Әдетте, Жетісуға көктем ерте келетін. Бірақ сол тұста қыстың ызғары ұзаққа созылып, күн райы қырық құбылды. Толассыз жауған жаңбырдың аяғы қарға айналды. Таудағы қойма мен ойдағы өзендерге жиналған ылғал көлемі көбейіп, қарғын су қатері арта түсті. Бұл 2010 жылдың ызғарлы көктемі болатын. Яғни, осыдан тура 10 жыл бұрын Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылы аумағындағы су қоймасы жарылып, етекте орын тепкен елді мекенді су шайып кеткен еді. Өкініштісі, апаттан адам шығыны болып, тұтас ауылдағы тұрғын үйлер қирап қалды...
Қазір апатты бастан өткерген адамдардың есіне жиі түсетін сол қасіретті оқиға тарих қойнауына еніп кетті. Жүрекке түскен жара жазылмаса да, кісі көңіліндегі дертті уақыт емдегені анық. Өйткені, қазіргі Қызылағаш ауылы қайта түлеген, жаңғырған мекенге айналған. Жан басы көбейіп, мал басы өсіп қалыпты тұрмыс-тіршілік ырғағына түскен ауылға арнайы барып, елдің жайымен танысып қайтқан едік. Ол жайында сәл кейінірек баяндайтын боламыз. Алдымен он жыл бұрынғы апатты оқиға жайында айтпақпыз.
Жалпы, жұртты әлі күнге дейін «Қызылағаш апатының алдын алу неге мүмкін болмады?» деген сауал мазалайтыны анық. Мамандар бұл оқиғаның себебін тау арасындағы тоспаның салыну кезеңінен бастап іздеген дұрыс дейді. Ал су қоймасының құрылысы 1986 жылы басталып, 1993 жылы аяқталған екен. Негізгі жобаны совет инженерлері жасап, алып елдің ауыл шаруашылығын гүлдендіру жолындағы жоспарды орындауға күш салғаны анық. Өйткені, сол тұста қант қызылшасын өсіруге ерекше көңіл бөлініп, тәтті түбір алқаптарын көбейту міндеті тұрды. Мысалға, Ақсу ауданы бойынша егілген қызылшаның 50 пайызы осы Қызылағаш ауылына тиесілі болыпты. Алайда, Совет одағының тарауы бұл мақсатты аяғына дейін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Есесіне, Қызылағаш су қоймасы да бірнеше жыл қараусыз қалды. Үкімет бұл тоспаға 1997 жылдан бастап қана назар аударған екен. Кейін қойма жекеменшіктің басқаруына берілген. Бұл жерде тау арасындағы су жиналатын орынның әу бастағы жобалануында қателік болғанын айту парыз. Кезінде қойма құрылысына зерттеу жасаған гидролог мамандар жартасты тау арасына мұндай тоспа салуға болмайтынын айтқан көрінеді. Өлкедегі тау жыныстарының ерекшелігі үлкен көлемдегі су қорын жинауға мүмкіндік бермейтінін, түбінде жартастардың арасын ағын жырып кететініне дейін дәлелмен көрсетіліпті. Бірақ, бұл ескертпеге ешкім құлақ аспаған екен. Соның кесірінен арада 30 жыл өткеннен кейін Қызылағашта апат болды. Сол қателіктің салдары ауыр трагедияға ұласып, 45 адамның өмірін жалмады...
Жалпы, Қызылағаш су қоймасының сыйымдылығы 42 000 000 куб шамасында болған. Ал тоспа жарылған көктемде қоймада жиналған су көлемі 46-48 миллион кубтан асып кеткен деген пікір бар. Сондай-ақ, кейін бұзылған тоспаны зерттеген мамандар әуелгідегі құрылыстың талапқа сай еместігін анықтап, тоспа қабырғаларын бекітуге арналған темір құрсаудың болмағанын және құрылысқа қажетті цементтің де жоспарланған көлемнен аз мөлшерде құйылғанын құжат жүзінде дәлелдеген. Демек, уақыт өте келе Совет одағы кезіндегі қателіктің зардабы бәрібір шығатын еді. Апатты жағдай 2010 жылдың 11 наурызы күні басталған. Су шаруашылығы мамандары мен ауыл азаматтары өз күшімен қоймадағы су мөлшерін азайтуға тырысқанымен, оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Кешкілік қойманы бұзып, жарып аққан су 18 минутта етектегі ауылға жетіп, жолындағының бәрін жайпап өтті. Дерек бойынша 2010 жылы Қызылағаш ауылын 3 жарым мың адам мекен еткен екен. Аяқасты болған апаттан 45 адам қаза болды. Өкінішке қарай, он екі балалың көрер жарығын ағын су жалмады. Он мыңға жуық ірілі-уақты мал басы қырылды. Суға кеткен, бүлінген көлік, дүние-мүлікте есеп жоқ еді. Алапат ағын 146 тұрғын үйді толығымен ағызып әкетіп, 251 үйді қиратып кетті. Ал 122 жеке үй құламай, аман қалған екен. Кейін ауыл толықтай қалпына келіп, тұрғындар түгелдей баспанамен қамтылды. Жаңадан салынған нысандардан бөлек, барлық ғимаратқа күрделі жөндеу жасалған.
Осы қиын күндерде Қызылағаш тұрғындарының қасіретін мұқым қазақ елі бірге көтерді. Жетісу жұртынан бөлек еліміздің барлық облысынан қайырымдылық керуендері жолға шығып, адамдар арнайы ашылған қорға қаржы аударып жатты. Есеп бойынша ауылды қалпына келтіруге 8 миллиард теңге шамасында қаражат жұмсалған екен. Бұл қаржыда әр қазақстандықтың үлесі бар десек, қателеспейміз. Ал сын сағатта Қызылағаш ауылына алдымен жетіп, құтқару жұмыстарын ұйымдастарғандардың бір – Алматы облысының қазіргі әкімі Амандық Баталов болатын. Ол кезде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған басшы он жыл бұрынғы оқиғаны ой елегінен өткізді.
- Қызылағаштағы оқиға менің өмірімде өшпес із қалдырған, еске алуға қиналатын оқиға ретінде сақталып қалды. Ол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары едім. Ауылды су алды деген хабар жетісімен, Қызылағашқа келдік. Жағдай өте ауыр болды. Кеше ғана жайнап тұрған ауылдан дым қалмаған екен. Судың тереңдігі адамның кеңірдегінен келеді. Барлығымызда бір ғана мақсат болды: адамдарды құтқарып, қауіпсіз жерге көшіруге кірістік. Тұрғындардың дені су келмей тұрып ауылдан шығып үлгерген екен. Құлақтанып үлгермегендер су астында қалыпты. Ағын басып кірген кездегі алаңсыз ұйқыда жатқан адамдардың жағдайын елестетудің өзі қорқынышты. Су төменге қарай қатты жылдамдықпен ағып жатыр. Ол жақта да ауылдар бар ғой. Ең жақыны Егінсу еді. Көлікпен жүру мүмкін емес. Дереу төтенше жағдай қызметінің тікұшағымен Егінсу ауылына ұшып шықтық. Ауылды су ала бастапты. Тікұшақты биіктеу жерге қондырып, ауылға кірдік. Тұрғындардың үрейленгені сонша, біреуді біреу біліп болмайды. Көмек келгенін көргендер тікұшаққа ұмтылды. Қариялар мен балаларды, әйелдерді бірінші кезекте жөнелттік. Әлі есімде, 8 орындық тікұшаққа 10-12 адамды отырғызып, бірнеше рейс жасадық. Ер-азаматтарды қарсылық көрсеткеніне қарамастан кейінгі кезекке қалдырып, ауылда ешкімнің қалмағанына көз жеткізіп алмақ болғанмын. Сөйтсем, үйлердің бірінде аяғы ауыр келіншек қалып қойыпты. Оны қолтығынан демеп тікұшаққа жеткенде, бір бос орын ғана қалыпты. Ойланып жатпастан тағы бір-екі жігітті күштеп түсіріп, жүкті әйелді мінгізіп жібердік. Осылайша, тұтас ауылды қауіпсіз орынға көшірдік, - деп еске алады облыс әкімі Амандық Баталов.
12 наурыз күні Қызылағаш ауылын шайып өткен ағынды судың деңгейі төмендегенімен, күн райы күрт суытып, қар жауып, боран соға бастаған. Судан қашып биіктеу төбе басын паналаған жандарға ызғарлы ауа райы тағы бір қатер болып төнді. Енді адамдардың суықтан үсіп кетпеуі үшін күрес басталды. Жол талғамайтын әскери көліктер тауға қарай босып, бас сауғалағандарды іздеп, құтқаруға кірісті. Қызылағаш ауылынан 8 шақырымда шаруа қожалығының қыстағы бар еді. Өзі ылдида, ағынның жолында екен. Құтқару жұмыстарына басшылық жасап жүрген Амандық Баталовқа шопанның туыстары қыстақта бір отбасы қалғанын, араларында кішкене бала бар екенін айтып, көмек сұрапты. Дереу екі көлік жолға шығады. Ойпатқа түскен сайын су тереңдеп, батпақ қалыңдай берген. Жол талғамайтын әлді көліктің өзіне жүру мұң болды. Екінші көліктегі құтқарушылар тобы ары қарай жүрудің мүмкін еместігін айтып, босқа уақыт жоғалтпай кері қайтуды ұсынған екен, Баталов бұған көнбепті.
- Қайткенде де қыстаққа жетуіміз керек болды. «Жігіттер, онда жас нәресте бар екен. Егер мына түрімізбен біз құтқара алмасақ, ертең елге не бетімізді айтамыз? Тәуекел, тарттық...» дедім көліктегілерге. Көз алдымда жылаған баланың бейнесі кетпей тұрып алды. Көлік тізгінінде жасы үлкен адам екен, үнсіз келісті. Екінші көлікті кері қайтарып, алға жылжыдық. 8 шақырымға жету мұң болды. Біресе су тереңдеп, біресе батпақ қалыңдап әрең келеміз. Терең ор, жыраға түсіп кетпес үшін шопырға қылтиып көрінген қамыстың үстімен жүру керектігін айтып келемін. Қамыстың бойы ары кеткенде 1 – 1,5 метр болады. Демек, судың тереңдігі де сондай болуы тиіс. Ауыр көлік теңселіп келеді, ішінде допша домалаймыз. Бір секіргенде оң қолымды есіктің тұтқасына соғып алдым ба, тызылдап әкетіп барады. Оған қарайтын уақыт па, ақыры қыстаққа жеттік. Келсек, шынымен бір әулет ажал аузында отыр екен. Әулеттің анасы сәбиін кеудесіне қысып алыпты. Бізді көргендегі олардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қыстақтағы адамдар түнде келген судан дөңестегі моншаны паналап, аман қалыпты. Бірақ, оның ішіне де су кірген. Құрғақ зат жоқ. Киім, төсек орынның бәрі суға шылқыған. Үйдің отағасы тіпті мұз болып қатып, кескен дөңбектей болып кетіпті. Оны көлікке әрең көтеріп салғанымыз есімде, - деді сөз арасында Амандық Баталов.
...Қызылағаш ауылына арнайы барған сапарымызда біз сол күнгі апатта қыстақты паналаған әулеттің үйіне соқтық. Отағасы Жанболат Дәукенұлы он жыл бұрынғы оқиғаны күрсіне отырып еске алды.
- Сұмдық оқиға болды ғой. Алдында «таудағы қойма жарылады екен, су қаптайды екен» деген сөз шықты. Біз ауылдан 8 шақырым қашықтықта едік. Үйде әйелім, 3 жасар қызымнан басқа тағы үш інім де болды. Алты адамбыз, әрі қыстақты тастай қашу ойымызға келмеді, тіпті мұндай жағдайды күтпедік. 12 наурызға айналған түнде, шамамен сағат 1 шамасында гүрілдеп су келді. Үй саман кірпіштен салынған, ескілеу еді. Суға шыдамайтыны түсінікті. Жаңадан салған моншаны паналадық. Құдайға жалбарынып, тас қараңғыда отырдық. Моншаға су кірді. Әйел мен баланы тепкішекке шығарып, өзім тікемнен тік тұрдым. Су көтеріле-көтеріле кеңірдегіме дейін жетті. «Әй, өлген жеріміз осы болды ғой...» деп үрейленсек те, шыдадық. Екі сағаттай өткенде су қайта бастады. Есікті ашып, іштегі суды ағыздық. Бәріміз малмандай сумыз. Қырсыққанда, күн қақап берді. Суық жел күшейіп, қар жауа бастады. Іліп-алар құрғақ киімге баланы орап, әрекетке кірістік. Содан түс ауғанша шыдадық. Егер көмек тағы бірер сағатқа кешіккенде бәріміз суықтан үсіп, қатып өлетін едік. Қазір ойлаймын, сол кезде шейіт болған адамдардың көбі судан емес, қатты суықтан үсіп кеткен болар деп. Бізді құтқаруға келген көлікті көргенде қимылдауға шамам жоқ еді. Келген адамның әкімнің орынбасары екенін кейін білдім. «Сізді бізге Құдай жіберді, бізді құтқарыңыз, баланы сақтаңыздар...» дей берген екенмін, - деді бізге Жанболат Дәукенұлы.
Сол сұмдық оқиғаны бастан өткерген 3 жасар Айшуақ қазір ауылдағы орта мектептің 8-сыныбында білім алып жүр. Сабақты үздік оқитын Айшуақ болашақта қазақ елінің әсем табиғатын әлемге танытып, туризм саласының дамуына қызмет ететін маман болғысы келеді екен. Өзі шығармашылыққа жақын. Өлең жазады. Ол ауылды су шайып кеткенін, өздерінің апаттан аман қалғанын ата-анасының айтуы бойынша біледі. Бүтін отбасын ажал аузынан құтқарған Амандық Баталов кейін Айшуаққа «Сен апаттан аман қалған қызсың, ғұмырың ұзақ болады. Еліңе, жеріңе қызмет ет!» деп бата беріпті. Айшуақ та Амандық атасына арнаған ақ тілегін өлең жолдарына сыйғызып, жеткізген екен.
Қызылағаш оқиғасы адамдардың өмір жолы мен тағдырына да өшпес із қалдырған трагедия ретінде есте қалды. Тіпті қиын-қыстау күндер бұрын өкпелесіп, ажырасқан жандардың қайта табысуына ықпал етіпті. Әңгіме үстінде облыс әкімі бір қызық жайды баяндап еді.
- Оқиғадан кейін келген шығынды есептеп, тұрғын үйлерді түгендеп жаттық. Комиссияға ауыл тұрғыны Людмила Зайцева деген әйел келіп арызданды. Оқиғаның алдында күйеуімен ажырасуға арыз беріп, оны құжат жүзінде рәсімдеуге үлгермепті. Бірақ, бұзылған үй екеуіне ортақ екен. Енді дүние мүлікті бөлгенде тиетін үлес бойынша, өзіне бір үй, күйеуіне бөлек баспана беруді сұрап келіпті. Мен бұлай ете алмайтынымызды айттым. Оның заңды негізі де жоқ еді. Көз жасын көл қылған әйелге «Үйіңізді қалпына келтірудің бір жолы бар, келіссеңіз, бірінші сіздің үйді жөндейміз...» деп едім, ол аңтарылып қалды. «Күйеңізбен қайта қосылыңыз. Үй ортақ болады. Отбасыңызды сақтап қаласыз. Мал береміз, мүлікті түгендейміз» дедім тағы. Содан үнсіз шығып кетті. Ақыры олар қайта қосылып, табысты. Олардың қарт әке-шешесі бар екен, маған арнайы келіп, балаларының жарасып кетуіне себеп болғаным үшін рахмет айтты. Ал біз барлық тұрғындарға берген уәдемізде тұрдық, - дейді Амандық Баталов.
Ауыл қалпына келіп, ел көңілі орнына түскенде Қызылағашқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келген еді. Осы сапарда Тұңғыш Президент сол Зайцевтердің отбасына соғып, Владимир мен Людмиланың үйінен дәм татқан болатын.
Сөз басында қазіргі Қызылағаш ауылының қалыпты даму жолына түскенін айттық. Тұрғын саны 3025 адамға жетті. Ауылдың аналары демографияға үлес қосып келеді, өткен жылы 85 нәресте дүниеге келіпті.
- Ауылымызда көп балалы отбасылар қатары көбейіп келеді. Жыл басынан бері 54 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беріп еді, қазір 34 әулет бұл көмекке қол жеткізді. Мал басы да өсіп жатыр. 184 шаруа қожалығы бар. Оның елу төрті жер еміп, егін салады. 3000 бас жылқы, 9853 бас ірі қара өрісте жүр. Уақ малдың саны да 5 мың бастан асты. Биыл су қоймасы қолданысқа беріледі. Бұл ауылдағы суармалы егістіктің көлемін арттыруға сеп болмақшы. Шаруа дөңгеленсе, тұрғындар жұмыс істеп, табыс еселенеді, - дейді Қызылағаш ауылының әкімі Айдар Самихов.
Алматы облысы