«Бұған дейін «Майқарағай ауылында жақында жұмысқа келген 19 жастағы қыз мектеп маңында зорланған. Факті бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. Полиция мәліметінше, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялануға жатпайды» деген ақпарат таратылған-ды.
Өңіріміздегі ауылда болған осындай бір сұмдық жағдайдан соң, анық-қанығына көз жеткізу үшін жолға шықтық. Майқарағай шалғайдағы ауыл, қалың қасат қардың арасымен ауылға жетуіміздің өзі ұзаққа созылды.
Оқиғаның қалай болғанын мектеп директоры Күлдерай Қасқырбаеваның өзінен естіп-білдік. Мектепте өндірістік тәжірибеге келген қыз өзінің туысы, мектеп директорының үйіне орналасады. Ауылға келген күні де сол 25-ші ақпан екен.
Жас қыз 25 ақпан күні түнгі сағат 23-тер шамасында үйінен шыққан, ал, полиция қыздың 23.30 –да зорланғаны туралы мәлімет берді.
– Оқиға болған түні сіз қайда болдыңыз? Жас қыз түн ішінде сіздің үйден неге шығып кеткен? – деген сұрағымызға мектеп директоры:
– Мен түнде жылу қазандығын тексеру үшін мектепке келіп-кетіп жүремін. Осы түні де мектеп жанындағы жылыту қазандығы маңайында жүргенмін. Айналасы бір жарты сағаттың ішінде осындай жағдай болды, – дейді Күлдерай Қасқырбаева.
Мектепте 8 бейнекамера орнатылған. Директордың бөлмесінде де тұр. Бірақ түскен кадрлар қондырғының сипатына қарай сақталмай өшіп қалады екен. Сол түнгі оқиға да бейнекамераға түспеген.
Ал мектеп ауласына шыққанымызда көргеніміз тіпті қорқынышты көрініс: айнала қаңыраған, бос қалған үйлер, кейбірінің есік-терезесі бекітілген, жабылған. Жас қыз түн ішінде үйден шығып, директор әпкесін іздеп келе жатқан жолда, дәл мектептің жанында қасқөйдің қолына түскен. Сол жерден мектептің дәл жанындағы аңғал-саңғал әлгі үйлердің біріне сүйреп әкеткен!..
– Ауыл ішінде де, мектептің кіреберіс есік алдында да шамдар жарқырап жанып тұрады, – дейді ауыл әкімі Сайфолла Рыскелдинов.
Өкінішке қарай, сол жарық шамдар да қаскөйге бөгет болмағанға ұқсайды.
Тіпті, сол түні жергілікті учаскелік полицейлер Арман Тайшин мен Д.Ағаламбектовтер ауылда рейдте жүреді. Кенеттен айдалаға қашып бара жатқан қызды көре салып, қуып жетеді. Сол сәтте-ақ, зорлық оқиғасының орын алғанын біліп, күдіктінің соңына түседі.
Тәжірибеден өтуге келген қыздың ауылға келген күні 25-ші ақпан дедік. Қыз негізі 20 қаңтардан бастап ақпан айының соңына дейін өндірістік тәжірибеден өтуі керек болса да, ол ақпан айының соңында келген.
Жас қыз білім алатын облыс орталығындағы педагогикалық колледжде студенттердің тәжірибеден өту кестесі қалай «бекітіліп», «мақұлданатыны» да осыдан-ақ байқалатындай.
Ал жап-жас қызға айуандық жасады деген жігітті Майқарағай, Мерғалым ауылдарының тұрғындары түгел біледі. Білгендерімен, тағы да артық- ауыз бірдеңе деуге жасқанады.
–Біз оны түзелді, енді дұрыс жолға түсті, арақ ішпейді деп алданып қалыппыз. Қайдан білдік бұлай боларын? – дейді ауыл жігіттері.
Екі ауылға да атышулы жігіт көрші Мерғалым ауылынан Майқарағайға келіп-кетіп жүреді. Өзі жұмыссыз. Бұрындары мал ұрлығын жасады деген күдікпен бірнеше рет ұсталғанымен, екі жақты келісіммен ауылға қайта оралып отырған.
Ауыл әкімі Сайфолла Рыскелдиновтің айтуынша, ауылдық аумақта Майқарағайдағы 75 үйде – 278, Мерғалым ауылындағы 91 үйде 391 адам тұрады. Ауылдық аумақта «Ертіс орманы» Майқарағай орман шаруашылығы орналасқан.
Ауыл мектебі болса, өте ескірген, күрделі жөндеу көрмеген, 3-ші қабаты бос тұр. Айналасы толы қаңыраған бос үйлер. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін кімдер ойлайды? Егер де 8 бейнекамераның бірі мектептің күзетшісінің алдында тұрғанда, мүмкін осындай жан түршігерлік жағдай орын алмас па еді?
Ауыл жастары волейбол ойнайтын төбесінен су ағатын мектеп спорт залы да әбден тозып тұр екен.
Ауыл тұрғындары зорлық оқиғасы орын алған жағдайдан кейін енді мектебімізге жас мұғалімдердің келмеуі де мүмкін деп отыр. Жас қыздың зорлану оқиғасы өңірдегі білім басқармасына, аудандық білім бөлімдеріне үлкен сын болар. Бұл бақылаусыздық. Жауапкершілік, қауіпсіздік мәселелері ескерілмеген. Шалғай ауылдардағы шағын мектептерге деген солғын көзқарастың кесірі.
Аудандағы 23 шағын ауыл мектебінің балаларын оқытатын аудан орталығынан интернат ашу мәселесінің уақыты да жетіп тұр қазір. Мысалы, шағын делінетін Майқарағай мектебінде 1-11 сынып аралығында 49 оқушы білім алса, 19 мұғалім сабақ береді. Сонда 11 сыныпта – 4-ақ оқушы. Мектеп жанындағы бақшада –12 бала бар. Оқушылардың қатарына оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың 17 баласы қосылған. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 6 жас мұғалім келіпті.
Бірақ көшіп келушілер мектептегі білім сапасына көңілдері толмайтындарын, пән мұғалімдерінің қажеттігін жеткізді. Математика пәнінің аптасына бір рет өткен күндері де болыпты. Шағын мектептердің тыныс-тіршіліктеріне қай жағынан болсын қатаң бақылау, талап пен тәртіп керек екендігін, директорлар таңдауындағы мәселені – Майқарғай ауылындағы жағдай бір-ақ күнде көрсетіп берді.
Біз Майқарағайдан қайтарда, аудан орталығына келіп Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаевпен де жолықтық.
Әкім алда атқарылар асқаралы істер туралы баяндады.
– Әрине, Майқарағайдағы орын алған оқиға өте өкінішті жағдай. Енді биыл ауылдың жолы жөнделеді. Мектепке құжаттар дайындалуда, шатырына, іші-сыртына күрделі жөндеу жасалуы мүмкін. Ал ескі, бос үйлерді аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімдері жөндеп, есік-терезелерін жабады, – деді аудан әкімі.
Біздің көзімізше, аудандық оқу бөлімінің бастығы Ерсін Ержановқа бейнекамераны мектеп күзетшісі отыратын жерге орналастыруды, аудан көлемінде өндірістік тәжірибеден өтуге келген, келетін студенттердің тізімін жасауды тапсырды.
Қазір 19 жастағы қызды зорлаған ер адам қамауға алынды. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған жиында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов мәлім етті. – Оқиға 25 ақпан күні, түнгі сағат 23:30-да орын алған, – деді Елдар Әбдікенов. – 26 ақпан күні таңертең аудандық полицияның кезекші бөліміне азаматша арыз түсірді. Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері күдіктіні көрші ауылдан қолға түсірген.
Қазір қыз зорлау фактісіне сәйкес Қылмыстық кодекстің 120 және 121 баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бірқатар сараптама тағайындалды. Жағдай департамент басшысының толық бақылауында. Майқарағай ауылының 30 жастағы тұрғыны өз кінәсін мойындап отыр. Куәгерлер де бар.
Елдар Әбдікенов ер адам мен жәбірленуші қыздың таныс болмағанын айтты. Сонымен қатар күдіктіге қатысты осы уақытқа дейін басқа да сот істері қозғалған.
– Күдікті адамға қатысты 2010 жылы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны туралы шағым түскен. Алайда арыз жазылмағандықтан сот ісі қозғалмаған.
Ал 2017 және 2018 жылдары мал ұрлығына байланысты жауапқа тартылып, қылмыстық істер сотқа жіберілген. Кейін екі тараптың өзара келісімге келуіне байланысты бұл істер тоқтатылған, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары.
Майқарағайдағы оқиға ауылдағы өзекті мәселелердің бірі екенін көрсетіп бергендей. Біріншіден, бірнеше рет істі болған кісінің бақылаудан тыс қалған. Екіншіден, болашақ ұрпақ тәрбиесіне деген немқұрайдылық мектептің жай-жағдайынан көрінеді. Үшіншіден, ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейтіні көрініп тұр. Осындай өзекті мәселелердің түйіні тарқатылмай, ұрпағымыз алаңсыз өмір сүреді деп айту қиын.
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы,
Майқарағай ауылы