• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2020

Қара сөзден қарына қуат байлап...

301 рет
көрсетілді

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан!»

 

Ашық, әсем дауыс таза күмістей сыңғырлап тұр. Ұлы хакімнің ұлағатын замандастарының сүйегіне сіңіргісі келетіндей. Тіпті, сахнаға жанары жетпеген адам Абай атасының өлеңін жан дүниесімен беріліп, сыбызғыдай сызылып тұрған адамды орыс қызы десе, сенбестей. Тілінде бір мүкіс жоқ.

Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемле­кеттік университетінің студенті Алена Солопова Зеренді ауданындағы Троицк ауылының тумасы екен. Бұл жерде негізінен өзге ұлт өкілдері тұрады. Білім ошағы да орыс тілінде. Жүздесіп, тіл­дескен соң Аленаның тіл сындырар қаза­қы ортасы жоқ жерде қалайша қазақ тілін­де таза сөйлейтіндігіне таңғалғанбыз. Ке­йіпкеріміздің өзі бар жетістігім мектепте қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Толтыр Әбішева мен Сайран Лекерова сияқты ұстаздарымның арқасында дейді.

– «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игенмен бір» дей­тін сөз бар қазақта, – дейді Але­на Солопова, – тіл мәйегін, қазақ тілінің құдіретін, бояуы мен нақышын ұстаз­да­рымның арқасында бойыма сіңірдім. Одан соң Абай әле­міне ғашық болдым. Тұ­нып тұрған ғибрат. Кейде за­мандастарымның бо­йынан еріншектік пен жал­­­қаулықты, то­ғы­шар­лықты көргенде, шіркін осылар Абай мұрасын түсініп, түйсініп оқы­са ғой деп армандаймын. Оқи қалса, сөз астарындағы маз­мұн мен ма­ғы­наны ұғар шамасы болса, жан дүниелерін­дегі шаң-тозаңнан арылып, көр­кем кес­­кін­­дері қа­лып­та­сар еді.

Абай мұрасына ғашық ару әуелі 6-сыныптан ө­зге ұлт өкілдері арасын­да ұйым­дастырылған аудан­дық тіл байқауында жеңіске жетіпті. Сол сәттен бастап бойында өз біліміне деген сенімділік қалыптасқан. Алға ұмтылған. Түп­сіз терең дарияға армансыз бойлаған. Інжу-маржанын терген. Қайтсем де республикалық бай­қауда топ жарамын, сол арқылы Абай мұрасын өзге ұлттың қалай қадірлейтінін көрсетемін деп мақсат қойған екен. Уни­вер­ситеттің бірінші курсында об­лыстық «Тіл парасат» бай­қа­уының жеңім­па­зы атанғанда тө­бесі көкке бір-ақ елі же­тпей қа­лыпты. Бай­­қау же­ңімпазы кейін республи­калық жарыста об­лыс намысын қорғаған.

– Бұл жерде тіл меңгерген түлектер көп болды. Байқау өте тартысты өтті, – дейді Алена, –үшін­ші орын алдым. Со­ның өзі мен үшін үлкен мерей болды.

– Дана Абайдың қанша өлеңін жатқа білесің? – деп сұрадық біз.

–  Бәлкім, отыз, мүмкін қырық шы­ғар. Санамаппын. Қалғанын жатқа біл­месем де, мазмұнын жадыма тоқып, оқып шықтым. Әсіресе, қара сөздерін қай­талап оқуға құмармын. Жаныма жігер, бойыма қуат, білегіме күш бе­реді.

Білек туралы білікті қыз тегін айтып тұрған жоқ екен. Осы жасында-ақ Алена Солопова пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық санаттағы төреші, Азия­ның төрт дүркін, Қазақстанның он дүркін чемпионы болған. Біріккен Араб Әмірлігінде, Моңғолияда, өзге де бірқатар шетелде өнер көр­се­ткен. Өткен жылы оқудағы және спорт­тағы жетістіктері үшін Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысына ие болыпты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жүз жаңа есім» жобасына қатысқан.

 

КӨКШЕТАУ