• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Наурыз, 2020

Жақсы аттанды демессің, сүйем десем...

342 рет
көрсетілді

Барлығымыз көптен күткен көктем биыл бесінші мәрте Алғыс айту күнімен басталып отыр. Бұл – кең-байтақ Қазақстанды мекен еткен барлық этностың осынау ұлы өлкеге шынайы риясыз сезіммен алғыс білдіретін, тәубе етіп, тағзым ететін күні.

Мен – өмірін ұстаздыққа арнап, жан шуағын осы жолдан тапқан бақытты адаммын. 40 жыл ұстаздық еттім. Шәкірттеріме, балаларым мен немерелеріме қазақ даласының қилы тарихы мен бай мәдениеті, салт-дәстүрі туралы үнемі айтып отырамын. Біздің аталарымыз Қазақстанға ХІХ ғасырдың 80-жылдары келіпті. Содан бері, міне, әулетіміздің бесінші ұрпағы жалғасып, осы киелі топырақта тер төгіп, еңбек етіп, баянды ғұмыр кешіп келеміз. Өз басым жусан иісі аңқыған боз даланың бір шетіндегі бұ­йы­ғы тіршілік кешкен шағын ғана ауылда бой жеттім. Кейін жоғар­ы білім алып, еңбекке ара­ластым. Тұрмыс құрып, ана ата­нып, әйел бақытын сезіндім. Енем марқұм үш мәрте «Құрмет белгісі» орденін алған еңбекқор адам еді. Атамның қазақ достары көп болатын. Содан болар ол кісі қазақ тіліне де жетік бол­ды. «Анау қазақ көршім бол­ма­ғанда, мен баяғыда өліп қалатын едім. Көршім құтқарып қалды. Ол болмағанда, бұл күнді көрер ме едім, көрмес пе едім» деп отыратын еді жарықтық.

Бүгінгі шуақты мерекеде мен қазақ халқына өз алғысым­ды біл­діргім келеді. Тәуелсіздік ал­ған 30 жылға жуық уақыт ішінде тілі һәм түрі басқа болса да, тілегі бір арнаға тоғысқан жүз­д­ен астам этнос өкілі кие­лі Көк байрақ­тың астында тату-тәтті бейбіт өмір сүріп келе­­ді. Бұл, ең алдымен, осы елді ежелден мекен етіп келе жат­қан қазақ халқының пар­асаты мен дархандығының арқ­асында орнаған игілік деп ойлаймын.

Алғыс айту күні – Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев негі­зін қалаған татулық пен тұ­рақтылықтың мерекесі, бір­лік пен берекенің белгісі. Тұңғыш Президентіміз бұл мерекенің мән-маңызы туралы «Осынау айту­лы күні қиын-қыстау жыл­дары адамгершілік пен иман­дылық үстемдігінің жадымызда болуы Қазақстан халқын бі­рік­тіреді. Мейірімділік, өзара кө­мек және бір-біріне деген құ­рмет қазақтың киелі то­пы­рағында күллі қазақстан­дық­тарды көздің қарашы­ғын­дай сақтайтын әрі мақтан тұта­тын достық пен өзара түсіну­ш­ілік бірегей атмосферасын қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Өз отандастарымызға және туған өлкеге деген кіршіксіз алғыс се­зімі бұл мерекеге ерекше те­рең мағына береді. Сондық­тан Алғыс айту күнінің басты мә­ні – тарихи жадыны сақ­тау, ұр­пақ сабақтастығы мен ір­гесі берік негіздегі ел бірлігін ны­ғай­т­у», деп еді. Біз осыны ұмыт­­­пауы­мыз керек. Өйткені Қазақ­­­стан­да тұратын халықты ырыс-ын­тымаққа үндейтін бұл ме­­ре­­ке елімізге аса қажет. Себебі қа­зақ жеріне сұрапыл соғыс­тың алдында да, одан кейін де қо­ныс аударғандар көп. Қазақ­тар олар­дың ешқай­сы­сының кеу­десінен итерген жоқ. Қиын кезең­де киім беріп, бауырына тар­тып, адал дәмін, достық жү­регін ұсынған халыққа бір күн ғана емес, ай са­йын, тіпті, апта са­лып алғыс айтсақ та артық емес.

Бүгін жүзден астам этнос­тың алтын бесігіне айналған Қазақ­стан атты ұлы Отанға тағзым етіп, тізе бүгіп Көк туды сүйе­­тін күні. Ақын Мұқағали Мақа­­таевтың «Жақ­сы аттанды демессің, сүйем де­сем, Табынатын тәңірім, ием де сен!» дейтін өлең жолдары бар. Мені жақсы аттанды деп о­й­­л­а­­­­маңыздар! Мен Қазақ­ста­ным­­­­ды, оның халқын, тауы мен та­­сын, өзен-суын байтақ дала­­сын, саф ауасын шынайы сүй­ген адам­­мын! Жүрегімді толқ­ы­тып тұра­тын осы бір ұлы сүйіспен­ші­лік үшін баршаңызға Алғыс айтамын!

 

Александра СУСЛОВА,

облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

 

Қостанай облысы