• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2020

Отандық мақтаны қайта өңдеу үлесі 3 есеге ұлғаяды

355 рет
көрсетілді

Биылғы ақпанда еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 12,4% өсті. Оның ішінде тоқыма бұйымдары 11,9%, киім-кешек 9,7%, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде 11,8% өсім байқалды. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жеңіл өнеркәсіп кез-келген елдің экономикасы үшін маңызды рөл атқаратындықтан, әлемде бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіледі. 

Қазақстанда да бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үкімет өткен жылдың наурыз айында 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасын мақұлдады. Онда кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу, қазақстандық қамту үлесін арттыру, экономикалық ынталандыру және жүйелі қолдау бойынша шаралар көзделген.

Қазіргі елімізде киім мен аяқ киім өндіруге арналған маталардың көптеген түрлері, дайын тері, фурнитура, сондай-ақ қолданбалы материалдар өндірісінде пайдаланылатын химиялық реагенттер мен бояғыштар өндірісі жоқ. Бұл жағдай тиісінше дайын өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

Қазақстанда бүгінгі таңда қуаттылығы 31 мың тоннаға дейін мақта талшығын өңдеуге мүмкіндік беретін 4 тоқыма мақта өңдеу кәсіпорны бар. Алайда, олардың екеуі ғана - «Azala Textile» ЖШС және «Azala Cotton» ЖШС тұрақты жұмыс істеп тұр. «Альянс» СӨК Қазақстан-Өзбекстан бірлескен кәсіпорны 2019 жылдың желтоқсанында «Ютекс» АҚ тоқтап тұрған өндірісін іске қосты. 

Саладағы өзекті проблемаларды шешу мақсатында Премьер-Министрдің Өкімімен елімізде мақта-тоқыма кластерін дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Соның шеңберінде «Ютекс» фабрикасының толық қуатқа шығуы, сондай-ақ тігін өндірісін және тоқтап тұрған екінші фабрика – «Меланж»-ды іске қосу жөніндегі шаралар көзделген.

Бұдан басқа, таяуда «Оңтүстік» АЭА-нан тыс орналасқан мақтаны қайта өңдеу жөніндегі қолданыстағы тоқыма фабрикаларына арнайы экономикалық аймақ преференцияларын беруді қарастыратын қаулы қабылдау жоспарланып отыр.

Бұл шаралар отандық мақтаны қайта өңдеу үлесін 3 есеге ұлғайтып, қосымша 1 мың жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Министрлік тері шикізатын өңдеу бойынша кәсіпорындарды қолдау шараларын жүзеге асыруда. Бүгінде алынатын ірі қара мал терісінің барлық көлемінен (шамамен 3 млн.тері) былғары кәсіпорындары терінің 16%-ын өңдейді.

Былғары кәсіпорындарының жүктемесін, сондай-ақ былғары және оған жататын өнім өндірісінің көлемін ұлғайту мақсатында ел аумағынан өңделмеген ірі қара мал терісін шығаруға уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ негізгі кооперацияны ескере отырып, сүт, тері, жүн қабылдау пункттерін құру мен дамытуды қаржыландыруды көздейтін «Бірлік» несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Осы бағдарлама аясында Қарағанды облысында 13 млн. теңгеге бір қарыз берілді, оның ішінде 8,7 млн. теңге жүн өңдеу бойынша жабдықтар сатып алуға және 4,3 млн. теңге айналым қаражатын толықтыруға жұмсалуы тиіс.

Жеңіл өнеркәсіп саласының отандық кәсіпорындарын, сондай-ақ fashion-индустрияны қолдауға бағытталған осы шаралардың барлығы өндірушілерге өндіретін тауарлар номенклатурасын кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға, ел ішінде отандық өнім имиджін арттыруға және нәтижесінде жергілікті қамту үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.