Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес армиясының қатарында қазақтың ұлдарымен бірге қыздары да гитлершілдерге ғана қарсы күрескен жоқ, сондай-ақ олар Қиыр Шығыс майданында да жапондармен шайқасты.
Жалпы, Қиыр Шығыс майданында жапон милитаристеріне қарсы жүргізілген соғысқа Қазақстаннан қанша қыз-келіншектің қатыстырылғаны туралы нақты дерек анықталған жоқ. Дегенмен Орал өңірінен майданға қыздардың көптеп аттанғаны туралы деректер бар. Мәселен, майдангер ана Қаламсия Ермекова: «1942 жылы соғысқа Оралдан 200 қыз аттандық» десе, Қаным Әлмағамбетованың ғұмырбаянында: «Оралдан 1 эшелон қызды тиеп Қиыр Шығысқа алып кетті», деп жазылған. Ал осы эшелондағы қыздар арасында болған жауынгер Валентина Суворова: «1942 жылдың шілдесінде Орал өңірінен әскерге 300 қыз шақырылды. Эшелон Оралдан Қиыр Шығысқа бет алды. Эшелонға әрбір стансадан қыздар тиелген екі-үш вагоннан қосылып отырды, Хабаровскіге 52 вагон болып жетті...», деп жазады. Бұл деректерден Қиыр Шығыс майданына қазақстандық мыңдаған жауынгер қыздың қатысқанын аңғаруға болады...
Десантшы Қаламсия
Қаламсия Ермекқызы 1921 жылы Орал облысы, Жымпиты ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, жастайынан тіршілік тауқыметін көріп өскен. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда екі ағасы соғыстың алғашқы күндері майданға аттанып, хабарсыз кетеді. Қаршадайынан қиындықты еңсере білген бойжеткен анасының қарсылық білдіргеніне қарамастан, екі ағасының кегін алмақшы болып, өз еркімен майданға баруға бел байлайды. Әуелі Жымпитыдағы екі айлық өзін өзі қорғау курсын тәмамдаған Қаламсия аудандық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры «он күндік жол азығыңызды алып келіңіз» деген шақырту қағазын алады.
Қ.Ермекова маршал Р.Малиновский басқарған ІІ Қиыр Шығыс майданының десантшылар армиясының құрамында Жапония басқыншыларына қарсы соғысқа қатысады. Жауынгерлік өмірі туралы ол: «Қалың орман арасында десантшы да, барлаушы да болдық, түнгі күзетте де тұрдық, деп жазады.
Жауынгер қыз Березовка деревнясының маңында 1945 жылдың 15 қыркүйегінде соғысты аяқтап, елге аман-есен оралады. Жауынгерлік ерліктері үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталады. Майдангер ана елге жеңіспен оралған соң, бейбіт өмірге араласып, балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет етеді. 1946 жылы соғыс ардагері Самиғолла Машаевпен бірге шаңырақ көтеріп, бес бала тәрбиелеп өсіреді. Десантшы жауынгер ана 96 жасқа қараған шағында 2018 жылы 9 мамыр мерекесі қарсаңында дүниеден озды.
Жауынгер қос құрбы
Сын сағатта ерлермен бірге қолына қару алып, майданға аттанған Жымпиты ауылынан, яғни Сырым бабаның туған жерінен шыққан жауынгер қос құрбы туралы біреу білсе, біреуі біле бермейтіні анық. Өйткені олар Отанды қорғау әркімнің де парызы деп санап, өздерінің жауынгерлік өмір жолдарын көпшілікке ерекше мақтанышпен айта бермеген.
Мүслима Үмбетова 1923 жылы, ал Әзима Ниязғалиева 1925 жылы Орал облысы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Бір көшенің бойында көрші тұрған олар 1-сыныпқа бірге барады. Мүслима соғысқа дейін ауылда есепші болып жұмыс істейді.
Соғыс басталған кезде, қос құрбы өз еріктерімен майданға сұранып, Жымпиты аудандық әскери комиссариатына өтініш береді. Соғысқа құрбысымен бірге кетуді ойлаған Әзима әскери комиссариатқа жазған өтінішінде жасын бір жасқа ұлғайтып, туған жылын 1924 деп көрсетеді. Сөйтіп өтініштері қабылданған құрбылар 1942 жылы 22 маусымда майданға аттанады. Әзима Ниязғалиеваның анасы қызының кесіп тастап кеткен тоқпақтай екі бұрымын төрге іліп қояды.
Жауынгер қыздар Қиыр Шығыс майданындағы №120 артиллериялық әуе шабуылынан қорғану полкінің құрамына алынады. Владивосток, Лесозаводск қалалары бағытындағы жапон милитаристерімен болған ұрыстарға қатысады. Бұдан басқа қос құрбы Уссури өлкесіндегі қалың орман арасына жасырылып қойылған әскери ұшақтар мен әскери базаларды күзетеді, сондай-ақ зениттік батареяға оқ дайындайды. Жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы адалдығы мен тындырымдылығы үшін жауынгер қыздар Қиыр Шығыс майданы қолбасшысының Алғыс хатына ие болады. Взвод командирінің көмекшісі, кіші сержант М.Үмбетова майдандағы өмір жолдары туралы жазған естелігінде: «Уссуридің қатал қысы мен күзгі лайсаң жаңбырының астында тұрып, самолет қарауылдаған кез аса қауіпті болатын, түн қараңғысы енген шақта кірпік қақпай тұратынымыз естен кетпейді. Біз бәрі де Отан үшін, бәрі де туған ел үшін емес пе, несіне аянамыз деп намысқа тырыстық», деп жазады.
«Отан қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған жауынгер қыздар 1945 жылы тамыз айында аман-сау елге оралады. Елге келіп, бейбіт өмір тіршілігіне араласқан Әзима Ниязғалиева 1946 жылы соғыс ардагері Арон Қонақбаевпен отау құрып, 6 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсіреді. Майдангер ана 1988 жылы өмірден озғанға дейін Жымпиты ауданы орталығындағы №166 (қазір №19 кәсіптік лицей) техникалық училище қызметкері болып абыройлы еңбек етті.
Ал Мүслима Үмбетова соғыстан кейін Жымпиты аудандық кеңесі атқару комитетінің құрамында, одан кейін аудандық, ауылдық байланыс бөлімшелерінде оператор, ал 1963 жылдан 1978 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін ХХІІ Коммунистік партия съезі атындағы кеңшарда байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болды.
Қаһарман Қалампыр
Қиыр Шығыс майданында соғысқа қатысқан жауынгер қыздардың бірі – Қалампыр Ахметова 1920 жылы Жымпиты ауданы К.Маркс ауылында дүниеге келген. Ағасы Жәрдем екеуі ата-анасынан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. 1936 жылы 16 жасында ауыл баспаханасында әріп теруші болып еңбек жолын бастайды. Кейін кітапханашы қызметін атқарады.
Соғыс басталғанда өзі еркімен сұранып, Қиыр Шығыс майданына аттанады. 89-шы авиациялық полк құрамында 120-шы әуе қызметін қамтамасыз ету батальонында әскери міндетін атқарады. Бұл туралы майдангердің мектеп пионерлерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде: «...Мен өзім сұранып армия қатарына алындым. Біз Отанымыздың қиыр шеті Владивосток жағы, Приморьеде қызмет еттік... ...Біз бұл соғыста жапон армиясын тас-талқан етіп жеңдік...», дегені бар.
Майдангер ана ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған. Соғыс ардагері Исмағұл Иманғалиевпен отау құрады. Зейнет демалысына шыққанға дейін Жәнібек ауылындағы мектеп жатақханасының бас аспазы болып еңбек етеді.
Соғысты Кореяда аяқтаған
Жапонияны тізе бүктіруге қатысқан қиыршығыстық кеңес жауынгерлерінің қатарында Қаным Әлмағамбетова мен Үмітай Есқалиева да болды. Дәлірек айтқанда, қыз-келіншектерден құралған, аэродром қызметін қамтамасыз ету батальоны құрамында байланысшы болған олар соғысты Кореяның Хедзео қаласында аяқтап, елге жеңіспен оралады.
Өзінің ғұмырбаянында Қаным Әлмағамбетова 1921 жылы Орал облысы, Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келгенін жазған. Бір жасында әкеден, жеті жасында анасынан айырылған Қаным ағасы Мұхамбетжан екеуі туыстарының қамқорлығында болады.
Ел басына күн туған шақта Қаным көп ойланбастан майданға сұранып, әскери комиссариатқа өтініш жазды. Өтініші қабылданып, майданға аттанған жауынгер қыздың Қаратөбе аудандық архив қорындағы ғұмырбаянында: «1942 жылдың август айында өз еркімізбен соғысқа сұрандық. Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттанды. Оралдан 1 эшелон қызды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті. Лесозаводск деген жерде, кейін Киров ауданы территориясындағы орман ішінде 3 жыл бойы аэродром қызметін қамтамасыз ететін әйелдер батальонында болдық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Үмітай Есқалиева екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік. Аэродром күзеттік. Ұшып келген истребительдерге көрсетілетін қызметтерді атқардық», – дейді. Сондай-ақ ол жауынгерлік өмір жолдарын еске ала отырып: «Таңғы сағат 6-дан түнгі 11-ге дейін қарлы-жауынды ауа райына қарамастан оқ атуды, пышақ шаншуды, жер бауырлап жылжуды, өзеннен өтуді, байланыс аппараттарын қолдануды үйренеміз. Аптасына екі рет толық әскери қарумен 20-40 шақырымдық жүгіру міндетін орындап тұрдық. 1945 жылы қыркүйекте Жапон милитаристеріне қарсы соғыс басталғанда біздің батальонды Кореяның Хедзео деген қаласындағы аэродром күзеті мен қызметіне ауыстырды», деп жазады. Сөйтіп соғысты Корея жерінде аяқтап, 1945 жылы желтоқсанда елге оралған Қаным Әлмағамбетова жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені және Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатымен марапатталды.
Соғыстан кейін Жымпиты, Қаратөбе ауылдарында есепші қызметін атқарды.
Ал Үмітай Есқалиева 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы Калмыков ауылында дүниеге келген. Ол бір жасында әкесінен, ал он үш жасында анасынан айырылып, ағасы Ораздың қамқорлығында өседі. Ол 1941 жылы алдыңғылардың бірі болып соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен ағасының кегін алмақшы болып өз еркімен майданға сұранады. Сөйтіп, 1942 жылы 24 шілдеде Қиыр Шығыс майданына аттанған Үмітай Есқалиева 35-армия құрамындағы 120-аэродром қызметін қамтамасыз ететін әйелдер баталонында автоматшылар ротасында байланысшы болады. 1945 жылы қыркүйек айында жоғарыда айтылғандай, Қаным Әлмағамбетовамен бірге Кореяның Хедзео қаласына ауыстырылып, 1945 жылы желтоқсанда елге бірге оралады.
Жауынгерлік ерлігі үшін сержант Үмітай Есқалиева Жоғарғы бас қолбасшы Сталиннің Алғыс хатын, сондай-ақ ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталды. Соғыстан соң бейбіт өмір тірлігіне араласқан майдангер ана Калмыков ауылында ұзақ жылдар бойы сауда саласында еңбек етті. Соғыс ардагері Халықберген Құлшықовпен отау құрып 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді.
Әскери көлікті тізгіндеген бойжеткен
Слухия Сарқұлова 1923 жылы Орал облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Соғыстың алдында ғана, яғни, 1941 жылы 15 маусымда төрт сыныптық қана білімі бар Слухия Переметное ауылындағы автокөлік жүргізушілер курсына жіберіледі. 1942 жылы 15 қаңтарда курсты тәмамдап, ауылға келген ол техника жөндеушісінің (механик) көмекшісі болып жұмысқа кіріседі. Осылайша, 1942 жылы жазда өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Ол Қиыр Шығыс майданында Хабаровск өлкесі Иман қаласында №189 автокөлік полкінің №600 ұшақтарға қызмет көрсету батальонында әскери машинамен миналар, снарядтар тасу, бомбалаушы ұшақтарды сүйреп қыздыру сияқты әскери қызмет түрлерін атқарады.
Майдангер С.Сарқұлованың жауынгерлік өмірі туралы жазған ғұмырбаянында: «Әскери өмірім Қиыр Шығыста Хабаровск өлкесінің Иман қаласынан басталды. Кеңес армиясы қатарында 1942 жылдың 23 маусымынан ұшақтарға қызмет көрсету батальонында қызмет еттім. Соғысты Жапон елінің Ханкель портында аяқтадым. Жарақатым жоқ. Шенім – ефрейтор. Соғыстың алғашқы кезеңінде, орыс тілін білмей қиналдым. Бірақ орыс полктастарым маған үнемі көмектесіп отырды. Майданда көрген қиындық пен азапты күндерім ұмытылмайды. Қасымдағы шофер Анна Фадеева екеуміз 3 күн адасып бөлімшені зорға тапқанымыз әлі есімде. Ас-суссыз адасып жүргенде жолдан жапон галетін (ұннан жасалған печенье) тауып жегенбіз. Галет уланған болып шықты. Мен қатты ауырдым. Бірақ Анна мені далаға тастамады. Жолдағы бір ауылға апарып, әрең дегенде сүт тауып әкеліп, емдеп есімді жиғызды», – деп жазады.
Қаһарман қыз 1945 жылы 20 қарашада аман-сау елге оралды. Бейбіт өмірде ветеринарлық санитар, далалық бригада есепшісі сияқты түрлі қызметте істеді. 1953 жылы 3 наурызда Подтяжки ауылдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалған ол бұл қызметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін 25 жыл атқарды.
Майдангер С.Сарқұлова Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен қатар, кеңестік қоғам қайраткері ретінде «Құрмет белгісі» ордені, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.
«Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашанда ойлай жүрулері керек. Әсіресе Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты», деп батыр Б.Момышұлы айтқандай, бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі жауынгер аналардың есімін мәңгілік мақтаныш етеді, құрмет тұтады.
Майдангер ана Қалампыр Ахметова (ортада) қаруластарымен бірге
Қиыр Шығыс майданы. Жауынгер Слухия Сарқұлова. 1944 ж. Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық музейі қорынан алынды
Қиыр Шығыс майданына қатысқан десантшы Қаламсия Ермекова/ автордың жеке архивінен алынды
Қиыр Шығыс майданына қатысқан майдангер аналар Әзима Ниязғалиева (сол жақта),
Мүслима Үмбетова. 1983 ж./ автордың жеке архивінен алынды
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты