Халықаралық Түркі академиясында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы, Nazarbayev University-дің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының қолдауымен көрнекті түрік жазушысы Өмер Сейфеттинді еске алу шарасы өтті.
Алқалы жиынға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Nazarbayev University Қазақ тілі және түркітану кафедрасының доценті Фунда Гүвен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері, ғалымдар, дипломатиялық корпус, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі кештің өткізілуіне атсалысқандарға алғыс айтып, Қазақстандағы қызметіне жаңа кіріскен Түркия елшісіне сәттілік тілей келе, «Өмер Сейфеттин – түрік әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Ол – халықтың тілімен жаза отырып, көркем әдебиет арқылы түрік болмысының қалыптасуына үлкен үлес қосқан кемеңгер жазушы. Әңгіме жанры арқылы тарихтың қалтарысында қалған көптеген ұғымды қайта жандандырған жазушы. Оның идеялары Ататүріктің реформаларына әсер еткен. Сондықтан Түркияда Абайды оқытып жатқандай, біздің жастарымызды да Өмер Сейфеттин шығармашылығымен таныстыру керек деп ойлаймын. Бұлардың барлығы – біздің ортақ құндылығымыз», деді. Сонымен бірге Түркі академиясының «Ортақ түрік әдебиеті» оқулығын дайындап жатқанын да мәлімдеді.
Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи «Бүгін ұлы жазушымыздың өмірден озғанына, ортамыздан кеткеніне 100 жыл толып отыр. Халықаралық Түркі академиясына жазушымызды еске алуға мүмкіндік бергеніне алғысымызды білдіреміз. Расымен, мен де 40-45 жыл бұрын сауатымды Өмер Сейфеттиннің шығармаларымен ашып, әріп таныдым. Әрбір мектеп оқушысы оның туындылары арқылы танымын кеңейтеді. Сондықтан әркімнің Өмер Сейфеттин атымен аз да болса бір естелігі болатыны анық. Қазір де біздің балаларымыз кемеңгер жазушының шығармалары арқылы түрікше үйренуде. Түркі халықтарының ортақ құндылықтары көп. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сияқты Өмер Сейфеттин де бұл қатардан табылады. Сондықтан олардың өмірін, шығармашылығын дәріптеу – біздің міндетіміз.
ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында халық пен биліктің тілдерінде айырмашылық бар еді. Дархан Қыдырәлі айтып өткендей, Өмер Сейфеттин өзге тілден енген сөздерді қолданбай, халық қай тілде сөйлесе сол тілде жазуды дұрыс көрген. Соны өзінің міндеті ретінде таныған жазушы. Өкінішке қарай, жазушы 36 жыл ғана өмір сүрді. Бірақ осындай қысқа ғұмырында қалдырған мұрасы біз үшін құнды. Жақында ғана Қазақстан Президентіне Сенім грамотасын табыстадым. Бұл жиын қызметім басталғалы қатысқан алғашқы шарам болып отыр», деді Түркия елшісі.
Nazarbayev University Қазақ тілі және түркітану кафедрасының доценті Фунда Гүвен «Қазіргі түрік тіліндегі Өмер Сейфеттиннің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының оқушылары Нағима Зор мен Айгерім Тален түрік, қазақ тілдерінде Өмер Сейфиттин шығармаларынан үзінді оқыды.