдай ретсіз жүргізілмеуі керек. Сон­дықтан осында айтылған ұсыныстардың атқарылу теті­гін анықтап, жұмысты жүйе­леген дұрыс», деді Бейбіт Бай­мағамбетұлы.

Басқосуды қорытын­ды­лаған Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Қарсақбайқызы да көпшілік қабылдаған ұсы­ныстарға қолдау білдіретінін айтып, бүгінгі шараның жоғары деңгейде өткеніне ри­зашылық білдірді. Сонымен қатар көпшілік қауым іс-шара аясында ұйымдастырылған «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы» атты жылжымалы көрмені тамашалады.