Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы жетілдіру бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Іс-шара барысында митинг туралы жаңа заң жобасы кеңінен талқыланып, қоғам белсенділері өз ойын ортаға салды.
Дөңгелек үстелдегі негізгі баяндаманы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жасады. Заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылау еліміздің бірқатар өңірінде өткенін еске салған министр орынбасары қоғам белсенділері мен заңгерлер айтқан пікірдің ескерілгеніне тоқталды.
«Заң жобасын қоғамдық тыңдау барысында және оны «Ашық дерек» порталына орналастырылғалы бері осыған қатысты 261 пікір келіп түсті. Олардың басым бөлігі митингіні өткізуді хабарлама түрінде жүргізуге, арнайы орындарға, бейбіт шерулер кезінде журналистердің құқығына, бейбіт жиынға рұқсат етпеу тәсілдеріне бағытталған», деді Д.Есин.
Вице-министрдің айтуынша, бейбіт жиындар өткізу үшін хабарлама берілсе жеткілікті. Алда-жалда жергілікті атқарушы органнан жауап келмесе, оған келісім берілді деп есептелінбек. Сондай-ақ мұндай іс-шараларды өткізуге арнайы орын бөлінеді.
Д.Есин арнайы орынға ерекше тоқталды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев митинг өткізуге арналған мекен қаланың сыртында болмауына екпін берген еді. Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, заң жобасын әзірлеу барысында бұл мәселеге де мән берілген.
«Арнайы орындарды белгілеп, оларды қолдану тәртібін нақтылау барысында бейбіт жиынның мақсатына қол жеткізуге жағдай жасалуы тиіс. Ұйымдастыруға қолайлы, қоғамдық көлік баратын, инфрақұрылымы ұйымдастырушылар мен қатысушылар қолдануына ыңғайлы болуы қарастырылады», деді Д.Есин.
Яғни, митинг өткізілетін орын қаланың ішінде, көпшілік көретіндей жерде белгіленеді. Бұл – бейбіт жиынды да өткізуге, қала тіршілігіне кедергі келтірмеуге мүмкіндік бермек.
Қоғамдық тыңдау барысында белсенділер көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Оларды мұқият тыңдаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев сауалдарға рет-ретімен жауап берді.
Мәселен, дөңгелек үстел қатысушылары заң жобасында көрсетілген бейбіт митингіге қатысушылар саны туралы тармаққа келіспейтінін жеткізген. Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жауапты мекеме аталған мәселені қайта қарамақ.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сұхбатында бейбіт жиындарға қатысушылардың санын 250 адам деп шектеуді енгізу жөнсіз екенін айтты. Біз осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – біз үшін тапсырма іспетті», деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар Д.Абаев заң жобасына қатысты айтылған сын-ескертпелердің бәрі мұқият зерделенетінін, алайда оған уақыт қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Парламенттік талқылауда да депутаттар заң жобасына өзгерістер енгізетінін жеткізді.
«Кей әріптестеріміз өздері жазған, айтқан ұсыныстардың кейбірі заң жобасына енгізілмегенін айтып наразылық білдірді. Бірақ бұл – бір-екі күндік немесе бес минуттық шаруа емес. Мемлекеттік органдармен белгілі бір келісімдер, процедуралар жасалады. Бұл – айтарлықтай ұзаққа созылатын процесс. Сіздер айтқан ұсыныстардың бәрі ескеріледі. Заң жобасы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Біз заңгерлер мен мемлекеттік органдардың ғана емес, ойын білдіргісі келетін, соның ішінде митинг арқылы білдіргісі келетін Қазақстан азаматтарының мүдделерін ұмытпауымыз керек», деді министр.
Заң жобасын талқылау барысында саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров мұндай қоғамдық тыңдаулар азаматтар мен биліктің қарым-қатынасының жаңа моделін жасайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ заң жобасына айтылған сынға қатысты өз пікірін жеткізді.
«Сын еліміздің қоғамдық өмірінің бір бөлігіне айналуы керек екенін түсінуіміз керек. Біз оған үйреніп, оны қабылдауымыз қажет. Сын бұрын да болған, қазір де бар және бола да береді. Менің ойымша, бүгінгі таңда заң жобасын талқылаудың өзі азаматтар мен билік қарым-қатынасының жаңа моделін жасайды», деді Е.Саиров.
Саясаттанушы Е.Саиров Президент Қ.Тоқаевтың заң жобасы жөніндегі пікірін туиттер парақшасына жазғанын, бұл – құқықтық құжаттың маңызын көрсететінін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы кеше ғана туиттер парақшасында заң жобасы бойынша өз пікірін білдірді. Бұл өте маңызды. Заң жобасын азаматтар ғана емес, Мемлекет басшысы да талқылайтынын көріп отырмыз. Бұл заң біздің көз алдымызда өзгеріп, жаңа сипатқа алып келе жатыр деп санаймын. Талқылауға қатысатындарға «Митингіге 251 адам келсе не болады?» деген сұрақ қоямын. Мұндай сұрақтарға нақты жауап берілуі тиіс. Заң бойынша қатысушылар саны артып кетсе, митинг тоқтатылуы міндетті. Бұл мәселені әлі де жан-жақты жетілдіріп, қатысушылар санын қайта қарастыру қажет», деді Е.Саиров.
Ал «Қарағанды облысының кәсіподақтары» облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Жанна Уәлиева 18 жасқа толмағандардың митингілерге қатысуына қарсы екенін жеткізді. Оның айтуынша, қатысушылар жасын төмендету әкімшілік не қылмыстық жазаға тартылған балалар саны артып кетуіне әкелуі мүмкін.
«Заңда «қатысушы» деген ұғым бар. Қатысушы – 18 жасқа толған адам. Неге қатысушының жасы төмендеуі тиіс? Бұған сақтықпен қараған жөн. Біз балалардың қатысуына қарсымыз. Олар ҰБТ-ға дайындалудың орнына, митингілерге барып, өз пікірлерін айта ма? Ұйымдастырушылар балаларды басқа мақсатта қолдануы мүмкін.
Егер біз балаларға 14 жастан бастап бейбіт шеруге қатысуға рұқсат етсек, осы жастағы балалар норманы бұзғаны үшін жауапқа тартылатынын түсінгеніміз абзал. Сонда бізде 14 жастағы сотталушылар көбейіп, олар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма?» деді Ж.Уәлиева.