Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Еуроодақпен шекараны ашу туралы тапсырма берді. Бұл Сириядан келген босқындарға мемлекеттен кетуге мүмкіндік бермек. Мемлекеттен кеткен босқындар саны 100 мыңға жетті.
Тапсырма берілген алғашқы күні-ақ 18 000 босқын мемлекеттен шығып үлгерді. Күн сайын 10 000-ға жуық адам шекара асып жатыр. «Анадолы» агенттігі бұл көрсеткіштің өсе беретінін болжап отыр. Өйткені қазіргі кезде Түркия үкіметі Сирияның солтүстік-шығысында әскери операция жүргізіп жатыр.
Ердоғанның айтуынша, елде шамамен 3,7 млн сириялық бар. Осыған орай Түркия Еуроодақты миграциямен байланысты келісімін орындамағаны үшін айыптап отыр. «Мемлекет босқындарды бұдан артық асырай алмайды. Бізге миграцияға қатысты көмек берілмейді», дейді Р.Ердоған. Президент бұған дейін де шекараны ашатынын хабарлаған болатын, алайда басқа елдер ол мәлімдемеге сене қоймады. Ол осынша босқындарды қабылдап, пана беруге міндетті емес екенін де ескертті. Түркияның Әділет және даму партиясының баспасөз хатшысы да миграция саясатына оң көзқарастағы мемлекет екенін, алайда бұдан былай Түркия босқындардың жаңа легін қабылдай алмайтынын мәлімдеді.
Босқындардың алғашқы тобы Түркияның Грекиямен шектесетін бөлігіне келіп, шекараның ашылғанын күтті. Мемлекет шеті тыныш емес. Түрлі қақтығыстар, полициямен жанжал да болып тұрады. Грекия тарапы да қарулы күштерін жұмылдырып, тіпті әскери техникаларын дайындаған. Грекия үкіметінің мәліметіне сенсек, шекара ашылған күні 4 мың босқынды кері қайтарған. Түркияның Грекиядан бөлек Болгариямен де шектесетінін ескерсек, дәл осындай жағдай Болгарияда да қайталанып жатыр.
Еуроодақ әзірге ешқандай жауап бермеді. Еуропалық БАҚ Брюссельде мәселенің талқыланып жатқанын хабарлады. Дегенмен Франция Грекия мен Болгарияға шекараларын қорғауға көмектесуге әзір екенін жеткізді.
Грекия үкіметінің ресми өкілі Стелиос Петсас оқиға ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп тұр дейді. Ал Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис шекараны заңсыз бұзбақ болғандарға шара қолданылатыны туралы мәлімдеді. «Грекия Сириядағы жағдай үшін жауап бермейді. Оған қатысы жоқ. Сондықтан олар үшін шығындалмайды», дейді үкімет басшысы. Сонымен қатар ол Германия канцлері Ангела Меркелді, Еуроодақтың басшылығын, одаққа мүше мемлекеттердің басшыларын орын алған жағдай туралы ескерткен.
Болгария Сыртқы істер министрі Красимир Каракачанов шекараға 1000 сарбаз мен техниканы жіберетінін, коронавирустың әсерінен тағы да бір миграциялық дағдарыс болады деген болжамын айтты.
Түркия мен Еуроодақ 2016 жылы миграциялық дағдарысты тоқтату үшін серіктестік орнатуға келіскен болатын. Одақ қаржылай көмек беретінін айтып, Анкара Еуропаға кетіп үлгерген сириялықтарды кері қайтаруға келісімін берді.
Ал Түркия мен Сирия арасындағы деп «Көктем қалқаны» әскери операциясынан кейін шиеленіс үдеп кетті. Естеріңізде болса, 28 ақпанда Анкара сириялық әскер соққысынан түрік жауынгері қаза тапқанын мәлімдеген болатын. Екі ел қақтығысына Ресей де қосылып, Су-24 бомбалаушысымен Кминас пен Найраб деп аталатын Сирия бекеттерін басып кірген түрік әскеріне соққы жасады. Одан кейін Түркия Башар Асадтың парламенттік сайлау туралы мәлімдемесін қабылдамай отыр. Анкараның айтуынша, кезекті сайлау Сирия үшін де, Түркия үшін де, тіпті халықаралық ұйымдар үшін де заңсыз болмақ.