• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Наурыз, 2020

Ақмола облысында көзі тірі 38 соғыс ардагері бар

492 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Ақмола облысынан қан майданға 83142 азамат аттанған, соның тең жартысы еліне оралмады. Бүгінгі күні көзі тірі 38 соғыс ардагері бар.

Майдан даласында оқ-дәрінің иісін иіскемесе де, тылдағы тақсыретті тартқандар аз емес. Соның бірі Валентина Вильховченко. Соғыс басталған кезде небәрі 7 жасар бүлдіршін болатын. Тірі қалу үшін сол кезден бастап тырбанып тіршілік етті.

Әкесі майданға аттанғанда 7 жасар Валентина анасымен және екі бауырымен қалды. Туған жері Украинаның Днепропетровск қаласына жау жақындап келгенде қаншама қиыншылықты басынан кешірді. Аштықты да көрді, басқыншы жаудан бас сауғалап 200 шақырым жерді жаяу жүргені есте. Ақыры ата-анасының туған жері Ясиноватка селосына қоныс аударып, 7 жыл сонда тұрақтады.

– Еске алу өте қиын. Қауіп төнген кез еді. Кез-келген минутта жау қолынан  өліп кетуіміз мүмкін еді. Соғыс аяқталғанша колхозда тұрдық. Барлық жұмыс әйел адамдар мен балалардың  мойнында болды. 7-8 жасар бала болсақ та, күні-түні жұмыс істедік. Астық жинайтын техникаға екі-екі баладан жармасып, соны айналдыратынбыз, – дейді тыл ардагері.

Ауыр жұмыс кезінде талай өлім аузынан қалыпты. Тың игеру жылдарында жастар жаппай Қазақстанға келіп жатты. Валентина Ивановна да 1961 жылы көшпен бірге Целиноград қаласына қоныс аударған. Осы жерде өмірлік жарын кездестіріп, отбасын құрады. Араға он жыл салып, отағасын қызмет бабымен Көкшетау облысына ауыстырады. Тыл ардагері сол кезде қалалық ауруханаға дәрігер болып орналасады. Осы жерден зейнетке шығады. Ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы ана жолын қуып дәрігер болып еңбек етуде.

Валентина Ивановна семсерлесу спорт түрі бойынша КСРО-ның спорт шебері. Днепропетровскіде медициналық институтта оқып жүріп-ақ, семсерлесу арқылы  танылып, талай жарыстарда чемпион атанған екен. Кейін мамандығы бойынша семсерлесуші спортшыларға дәрігерлік көмек көрсетумен айналысқан. Бүгінде ардагер өткенін жылулықпен еске алып, болашағына еш алаңсыз қарайды.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагері толғанатын шақ көп. Өткен өмір ойға оралады. Тіршілігінің тінін ұзартқан еңбек деп топшылайды. Жас толқынмен жүздескен сәтте адалдан тапқан нан тәтті екендігін айтудан жалыққан емес.