• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2020

Ұлттық өнерді ұлықтаған фестиваль

368 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын қолдау, сонымен қатар, төл өнерді дамыту мақсатында Тараз қаласында алғаш рет «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонында «Көрпе FEST» мегафестивалі өтті.

Аталған шара Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. «Көрпе FEST» мегафестивалінде танымал этнодизайнер, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзаданың шығармашылығы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, фестиваль аясында тігін және қолданбалы өнер бойынша оқыту семинарлары, әлеуметтік желілерде бизнесті жүргізу бойынша шеберлік сабақтары да қамтылды.

Айтулы мегафестивальге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен танысты. Өз сөзінде әкім ұлттық қолданбалы өнерді дамытудың, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын және салт-дәстүрлерін насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев әлемдегі барлық жылылық мен мейірімділік аналарға ғана тән екенін айта келе, әйелдер қауымы тек үй шаруасымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлерді де насихаттауға үлес қосып келе жатқанын жеткізді.

Әулиеата өңірінде тұңғыш рет өтіп отырған бұл игі жоба көпбалалы аналарға өз кәсіптерін ашуға және ұлттық қолөнер саласын насихаттауға ықпал етері сөзсіз. Аталған мегафестиваль аясында үш кезеңнен тұратын байқау өтті. Сондай-ақ, «Аналар аманаты» атты тегін семинар-тренинг ұйымдастырылып, қатысушылар құрақ көрпе, ұлттық стильдегі көрпелер және басқа да қолданбалы өнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын меңгерді.

Аталған байқау жеңімпаздарына «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің сертификаттары мен тігін машиналары және басқа да бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Жамбыл облысы