Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу шаралары талқыланды. Сондай-ақ сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы қаралды.
Әлемде 88 571 адам вирус жұқтырған
Індетке қарсы іс-әрекет жоспарымен таныстыру үшін Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов пен Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б.Қамалиев, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов баяндама жасады.
Е.Біртанов дүние жүзі бойынша COVID-19 пневмониясына шалдыққан 88 571 адам тіркелгенін, күн сайын өсу деңгейі 2,25%-ды құрайтынын айтты. Соның ішінде Қытайда 80 174 адам ауруға шалдыққаны анықталып отыр. Аурудан жазылып шыққандар саны – 44 518 адам. Стационарларда әлі де 32 741 науқас ем алуда. Қытайды қоспағанда, басқа елдерде 8 397 адам коронавирус жұқтырған. Науқастардың көбі Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Жапония елдерінде тіркелгені анықталып отыр.
– Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бастап елімізде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша күшейту жұмыстарын үш кезең бойынша іске асырды, – деді Е.Біртанов.
Бірінші кезеңде шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, арнайы жаттығулар өткізілді. Бұдан өзге, ҚХР-дан келген адамдарға медициналық мониторинг жүргізілді. Жеке қорғану, сырқаттың алдын алу және емдеу құралдарының қажетті қорлары жасалды. Сонымен қатар халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. 31 қаңтардан бастап күшейту шараларының 2-кезеңі басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес барлық шекаралардағы санитарлық-карантиндік пункттерге қосымша 150 санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманы жіберілді. Сонымен қатар клиникалық емдеу хаттамасы және эпидемияға қарсы іс-шаралар алгоритмдері бекітілді. 20 ақпаннан бастап министрлік инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің 3-кезеңін іске қосты.
– Коронавирус инфекциясының таралу қаупінің деңгейіне байланысты елдерді үш санатқа саралау бойынша әдістеме әзірленіп, енгізілді. Қауіп деңгейіне байланысты, коронавирустық инфекция таралған елдерден келген адамдарға тиісті медициналық мониторинг орнатылды, – деді Е.Біртанов.
Үкімет отырысында белгілі болғандай, биылғы 1 наурыздан бастап министрлік күшейтудің төртінші сатысын енгізді. Онда қауіпті саналатын бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасымен қатар, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг (ҚХР), Тайвань (ҚХР) және Макао (ҚХР) жатқызылды.
– Қытай мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылады, ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн ішінде медициналық бақылауда болады, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Бірінші санатқа кірмейтін елдерден келген азаматтар 14 күнге тұрғылықты жері бойынша карантинге орналастырылады. Бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге ауыстырылуы мүмкін. Үшінші санаттағы елдерден келген азаматтар 24 күн ішінде қоңырау шалу әдісімен қашықтан бақыланады.
Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде санитарлық бақылауды күшейтіп, миллионнан астам адамды тексерді. Бақылауға 30 мыңнан астам адам алынған. Бүгінде инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты азаматтардың басым бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де медициналық бақылауда.
– 6 қаңтардан бастап осыған дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық вирус инфекциясымен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 166-ы жазылып шықты. Қалған 20 адам стационарда ем алуда. Коронавирус инфекциясы диагнозы расталмады, зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша ауру тіркелмеді, – деді Е.Біртанов.
Сырқаттардан алынған сынамалар Ресей, Қытай және отандық өндірістің тест-жүйелерімен зерттелген.
Қытайдан 480 адам эвакуацияланды
Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз кезегінде министрлік жедел шараларды қабылдау мақсатында коронавирус инфекциясының таралуына қатысты ахуалды ерекше бақылауда ұстап отырғанын айтты.
– Мәселен, коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдердегі шетелдік мекемелерімізде жедел штабтар құрылды, біздің азаматтарды эвакуациялау бойынша іс-әрекеттер алгоритмдері қабылданды және консультациялар беру мақсатында «жедел желілер» ашылды. Бүгінде Қытайдан 480 қазақстандық эвакуацияланды. Қытаймен тұрақты әуе рейстері, жаяу жүру бекеттері, темір жол/автомобиль арқылы жолаушы тасымалы тоқтатылды. 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап Қытайдағы барлық шетелдік азаматтарға виза беру тоқтатылды. Биылғы 5 наурыздан бастап Әзербайжанмен әуе рейстері қысқарады және Иран азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынады, – деді министр.
Министрлік келтірген мәлімет бойынша індет қаупі жоғары елдерде 95 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Оның 35 мыңы – Кореяда, 40 мыңы – Америка Құрама Штаттарында, 5100 – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 5000 – Германияда, 3000 – Ұлыбританияда, 1800 – Италияда, 1000 адам Францияда. Басым бөлігі – студенттер, еңбек мигранттары, шетелдегі мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, туристер мен бизнесмендер.
Негізгі баяндамалардан кейін Премьер-Министр Асқар Мамин вирустың 50-ден астам елге таралып үлгергенін, елімізде барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет екенін айтып, бірқатар тапсырма жүктеді.
Ішкі саудадағы кедергілер анықталды
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына арналды. Тұжырымдаманы Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов таныстырды. Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің өкілі Ш.Рахарджа мен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов елімізде сауданы дамытуға қатысты баяндама жасады.
Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, ішкі саудада бірқатар басы ашық мәселелер бар. Саланың тиімді дамуына заманауи сауда форматтарының аздығы, сауда алаңдарының жетіспеушілігі, тиімді қойма орындарының шектеулігі кедергі келтіруде.
– Бұл проблемалар делдалдардың ұзын сонар желісін туындатады. Тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді. Соның нәтижесінде бүгін біз азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығынға ұшырағанын байқаймыз. Сондай-ақ ішкі нарықта шетелдік тауарлар көлемінің басымдығы және сапасыз өнімдердің таралуы жағдайды ушықтырып отыр, – деді министр.
Оның айтуынша, бүгінде әлемдік сауда үшін басты қатерлердің бірі – саудалық протекционизмді күшейту. Бұл Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауы бойынша жаһандық тауар айналымының 9%-ға қысқаруына соқтыруы мүмкін.
– Жалпы алғанда, талдау нәтижесі бойынша өндіруден өткізуге дейінгі тізбекте туындайтын бірқатар проблеманы шешу тұтастай сауда жүйесінің қалыптасуына алып келетінін көрсетеді. Қазірдің өзінде индустрия- лық-инновациялық даму мен Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламалары, Бизнестің жол картасы-2025, Қарапайым заттар экономикасы бар. Олар өндірістің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Сауда министрі.
Дүниежүзілік банктің өкілі Ш.Рахарджа елімізде сауданы дамыту мәселесінің өзектілігі мен тәсілдері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, сауда – табысты дамудың негізгі бағыты. Әсіресе аумағы үлкен, бірақ ішкі нарығы салыстырмалы түрде шағын Қазақстан үшін аса маңызға ие сала болмақ.
– Сауда бизнеске үлкен нарыққа, жоғары сапалы тұтынуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл табыстың өсуін сақтау үшін қажет, – деді Ш.Рахарджа.
Тақырыпты қорытындылау барысында Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне осы жылдың 1 шілдесіне дейін Мемлекеттік бағдарламаның жобасын Үкіметке енгізуді қамтамасыз етуді, орталық және жергілікті атқарушы органдарға осы құжатты әзірлеуге белсене қатысуды тапсырды.
– Құжатта қолайлы тұтыну ортасын құруға, халықты сапалы және қауіпсіз тауарлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бағдар орнатылуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық мүдделерді қорғау және ілгерілету әзірленіп жатқан бағдарламаның басты мақсаттарының бірі болуы керек, – деді А.Мамин.