Солтүстік Қазақстан облысындағы экономикалық қуаттылығы жоғары, жер көлемі үлкен, халқының саны көп аудандардың бірі – Ғабит Мүсірепов ауданы. Аудан облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Сондықтан мұнда облыс орталығына сапармен келген жоғары дәрежелі қонақтар, депутаттар мен шенеуніктер келе қоймайды.
Үш ауданның орнынан құралған
Ғабит Мүсірепов ауданы 1997 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев, Куйбышев және Чистополье аудандарының қосылғанынан құралған. 2002 жылы қазақтың классик жазушысы Ғ.Мүсіреповтің туғанына 100 жыл толуына орай оған жазушының аты берілген. Оған дейін «Целинный» деп аталатын. Шынында осы аумаққа тыңгерлер көп келген. Ауылдардың атауында олардың іздері сайрап жатыр. (Ставрополье, Целинный, Червонный, т.т.) Аудан орталығы Новоишимка – Қызылжардан 270 шақырымдай жерде.
Аудандағы 43 мектептің жетеуі ғана қазақ тілінде білім береді және 2-3 аралас мектеп бар. 42 мыңдай халықтың арасында қазақтардың үлесі енді ғана үштің біріне жетіпті. Атын алғанымен ауданда Ғ.Мүсіреповке не алаң, не көше аты берілмеген, ескерткіш түгілі әлі бір бюст те қойылмапты. Оның бәрін жазушының екі жылдан кейін аталып өтілетін 120 жылдық мерейтойының жоспарына енгіземіз деген сөздер айтылды.
Аудан экономикасының қуатын арттырып тұрған ауылшаруашылық құрылымдары. Олардың жоғары табысының басты ерекшелігі – сырттан келген инвестордың күшімен емес, бұрынғы кеңестік құрылымдарды ұстап қалып, дамытудың нәтижесінде қол жеткізуі. Біз сондай қуатты кәсіпорындардың бірі «Целинный» ЖШС-не жол тарттық.
«Целинный» ауылында
Атынан белгілі болып тұрғанындай бұл ауылдың қазығы тың көтеру жылдарында қағылды. Аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде, облыстың ең батыс шетінде орын тепкен. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарға дейін «Целинный» кеңшары болған. 25 жыл бұрын ауылды басқаруға жас директор Серік Ыбыраев тағайындалады. Бұл кеңшарларды жаппай таратып, орнына бірнеше ферма құру талабы қойылған кез болатын. «30 мың гектар жері бар кеңшардың таратылмағаны қалай, жер мен мүлік пайының есебіне кеңшарды тарат» деген аудан басшылары директорға дігерді салып отырады. Оған да көнбеген соң сол кездегі аудан басшылығы өздері келіп, халықпен жиналыс өткізіп, өкіметтің саясаты шағын фермерлер құру екенін, оның тиімді болатынын түсіндіреді. Сонда жас директор орнынан тұрып, «тарат десеңіздер таратып-ақ жібереміз, бірақ олай етсек жер де еге алмаймыз, мал да өсіре алмаймыз, біздің күшіміз бірлікте», дейді. Оның сөзін ауылдың білікті кісілері қолдап, ауылды таратпаймыз деген шешім қабылдайды. Ауданнан келгендер кеңшарды тарата алмағандарына ыза болып, күшке сала бастаған сәтте директор: «Сіздер өздерің шешіңдер дедіңіздер, енді біздің шешімімізді неге бұзғыларыңыз келеді» дегенде ауыздарына құм құйылып, келген іздеріме кері қайтады.
Содан бері, бұрынғы «Целинный» кеңшары өздігінен өмір сүріп келеді. Директоры Серік Ыбыраев 3-4 жылдай Жамбыл ауданына әкім болған соң шаруашылыққа қайта оралған.
2004 жылы шаруашылық «Целинное-2004» ЖШС болып қайта құрылды. Барлық халықтың жерді пайдалану құқығын біріктіріп, басқа құрылым саналса да экономикалық қуаты құлдыраған жоқ. Содан бері шаруашылық жаңадан жүздеген техника алыпты. Бізді машина-трактор паркіне апарған директор 16 бельгиялық «Ньюхолонд» комбайнын көрсетіп, «осылар неше ораққа қатысты деп ойлайсыздар?» деп сұрады. Түрлеріне қарап «көп болса бес рет қатысқан шығар» десек, 23 рет қатысқан екен. Қожайын техниканы күтіп-баптап ұстатып, орақтан кейін жылы арнайы бастырмаға кіргізіп қоятын көрінеді. Осындай күтім көрген техникалар жаңадан кем емес, жарқырап тұр. Осы бастырмада басқа америкалық 570 ат күші бар 9 «Челленджер» тракторы, екі «Вектор» комбаины да тұр. Дәл осындай тағы екі гаражды көрдік. Ондағы «Морис», «Бурго», «Джон-Дир», 23 «Кировец», 10 «МТЗ» т.б. техникалар да күтімді қолда екені көрініп тұр.
Серіктестікте барлығы 3,5 млрд теңгенің техникасы жұмыс істеуде. Слесарь, токарь мамандары ғана емес, механизаторлардың бәрі көктемгі егіске техника дайындауда екен. Токарь Виктор Москаловтан «еңбекақыңыз қанша десек?» қаңтар айында 370 мың теңге алыпты. Ал механизатор Олег Белоусов үйінің орталық жылуға қосылғанын, судың да жеткізілгенін айтып, ешқандай қаланың керегі жоқ екенін жеткізді.
Қазір ЖШС-да 36244 гектар жер бар, биыл соның 5896 гектарына зығыр, 2453 гектарына бидайдың қатты, 13556 гектарына жұмсақ сұрыптарын, 5087 гектарға арпа егуді жоспарлап отыр. Былтыр астықтан гектарынан 14,5 центнерден өнім алған екен. Қасиетті қара жерге дамыл беріп, биыл 7 мың гектардай жерді парға қалдырғалы отыр.
Қазір астық тұқымдары толық тазаланып, 7 қоймада сақталып тұр. Оны тазалап, сұрып сапасын арттыратын техникалары сақадай сай. Осында бір қызық жайдың куәсі болдық. Бұл – ескі КамАЗ-дарды жинастырып, керегінше жаңа бөлшектер салып, құрастырып шығаратын төрт шебер жұмыс істейтін шағын цех. Шеберлер арнаулы мамандар емес, ертең осы КамАЗ-дармен жұмыс істейтін жүргізушілердің өзі. Олар өздерінің темір тұлпарларын өз қолдарымен жинап шығатын көрінеді. «Осылай жинап шыққан КамАЗ-дардың шығыны 4-5 млн теңге ғана, ал жаңасын алсақ 25 млн жұмсар едік. Оның үстіне қазіргі жаңаларының көбі сапасыз», дейді директордың орынбасары М.Ғадулов. Осыған дейін 4 КамАЗ-ды дайын қылыпты, бүгінде төртеуін жинап жатыр.
Отын жақпайды, су тасымайды
Ауылда көшіп кетушілер жоқтың қасы, жұмыс күші толық. Әрине, мамандар жағы жетіңкіремейді. Әсіресе, токарь, слесарь сияқты мамандар азайып қалған. «Қазіргі жасамыс адамдар ертең зейнетке кетсе орнын басатындарды таба алмай қаламыз ба деп алаңдаймыз», дейді директордың тағы бір орынбасары Анатолий Талебин.
Осы ауылда 200-ден артық түтін болса, соның 70 пайызы орталық жылу қазандығына қосылған екен. Ал қазандықты жылытуға сабан пайдаланылады. Бұрын бір қысқа 30 мың тонна көмір алатын болса қазір шаруашылық толықтай өздерінің сабанымен жылытылады. Бұл әрі үнемді, әрі экологиялық жағынан таза. Ауылдың үстінен иісі бұрқырап, көмірдің қара түтіні көтерілмейді.
Таза ауыз су да үйлерге толық жеткізілген. Ауыз су сапасы өте жоғары екенін сараптама көрсетіп беріпті. Енді ауылға тасымалмен газ да келіп жатқан көрінеді. Шаруашылық басшысы оның цистернасын да орнатып қойыпты. Басшылық ауылдың барлық техникасын газға көшіруді көздеп отыр.
Ауылды аралағанда ең есте қалатын орын – наубайхана. Күмпиген қызыл күрең бөлкелер адамның тәбетін ашады. Қанша тойып тұрсаң да иісі бұрқыраған, дәмі балдай жарықтықтықты бір сындырмай кете алмайсың. Серіктестік оны күніне 400-500 данадан пісіріп, ауылдастарына 60 теңгеден сатып жатыр. Су тегін дерлік.
Серіктестік биыл мектепті жөндеп, терезелерін ауыстырып берді. Оқушыларға бір мезгіл берілетін ыстық тамақтың шығынын да өздері көтеріп отыр. Былтырғы оқу жылында бұл шығын 3 млн теңгенің көлемінде болса, биыл көбірек болатынға ұқсайды. Сонымен бірге шаруашылық директоры өзінің бастамасымен «үздік сынып», «үздік оқушы» аталымдарына конкурс жариялапты. Оқу жылының соңында жеңімпаздарды еліміздің қалаларына экскурсияға апармақ. Сол сияқты балабақшаның барлық шығынын мойындарына алған, ата-аналар айына тек 3 мың теңгеден ғана төлейді.
Серіктестік пайға астық берумен қатар материалдық көмек ретінде жұмысшыларына 13,8 млн теңгенің жем-шөбін жинап берген. «Барлығы 743 тонна шөп, 195 тонна сабанды әр үйге үйіп бердік», дейді А.Талебин. Бұдан басқа жұмысшылардың тегін тамақтануына 3,8 млн теңге жұмсаған екен. 2019 жылы жалпы көлемі 245 млн теңгенің еңбекақысы төленген. Мемлекетке барлық салықты уақтылы төлегені үшін 8 млн теңгеге жеңілдік те алыпты. Орташа еңбекақы көлемі – 120,5 мың теңге. Бізді бастап жүрген «Ауыл» партиясы облыстық филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжінов мұндай қамқорлықтың Кеңес одағы жылдарында да жасалмағанын айтып, «мынау коммунизм дегеніңнің өзі ғой» деп жатты.
Шаруашылық басшылары айтқан әңгіменің шындығына көз жеткізе түсу мақсатымен бірнеше тұрғынның үйіне бас сұқтық. Алдымен мектеп мұғалімі, Ауған соғысына қатысқан Ерлан Есенбаевтың үйіне бұрылған едік. Ол шаруашылық басшысына алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді. Енді ше... Отын жақпайды, су тасымайды. «Аристон» орнатып, ыстық су да ағызып отыр. Қаланың жайлы пәтерінде тұратын сияқты. Оның үстіне қорадағы екі-үш қарасының да жем-шөбін серіктестік тегін берген. Сол сияқты жалғыз тұратын Нина Капалина әжейге де соқтық. Ол да Ерланның айтқанын қайталады. «Біздікіндей арзан әрі дәмді нан ешқайда жоқ шығар. Өзі күмпиген үлкен, жергілікті ұннан ешқандай қоспасыз пісіріледі», дейді кезінде Көкшетаудың Зеренді ауданында өсіп, қазақ тілін үйренген кейуана.
«Целинный» ЖШС бұрынғы кеңшардың поштасын, клубын, кітапханасын да сақтап қалған. Тіпті қоғамдық монша да келушілерді тосып отыр. Бағасы да су тегін...
Солтүстік Қазақстан облысы