Елбасының Рухани жаңғыру қағидасы әр жүректің көмбесіндегі жанартауды түрткілеп оятуымен құнды болып отыр. Осы тұрғыда батыр Баубек Бекмырзаұлының биылғы екі жүз жылдық мерейтойына байланысты тың ұсыныс-пікірлерін алға тартып жүрген Қабиболла Шаяхметовтің еңбегін ескерген жөн.
Алдымен Баубек батыр кім? Қысқаша тоқталайық. Ғұлама тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясында: «Кенесары шақырған кеңеске әртүрлі рулардың өкілдері жиналды, атап айтқанда, кеңеске мына адамдар қатысты: бегімбет руынан – Иман, Тәуке батыр, арғынның төлек тармағынан – Жәуке батыр, қарауыл руынан – Баубек, керей руынан – Қошқарбай батыр, төртқара руынан – Байгелді және Әйгер, берді руынан – Сүгірбай. ...Кеңесте Торғай мен Ырғыз ауданын тастап кету туралы шешім қабылданды», деп жазды. Міне, кілең ығай-сығайлардың санатында аталған Баубек батыр Хан Кене басқарған көтерілістің ақырына дейін қатысып, ержүректігімен, адалдығымен, терең парасаттылығымен көзге түскені тарихтан белгілі.
Баубек батырдың көзсіз ерлігі, мақсат пен мұрат жолындағы қайсарлығы хақында еліміздің көптеген қаламгері тың деректермен әдіптелген шығармалар жазды. Немесе ұлт тарихына қатысты еңбектерінде оның ерен болмысына қатысты шынайы түйіндер жасалды. Айталық, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында Кенесары батырларының шоғырында Баубек баһадүрдің шалт қимылды күрескерлігі керемет келбеттеледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл тақырып аясы кеңейе түсті. Солардың ішінде журналист А.Байжановтың «Кенесары хан мен Бектауыл Баубек» атты деректі хикаятын ерекше атаймыз. Ақындар Қ.Аманжолдың, Қ.Мырзабектің батыр наркескендігін желі еткен жырлары оқырмандар көңілінен шықты. Басқа да туындылар көрікті ойларымен көкейде сайрап тұр. Бәрінің діттегені – Баубектей батырдың бүгінгі ел егемендігінің қайнар бастауындағы шешуші ұрыстарға қатысып, жанын пида еткенін бүгінгі ұрпаққа насихаттап, үлгі ету. Осыдан екі жыл бұрын шыққан «Жақсының жақсысы Баубек батыр» деген ұжымдық еңбек те соны мақсат етеді.
Жақсы ауданында кіндік қаны тамған Баубек батыр Ресейдің Түмен губерниясының Есіл уезіне 16 жылға жер аударылып, сонда дүниеден озады (1820-1884 ж.ж.). 2015 жылы жоғарыда есімі аталған Қ.Шаяхметов бастаған баба ұрпақтары Түменге барып, Баубек батырдың зиратын тауып, басына белгі орнатты. Елорда іргесіндегі Қосшы ауылының бір көшесі батыр есімімен аталады. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, 1993 жылы батырға ас беріліп, туған жеріне кесене салынғанының куәсі болған едік. Қазір ол кесене жолдан қиястау, он шақырымдай қашықтықта қалған. Ауыл ыдырап кетті. Соған байланысты батыр ұрпақтары Кенесары ханның батасын алған әрі сенімді серігі болған Баубек батырға ескерткіш орнатылуын қалайды. Және оның тұрғызылатын жері Қима ауданынан шыға берістегі Жақсы мен Жарқайыңға бұрылатын күре тас жолдың қапталындағы қыраттың нақ төсіне көтерілгенін жөн деп біледі. Осы ойларын хаттама толтырып тиянақтап Ақмола облысының әкімдігіне жөнелтіпті.
Әлгінде айттық, биыл Баубек (Бекмырзаұлы) батырдың туғанына 200 жыл толады. Ерлік – елге мұра. Ендеше Тәуелсіздігіміздің тұғырын тіктеу жолында жанын қиған ерге елдік құрмет көрсетілгені сауапты іс болмақ. Тиісті мекемелер бұл ойды құп алса игі.
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері