Кеншілер астанасындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнәр Құрбанбаева өңірдегі әрбір екінші кәсіпкердің аталған бағдарлама жобасының қатысушысы екенін мәлім етті.
Өткен жылы облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жобалар саны 200-ден 1 мыңға дейін өскен. Облыс тұрғындары ұсынған қызықты идеяларды кәсіпкерлер қызу қолдап отырған. Мысалы, бүгінгі күнге дейін өмір сүруді жақсарту бойынша 25-тен астам жоба меценаттар тарапынан қаржыландырылған және іске асырылған.
– Қайырымдылық акцияларға қатысатын әлеуметтік жобалар мен адамдар саны арта бастады. Әлеуметтік жобалардың көпшілігін меценаттар мен еріктілер жүзеге асырады. Яғни, 88 мың кәсіпкерлік субъектінің жартысы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын біздің белсенді кәсіпкерлеріміз, – деді Гүлнәр Құрбанбаева.
Сондай-ақ брифингте Қарағанды облысы әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Ең бірінші кезекте өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті ол.
– Биыл өңірде бірнеше жоба жүзеге асырылады. Мысалы, Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Абайдың інілері – қазақтың ірілері» атты поэзия күнін өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, биыл Қарағанды облысының «100 жаңа есім» анықталып, әр аудан мен қала бойынша көрнекті тұлғалардың тізімі жасалады. Қасиетті жерлердің сайты және оларға жолсілтемелер әзірленеді. Сонымен қатар «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумын өткізбекпіз, – деді Бекзат Алтынбеков.
Брифингке қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын биыл жарияланғанына үш жыл толған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы жұмыстарға жергілікті атқарушы билік тарапынан алдағы уақытта да айрықша мән берілетінін атап өтті.
ҚАРАҒАНДЫ