• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2020

Қағбаның кисуасы - «Халифа Алтай» мешітінде

1192 рет
көрсетілді

Бұл кисуа қасиетті Қағбаның бір бөлшегі, Меккенің бір бөлігі деген сөз.

Бүгін «Халифа Алтай» мешітінде ерекше уақиға болды. Қасиетті Меккенің 2016 жылғы кисуасы мешіт мұражайына табыс етілді. Жағымды жаңалықты Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі сүйіншілей жеткізді.

Салтанатты шара осы мешітте ашылған «Ислам мәдениеті және дәстүр» мұражайында өтті. Шараға «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры Аманкелді Еренғайыпұлы, Халифа Алтай ғұламаның ұлы Абдурахим Алтай, «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» турнирлерінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров, өңірдегі ақсақалдар және жастар  қатысты.

Құрметті рәсімді ашып, сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Бүгін Шығыс жұрты үшін аса қуанышты күн. Мешітімізге барша мұсылманның киелі мекені Қағбаның жамылғысын күтіп алу рәсіміне қош келдіңіздер. Бұл кисуа қасиетті Қағбаның бір бөлшегі, Меккенің бір бөлігі деген сөз. Осынау киелі жәдігер Абай мен Шәкәрім туған ғұламалар мекені шығыстың рухани мұрасы болып болашаққа ұрпаққа сақталады. Осы игі іске Аманкелді Еренғайыпұлы бастаған қажылар бастамашы болды. Біз мұражаймызға осындай киелі жәдігерлерімізді жинаудамыз. Кисуа Шығысқа берекет әкелсін» деп ізгі тілегін білдірді.

 Бас имам сонымен қатар өз сөзінде осы істің ұйтқысы болған азаматтарға алғысын жеткізіп, мешіттің рухани орталыққа айналудағы маңызына тоқталды.

 Жиында «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры Аманкелді Еренғайыпұлы Қағбаның 2016 жылғы кисуасын салтанатты түрде бас имамға тарту етті. Ол: «Біз Меккедегі қасиетті Қағбаның кілтін ұстау мұрагері Шайби ұрпақтарымен келіссөз жүргізе отырып, «Халифа Алтай» атамыздың мешітіне осы құнды жәдігерді тарту етіп отырмыз. Біз оларға Халифа Алтайдың ислам діні үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегін айтып, таныстырдық. Дін ғұламасы Халифа Алтай атындағы мешіт кисуаға ие болуға бірден бір лайық мешіт екендігін жеткіздік. Олар ұсынысымызды құрметпен қарсы алып, қолдарын қойып, мөр басып, куәландырып, осы жәдігерді Алтай баурайындағы Халифа Алтай атамыздың мешітіне тарту етті» деді.

 Қасиетті Қағбаның жамылғысын мешіт жамағатымен өңір халқы қошаметпен қарсы алып, мешіт ішінен Қағбаның жұпары аңқып, бір сәт айнала ғажайып нұрға бөленді. Салтанатты шараға жиналғандар кисуаны тәу етіп, құрмет көрсетіп, еліміздің тыныштығы мен дініміздің абыройы үшін дұға жасады.

Қағбаның кисуасы облыстық «Халифа Алтай» мешітінің «Ислам мәдениеті және дәстүр» мұражайына қойылды.

ӨСКЕМЕН