5 ақпан - 5 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы өтуде. Осы шара аясында бүгін Орал қаласына 1941 жылы Алматы қаласында жасақталған 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі жеткізілді.
Бұл эстафета 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген еді. Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Эстафетаның мақсаты – Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, майдан даласында елі үшін қаза болған әр солдаттың ерлігіне бас ию; жастардың, ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілердің бойына отансүйгіштік құндылықтарды және Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу,өз әскери борыштарын үлгілі атқаруға ықпал ету, - дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің жетекшісі подполковник Ерболат Сұлтанов.
Бұған дейін Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш, Қаракемер, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтау және Жанаөзен қалаларында орналасқан әскери бөлімдерде болған жауынгерлік туды қарсы алу салтанаты Орал қаласындағы Жеңіс алаңында өтті.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әлібек Сералиев, Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдер, ардагерлер ұйымдары, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен «Жас сарбаз», «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, студент жастар, жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
- Биыл фашизмді жеңген ұлы жеңіске 75 жыл толады. Біз сол жеңімпаздардың ұл-қызы, немере-шөбересіміз. Біз осыны ұмытпауымыз керек, - деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Ту көшірмесін 5517 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасары подполковник Бақыт Алазов қабылдап, сөз сөйледі.
- Бұл эстафетаның патриоттық мәні үлкен – майдан даласында өшпес ерлік көрсеткен аталарымыздың ерлігін еске ала отырып рухымыз өседі. Осындай маңызды шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Жыл өткен сайын соғыс жаңғырығы алыстай түссе де біз ата-баба ерлігін ұмытпауымыз керек. Бүгінгі шара – осының айғағы, - деді Бақыт Алазов.
Бұдан кейін Орал гарнизоны әскери бөлімдері мен полиция қызметкерлерінің жеке құрамынан құралған 500 адамдық әскери топ алаңнан шеру жасап өтті.
Республикалық эстафета мүшелері екі күн бойы Орал қаласында болып, соғыс ардагерлерінің үйіне барады. Әрбір майдангердің үйі алдында шағын әскери шеру өтіп, майдан әндері шырқалмақ.
Батыс Қазақстан