Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызмет саласындағы гендерлік теңдіктің сақталуы, саяси қызметшілер мен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бағыныстағы қызметшілерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстары үшін жауапкершілігі мәселелеріне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаменті директорының орынбасары Думан Әбілев мемлекеттік қызметте басқарушы лауазымдарда 9,5 мыңнан астам әйел қызмет ететінін мәлімдеді. Бұл басшылардың жалпы санының 40%-ын құрайды.
Атап айтар болсақ, министрлердің орынбасарлары 14,3%, өңір әкімдерінің орынбасарлары 7,1%, орталық мемлекеттік органдардың комитеттері төрағаларының орынбасарлары мен департаменттердің директорлары 29,2%, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары 12,8%, облыстық басқармалардың басшылары – 15,3%, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары 15,1%-ды құрайды.
Агенттік конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізеді. «Бұл мемлекеттік қызметке орналасуға тең мүмкіндік жасаудың маңызды шарты. Кандидаттардан конкурстық комиссияның шешіміне шағым түскен жағдайда заңнаманың сақталуы тұрғысынан тексеру тағайындалады», дейді Д.Әбілев.
2019 жылы жүргізілген конкурстарға 52 144 адам қатысқан, бұл ретте мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдіргендердің 24 028-і – әйелдер. Конкурс нәтижесінде тағайындалған әйелдердің үлесі – 46,2 % (22 520-дан 10 397).
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру барысында гендерлік тақырыпқа назар аударылады. Мысалы, мемлекеттік органдардың кадрлар бөлімдерінің басшыларын оқыту жүйесіне халықаралық оң тәжірибе негізінде әзірленген жұмыс пен отбасын байланыстыру бойынша тақырыптық сабақтар енгізілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңның мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы мәселесі бойынша ережелері 2019 жылдың 10 желтоқсанында қолданысқа енгізілгенін мәлімдеді.
«Осылайша отставкаға кету туралы міндет өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған қызметкерлердің басшыларына және саяси қызметкерлерге қолданылады. Мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткеннен кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетеді.Қазіргі таңда Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірледі.Президенттің тапсырмалары негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді», деді маман.