• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2020

Қалың қардан қауіп бар

329 рет
көрсетілді

Биыл қарғын судан қауіп көп. Мамандардың есептеуіне қарағанда, облыстың кейбір өңіріне түскен қардың қалыңдығы жылдағы нормадан екі есе артық. Қар күрт ерісе, қарғын су да сол шамада болуы әбден мүмкін. Демек, осы бастан қапысыз қамданған ләзім.

Көктемгі су тасқынының алдын алуда әлі де олқылықтар орын алып отыр. Мәселен, жанар-жағармай қоры же­тіспейді. Инертті материал­дар салатын қап та жетім­сіз. Об­лыстағы су басып қалу қау­пі бар елді мекендердегі қарды таза­лау іркіліспен жүр­гізілуде. Об­лыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің басшысы Алек­сей Советовтің айтуына қарағанда, Ар­шалы, Астрахан, Бұланды, Бура­бай, Ерейментау, Есіл тәрізді бір­қатар ауданда олқылықтар орын алып отыр. Таяуда төтенше жағ­дайлардың алдын алу және зардабын жою жөніндегі облыстық комис­сияның отырысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев бар­лық аудан әкімдеріне, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» об­лыстық филиалы, ақылы автомобиль жолдары дирекциясы, «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалымен бірлесе отырып, су өтетін құрылғыларды мұқият тазартып, су қоймаларының дайындығын тексеруді тапсырды. Облыс әкі­мі наурыздың онына дейін ги­дрот­ехникалық құрылғыларды жаңғырту жөнінде міндет қой­ды. Сондай-ақ тәулік бойы кезек­шілік ұйымдастыру шарт. Ал су тасқынына дайындығы на­шар аудан басшыларына нақ­т­ы тапсырма берді.

Өткен жылдардағы су тас­қы­нынан түйген тәжірибеге қара­ғанда, қауіп ең алдымен суы мол, арнасы кең Есіл, Жабай тәрізді ірі өзендердің бойынан судың ір­кіліссіз өтуіне байланысты. Қар­ғын су сай-саламен өзенге құйыл­ған кезде лықсыған су ақ­пай қалып, жағалауды ша­­йып кетіп жатыр. Сондықтан ең бі­рінші су алу қаупі бар елді мекендердегі су өткізетін жүйені тап-тұйнақтай етіп тазартқан жөн. Қыс бойы түскен қар өз ал­дына, наурызда да қар аралас жаң­быр жауып, ылғалды молайта түсу­де. Даладағы жұмыспен бірге қала­дағы дайындықты да жеріне жет­кізе атқарған ләзім.

Су басып қалу қаупі бар 54 ел­ді мекеннің маңындағы су жү­ретін 26,8 шақырым каналдың табанын тереңдету көзделген. 16,5 шақырым дамбаны нығайту жос­парланған. Оның үстіне уақытша 17,1 шақырым су бө­гетін салу қол­ға алынған. 41 су өткізетін құ­рылғы қайтадан жаб­дықталды.

Төтенше жағдайлар департа­ментінің іс-шараларына 1 млрд 179 миллион теңге қаржы бағыт­талып отыр. Оның 128,2 млн тең­гесі төтенше жағдайлар қоры, 861,6 млн теңгесі кезек күттірмес шара­ларға арналған. Қалалық және аудандық бюджеттер есе­бінен қосымша тағы да 189,2 млн теңге қарастырылған.

Қазір облыста 225,6 тонна жа­нар-жағармай қоры бар. 24,1 мың тонна инертті материалдар дайын­далған. Елді мекендерден 1 млн 103,4 мың текше метр қар шығарылды. Бұл бағыттағы жұ­мыс әлі де жалғаса түсетін болады. Қазіргі күні апаттың алдын алу­ға 1921 адам мен 979 техника дайын тұр. Егер көктемгі қарғын су бой бермей бара жатса, облыс аумағында алғашқы топқа көмек­ке келетін 814 адам мен 160 техника, 31 дана жүзу құралдары са­қадай сай. «Жаман айтпай жақ­сы жоқ» дегендей, қарғын су басу қаупі бар елді мекендердің тұр­ғындарын уақытша паналату үшін 192 орын дайындалған. Олардың 147-сі білім беру нысандары болса, ал 45-і басқа да ғимараттар.

Қазір облыстағы жағдай жіті қадағалануда. Алдағы тәуліктер­ден бастап 97 жерде кезекшілік ұйым­дастырылады.

 

Ақмола облысы