Әсілі, әйел затының қолы тиген жер әдеміленіп, гүлдеп сала бермей ме? Осы ұғым іскерлік саласына да жат емес. Яғни, кішігірім сауда-саттықтан бастап ірі бизнестің тізгінін ұстап, ісін ілгерлетіп отырған нәзік жанды ханымдар қатары көп болса керек. Мысалы, Алматы облысында тіркелген 50 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанының иесі қыз-келіншек екен. Ал аймақтағы 2 миллионнан астам тұрғынның 50,5 пайызын әйелдер құрайды.
Дерекке үңілсек, кейінгі жылдары шағын және орта бизнес саласына қадам басып, жеке кәсібін ашуға ынталы әйелдердің қатары өсе бастапты. Бұған мемлекет тарапынан қабылданған түрлі қолдау бағдарламаларының көбейіп, адамдарды кәсіпке баулу мен нәтижелі еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстың жолға қойылуы да әсер етіп отыр. Осыны ескерген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлерден іс бастаған әйелдерді қолдаудың жаңа жүйесін жасап шығарыпты. Былтыр палата жанындағы іскер әйелдер кеңесінің басшылары қыз-келіншектердің кәсіп бастауына қолдау білдіретін қор құрған. Бұл қор іс бастауға ынталы нәзік жандыларға микрокредит беру тетігін жасап, барлық кәсіпкерлер үшін жалпы қаржыға қол жеткізу мәселесін шешуге мүмкіндік Әсіресе, инвесторлармен меморандумдар жасауға мұрындық бола бастағаны қор жұмысының қажеттілігін көрсетіп отыр.
- Аймақта басымдыққа ие секторларға арналған бизнес-жобаларды іске асыру үшін мақсатты қарыз беру жүйесі жолға қойылды. Бұл кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің бастамасы еді. Яғни, 3 миллиард теңгеге дейін көлемдегі жарғылық капиталды қажет ететін жобаларға қатысуға ниетті кәсіпкер әйелдерге жеңілдетілген несие берудің бірінші кезеңі іске қосылды. Қазірге дейін іскер қыз-келіншектен түскен төрт жүзге жуық өтініш қаралып, 274 әйел ұсынған жоба мақұлданды. Берілген несие сомасы 2 миллиард теңгені құрайды, - дейді іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Рима Салықова.
Сондай-ақ, Жетісудағы іскер әйелдер қатарының көбеюіне «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында берілген қолдау қаржы да оң ықпал етіп отыр. Өткен жылы осы бағдарламаға 242 нәзік жанды кәсіпкер қатысып, іріктеуден өткен 88 жобаны қаржыландыруға 141 миллион теңге грант бөлініпті. Ал аймақ бойынша шағын және орта бизнеспен айналысушылардың жалпы саны 122 мыңнан асқан.
Осы бағдарламаның арқасында өз кәсібін жолға қойған іскер әйелдің бірі – Наталья Рыбченко. Жеке кәсіпкер «Бизнес кеңесші» онлайн курсына қатысып, іскерліктің қыр-сырын меңгерген. Сосын өз жобасын жасап, бизнес-жоспар құрып қаржы іздеуге көшкен. Сөйтіп, Кәсіпкерлер палатасына барды. Мұндағы комиссия мүшелері Наталья ұсынған балалар текстилі жобасын бірден қолдады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1,5 миллион теңге грант иеленді.
- Сәбилерге арнап таза матадан тігілген киім-кешек, жұмсақ ойыншықтар, бөлмені әрлеп, безендіретін заттар әрқашан сұранысқа ие. Мен мұны кіші балама босанған кезде ұқтым. Елімізде бала бөлмесін жабдықтауға кететін текстил өнімі жоқтың қасы екен. Дайын заттар Қытай мен Ресейден тасымалданады. Бірақ бағасымен сапасына кепілдік жоқ. Сосын «Неге осындай өнімді өзіміз жасамасқа. Қолымыздан келмей ме?» деген ойға келіп, тәуекел еттім. Нәтиже жаман емес, - дейді «Diaman-metall» балалар текстилі шеберханасының иесі Наталья Рыбченко.
Ашылғанына 3 айдан енді асса да «Diaman-metall» дайындаған өнімге сұраныс берушілер бар екен. Таза матадан тігілген балалар киімі мен ойыншықтарға қызығушы көп. Талдықорған қаласы бойынша тапсырыс берушілер қатары арта түскен. Демек, отандық өнім өндірушінің қатары тағы бір жаңа шеберханамен толықты деуге негіз бар. Бастысы, бағасын тұрғындардың қалтасы көтеретін, сапасы импорттан бір кем емес заттардың көбейгеніне қуану керек.
Іскерлік пен ісмерліктің үлгісіне айналған әйел қауымы ауылдар да жетеді. Мысалы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылынан «Ақиқат» деген атпен аяқ киім тігетін цех ашқан кәсіпкер ана Орынгүл Баратжан сондай тәуекелшіл жан екен. Оның өндірісі 2014 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Жыл сайын 1000 дана етік тігіп, 7000 пар аяқ киім тігуді мақсат еткен. Ол орындалды да. Ойлап қарасақ, Орынкүлдің қарекеті көп жанға үлгі болатындай. Қазір мүмкіндігі шектеулі әйел былай тұрсын, қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін ер-азаматтың өзі қол қуысырып үйінде жатқан жоқ па? Ал Орынкүл өмірлік серігіне арқа сүйеп, алға қадам басудан шаршамады.Отбасында 4 бала өсіп келеді.
- Алғашында ауылдан аяқ киім жөндейтін орын ашқанда бізге күліп те, күдікпен де қарағандар көп болды. Шынымен біздікі тәуекел еді. Нарынқолда етік жөндететін адам қайдан болсын. Содан өзіміз неге етік тікпеске деген ойға келдік. Ақырындап ісімізді бастадық. Қажетті былғары, тері, табан жасайтын резеңкені Алматыдан тасыдық. Білмегенімізді сұрадық, үйрендік. Осылайша өзі өндірісімізді жолға қойдық, - дейді ауылдағы кәсіпкер ана Орынгүл Баратжан.
Кәсіпкер ауылда тігілген аяқ киімге сұраныс артып келеді дейді. Әрі бұлар тікен етік жылдың барлық мезгіліне арналғандығымен ерекше болып тұр. Құны – қалтаға лайық. Орынкүл ханым тауар бағасы қымбат болмауына мән береді. Өзі тігіншіліктің қыр-сырына үйреткен 8 шәкірті қазір нағыз шебер болып алыпты. Цехтың жұмысын 24 сағат бойы тоқтатпай, екі ауысымда, кезекпен жұмыс істеуде.
Айтпақшы, ауылдағы кәсіпкерді өз өнімінің сапасы емес, шикізат пен қажетті жарақтың отанымызда шығарылмайтыны алаңдатады. Мал терісінің елімізде өңделмеуі мен ине, жіп, темір шеге сияқты ұсақ-түйектің де сыртан әкелетіні тауар бағасына әсер етпей қоймайды. Алыс ауылдағы ісмер әйелдің мұңын Үкіметтің құлағына жеткізу бізге міндет...
Алматы облысы