• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Наурыз, 2020

Жетісу спортшыларының жеңісті жолы

586 рет
көрсетілді

Ұлт спортының әлем алдындағы даңқын асырып жүрген қажырлы ұл мен қайраттың қыздардың жанқиярлық еңбегін жанкүйер қалт жібермей бағып отырғаны анық. Тіпті, отандық спортшылардың жеңіс пен жетістікке толы тарихына атын алтын әріппен жазған саңлақтармен мақтанған ләзім.

Осы ұлт спортының ілгері жылжуына үлес қосушылар қатарында Жетісудың суын ішіп, топырағанынан нәр алған бір шоғыр топ бар. Былтыр облыс спортшылары барлық жарыс түрлерінен 2537 медаль жеңіп алып, жанкүйерлерін қуантыпты. Саңлақтардың даңқы мен жеңісі 906 алтын медаль, 709 күміс күміс және 922 қола медалмен бағаланған екен. Бір жыл ішінде спорттағы қарымы мен қуатын дәлелдегендердің қатары да өсіпті. Олардың қатарында 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 34 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 173 спорт шебері, 998 спорт шеберіне кандидат, 922 бірінші разрядты спортшы атағын қорғап шыққан. Маңдай тердің өтеуіне қарай, 108 үздік нәтижеге қол жеткізген спортшыға ай сайын берілетін арнайы стипендия тағы бар. Оның ішінде 28 адам шектеулі мүмкіндігіне қарамастан топ жарып жүрген қайсар спортшылар қатарынан екен.

Алматы облысы әкімдігі тарапынан спортшыларды қолдауға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Соның дәлелі ретінде жақында облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі спорт саласының үздіктерін марапаттады. Олардың арасында XXXII жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алғандар, 2019 жылы өткен Әлем және Азия Чемпионаттарының жүлдегерлері, жаттықтырушылар мен журналистер де бар. Соның ішінде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионаттарында топ жарған Алматы облыстық № 1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеңістерін облыс әкімі ерекше ықыласпен атап өтіп, жылы лебізін білдірді.Бұл мектеп-интернат Алматы қаласында орналасқан.

Жалпы, облыс спортының аяқ алысын «Жетісу» футбол клубының ойындарынан, кілең қыздардан құралған «Жетісу» волейбол командасының жеңісті жолынан, көгалдағы хоккей, гандбол сияқты басқа да спорт түрлеріндегі жетістіктерге қарап оң бағалауға болады. Жиында аймақ басшысы «Жылдың ең үздік спорт мекемесі» атанған Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне, № 1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және федерациялар арасында үздік деп танылған Алматы облысының волейбол федерациясына облыс әкімінің дипломы мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Сол сияқты халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін елугеге жуық спортшы мен жиырмадан астам жаттықтырушыға және спорт тақырыбын насихаттаушы БАҚ өкілдеріне де 150-300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық сертификаттары берілді.

Аймақта кәсіби спорт түрлерін дамыту ісінен бөлек бұқаралық спорттың бәсін арттыруға бағытталған шаралар бір төбе екен. Бұл жұмыстар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай, дені сау ұлт қалыптастыру талаптарын орындауға орайластырып іске асырылып отыр.

- Бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау үшін аудандар мен ауалдардан спорт кешендерін көптеп ашуымыз керек. Ол үшін бұрыннан барын күрдерлі жөндеп, спорт нысандары жоқ елді мекендерде жаңадан салуды қол алудамыз. Былтыр Қарасай ауданының Шамалған ауылында Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Кеген ауданының орталығында да «Нұр-Аман» дене шынықтыру-сауықтыру кешені жаңадан іске қосылды. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылынан да спорт кешенін салып жатырмыз, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ, облыста «Ауыл ел - бесігі» бағдарламасымен Ескелді, Балқаш, Көксу, Ұйғыр аудандарында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары басталған. Нәтижесінде, Алматы облысында 2021 жылға дейін осындай 20 спорттық кешен пайдалануға беріледі деген жоба бар. Ал Талдықорған қаласында ТМД аумағында теңдесі жоқ жабық жүзу бассейнінің құрылысы жүріп жатыр. Күніне 750 адамға бірден өызмет көрсететін бассейн қаланың көрікті де көрнекті нысандарының бірі болмақ. Қазір бұл нысанда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.

Биыл Жетісу спортшылары үшін жеңіс жолын жалғастыруға мүмкіндік мол. Бұйырса, Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиа ойындарына қатысушылар қатарында облыс өкілдері де бар. Дүбірлі додаға Алматы облысының саңлақтары 6 жолдама жеңіп алған. Мәселен, садақшылар Санжар Мусаев Денис Ганькин мен Ильфат Абдуллин Қазақстанның намысын Токиода қорғауы тиіс. Спорттың садақ ату түрі бойынша да бір командалық жолдама облыс қоржынында. Жеңіл атлет Айман Ратова мен грек-рим күресінен сынға Асхат Ділмұхамедовке жетісулық жерлестеріә сенім артады.

Айтпақшы, аймақтың маңдайға басқан футбол командасы өткен жылды ел чемпионатындағы ойындарда бесінші орынды қанағат тұтқан еді. Алайда «Жетісу» спорт клубының бұл көрсеткішін жанкүйерлер мен спорт журналистері місе тұтқан жоқ. Олар команданың чемпион болуы үшін барлық жағдай жасалса да, футболшыларға шеберлік пен патриотизм жетіспейді деген пікірде. Мәселен, «Жетісу» клубындағы ойыншылардың дені легионерлерден құралған екен.

- Соңғы уақытта Премьер-лига қатарынан жетісулық жерлестерді байқай алмай жүрміз. «Жетісу» командасының өзінде талдықорғандық футболшылар саусақпен санарлық. Олардың орнын өзге өңірден, болмаса сырттан келген ойыншылар алмастырған. Қазір команда сапында бар болғаны «жетісулық» екі ойынша жүр. Айбар Жақсылықов пен Рауан Орынбасар. Қалғандарға орын жоқ. Мәселен, Айбар өткен маусымда 24 ойын өткізіп, 6 гол соққан. 33 турда 678 минут ойнаған. Егер Айбардың статистикасына үңілетін болсақ, алаңдағы ең көп көрсеткіші 90 минут. Қалғаны кездесудің ортасында алмасқан. Мұны футболдың заңдылығы деп атайық. Дегенмен де, жетісулық жалғыз ойыншы кімнің көңілін жамайды? Тағы бір футболшы Рауан Орынбасар алаңға мүлде шықпаған. Команда басшылығы тарапынан тек жергілікті ойыншы болу керек деген әңгіменің орнын толтыру үшін команда сапына енгізіп, маусым бойы алаңға шығармағаны байқалады, - дейді спорт журналисі Ришад Тұрғанбаев.

Жалпы, үлкен спортқа бөлінген мол қаржыны сырттан ойыншылар жалдауға бағыттауды тоқтату қажеттігі жақында Парламент қабырғасында да көтерілген болатын. Осы жағдай Алматы облысында да орын алған сыңайлы. Спорт журналисі өткен маусымдағы ойын кезінде бірінші және екінші лигада ойнаған футболистердің жартысынан көбі басқа командалардан келісім-шартпен келген ойыншылар болғанын айтады. Ол және бұл ойыншыларды жатын орынмен қамту үшін қымбат қонақ үйден орын дайындалатынын да алаңдаулы. Яғни, «Жетісу» футбол клубының басшылығы сырттан алдырған спортшылар үшін ақылға сыймайтындай жомарттық көрсетіп отырған көрінеді. Ал клубтың қаржылық бюджеті 3 миллиард теңгеге жетіп отыр.

- Мейлі, команданың ақшасын санау біздің құзырымызға жатпайды. Бірақ, бұған патриотизм тұрғысынан қарауға мәжбүрміз. Жігіттерге обал. Кейде «Жетісудан шыққан футболшы жоқ па?» деген ойға қаласың. Олар бар, олар өзге өңірлерде доп теуіп жүр. Мәселен, Жетісу футбол мектебінен қанаттанған Серікжан Мужиков, Берік Шайхов, Рафхат Аслан секілді үздіктеріміз өзге клубтарда. Басқалар да өз облысының негізгі құрамынан орын таппағансын басқа клубтарға ауысуға немесе футболдан кетуге мәжбүр болды. Мысалы, 2018 жылы Еламан Бейсембаев, Нұржан Жеңісбеков, Дидар Марленов, Шыңғысхан Кенжебеков, Асылбек Қапановтар нағыз шиыршық атқан шағында командаға шақырту алмағасын футболды мүлдем тастап кетуге мәжбүр болды. Былтыр Әлібек Батырбеков, Сарқыт Иманғазы да алдыңғы әріптестерінің кебін киді. Биыл Еркебұлан Мұсабеков, Рахат Отызбаев сияқты ойыншылар басқа командаға ауыспақшы, - дейді спорт журналисі Ришад Тұрғанбаев.

 

Алматы облысы