Пластик қалдықтардан Жер шарының тынысы тарыла бастағанын экологтар айтып жүр. 1960-жылдары тұрмысымызды жеңілдетеді деп қуана патенттеген өнімнен адамзат енді құтылуға асығып, оны алмастыратын зат таба алмай басы қатып отыр.
Алматыда өткен «Пластикпен ластану: шешімдер мен ынтымақтастықты іздеу» конференциясын «The Coca-Cola Foundation» халықаралық қорының қолдауымен «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығы және «Greenwomen» аналитикалық экологиялық агенттігі ұйымдастырды.
«ЮНИСЕФ» әріптестік бағдарламалардың үйлестірушісі Александра Гаскевич полиэтилендердің баламасынан туған мәселелер бизнесті де, билікті де толғандыратынын тілге тиек етіп өтті.
«Қазір мәселенің түйіні тарқатылды. Облыс орталықтары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында полиэтилендер бұрынғыдай тегін таратылмай, әрқайсысы 5 теңгеден сатылады. Одан түскен қаржы мақта-мата өнімдерінен дайындалған экологиялық таза сөмке дайындауға жұмсалады. Меніңше, мақта өнімдерінен өнім шығару Қазақстан үшін қиын емес», дейді А.Гаскевич.
Әлемдік қоғамдастық пен экологиялық ұйымдардың ерекше назарына қарамастан, пластик қалдықтар қазіргі заманның маңызды экологиялық проблемаларының бірі – болып қала бермек. Есепті деректер бойынша, Қазақстанда 2018 жылы 483 755,5 тонна пластик түзілді. Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, сол жылы 90 079 тонна пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қаптамасының қалдықтары сұрыпталды, бұл шығарылған қалдық көлемінің 18%-ын құрайды. Бұл ретте қайта өңдеуге бағытталған пластик қалдықтарының көлемі 17 199 тоннаны құрады, бұл түзілу көлемінің 3%-ын және сұрыпталған пластик көлемінің 19%-ын құрайды. Пластик қалдықтар экспорты 2018 жылы 5 962,5 тоннаны құрады.
Былтырдан бастап полигондарда пластикті көмуге тыйым салынды. Полиэтилен пакеттерді ақылы пайдалануды енгізу бойынша меморандум жасалды. Бірақ елде әлі де проблемалар сақталып отыр. Маңызды мәселелердің бірі – қалдықтарды жинау және өңдеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар, жинақтаушылар, қайта өңдеушілер, пластик қалдықтарын қалыптастырушылар арасындағы бірлескен іс-әрекет әлеуетінің әлсіздігі. Түрлі ұйымдар мен жеке бизнес инновациялық шешімдерді жиі ойлап табады, алайда пластик қалдықтарды жинау мен өңдеуді көздейтін қауіпсіз басқару жүйесінің жаппай таралуына әкелетін синергизм мен ынтымақтастықты құруға ықпал ететін жүйе жоқ.
«Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» де» жобасы аясында PlastNet желісі құрылды, бұл түрлі мүдделі тарапты біріктіреді және оларға пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамыту үшін құралдар береді», дейді «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығының жоба менеджері Юлия Душкина.
Пластик – бұл жаңа өнім өндіруге арналған құнды шикізат, ол бірнеше рет өңделуі мүмкін. Бұл тұрғыда пластикалық қоқыстың көп мөлшерде жиналуы және өңделуі өте маңызды. 2018 жылы Coca-Cola компаниясы қаптаманы өндіру және қайта өңдеу мәселесін қайта қарайтынын жариялады және 2025 жылға қарай толық қайта өңделетін қаптамаға көшудің жаһандық мақсатын белгіледі. 2030 жылға қарай нарыққа Coca-Cola шығаратын тұтынушылық қаптаманы толық жинауға және өңдеуге ықпал етілмек. Бұл – кәсіпорынның «Қалдықсыз әлем» (World Without Waste) қалдықтарды азайту жөніндегі жаңа стратегиясы.
Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі корпоративтік байланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман: «Бүгінгі таңда әлемде біздің қаптамамыздың 56%-ы жиналады және өңделеді. Бұл негізінен, Еуропа елдерінде және Жапония, ОАР, Мексика сияқты басқа өңірлердің жекелеген елдерінде жинаудың және қайта өңдеудің жоғары дамыған жүйелерінің нәтижесі. Мұндай жүйелердің даму дәрежесі, әдетте экономикалық әл-ауқат деңгейіне және мемлекет пен индустрияның буып-түю қалдықтары проблемасын шешуге жұмсайтын күш-жігеріне байланысты. Табысты жұмыс істейтін жүйенің бірнеше негізгі өлшемі бар. Орама қалдыққа өндіруші жауап беруі керек. Бұл өндіруші жеке немесе салалық қауымдастық арқылы буып-түю қоқыстарын жинау мен өңдеуді ұйымдастыруы тиіс дегенді білдіреді. Біз Қазақстанда қаптамадағы тауарларды өндірушілер мен импорттаушылар үшін кеңейтілген міндеттемелер жүйесі (ӨКМ) іске қосылғанына өте қуаныштымыз, соның нәтижесінде өндірушілерден утилизация алымы алына бастады. Осы жүйенің тиімді дамығанын және жинау бойынша белгіленген межелердің орындалғанын көргіміз келеді. Сондай-ақ бағалы қалдықтар жаңғырмалы шикізат болуы үшін қайта өңдеу жүйесін де дамыту маңызды. Мемлекет тарапынан барлық тараптың тіркелген міндеттемелері мен өкілеттіктері бар нақты реттеу болуға тиіс. Бұл жағдайда елде қоқысты бөлек жинауды қамтамасыз ету өте маңызды. Егер бұл азаматтар үшін міндетті болмаса, жүйе жұмыс істемейді», дейді.
The Coca-Cola Foundation қайырымдылық қоры былтыр басталған үшжылдық «Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» де» жобасына қолдау көрсетіп келеді. Бұл жобаның мақсаты – пластик қалдықтарды жинаудың және оны қайта өңдеудің үлесін арттыру. Жоба шеңберінде Қазақстанның 6 аймағында (Шымкент, Тараз, Алматы, Өскемен, Павлодар, Петропавл) мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын жақсарту, Экологиялық кодекстің жаңа редакциясында пластикпен және басқа да жаңғырмалы шикізатпен жұмыс істеу мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды ілгерілету және пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамытудың басқа да маңызды аспектілері бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
АЛМАТЫ