Күміс алқа иегері Құралай Ғабдұлқамарқызы – мынау жарық дүниедегі пенденің пешенесіне жазылар бақытын тапқан адам. Көңілінің терең бір түкпірінде адамдарға алқаусыз жақсылық жасасам, кішкентай ғана қарекетіммен көңілдерін жаз гүліндей жайнатып, нұр шуағын себезгілесем деген мұраты толайым орындалып келеді. Оқырманға түсінікті болу үшін ол қандай мақсат екенін де айта кетелік.
Құралай Ғабдұлқамарқызы бала асырап алған отбасыларды қолдау орталығында еңбек етті. Жұмыс бабымен балалар үйіне жиі барып тұратын. Барған сайын көңілі құлазып қайтады. Жүздері әп-әдемі, қылықтары тәп-тәтті кішкентай сәбилерді көрген сайын ет жүрегі бүлк ете қалатын. Тағдырдың тәлкегімен балалар үйінен пана тапқан әлгі сәбилердің уылжыған күлкісі көпке дейін көз алдында тұратын. Жаратқан ием-ау, мынандай періштелерді қалай тастап кетті екен деп ойлаушы еді. Сәбилердің көпшілігі тастанды. Сәбилер ғана емес, ересектері де бар.
– Бала, шіркін, бойыңдағы жылылықты сезіп тұрады ғой. Барған сайын қаздың балапандары сияқты менің жаныма айналып-үйіріліп келе беретін. Ес біліп қалғандарымен емен-жарқын сөйлесіп, сырласамын. Олар да маған риясыз көңілмен жан-дүниесінің терең бір түкпіріндегі жан сырларын ақтарып салатын, – дейді Құралай Ғабдұлқамарқызы, – әсіресе, Татьяна есімді қызды ұнатып қалдым. Бір қарағанда, өте ұқыпты бала. Болашақ туралы ой толғағанда, оқығысы келетінін, білім алғысы келетінін айтушы еді. Қол байлау інісі. Ол да осы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр екен. Тастап кеткісі келмейді.
Тастанды балалар өздерінің ата-аналары туралы жиі айтатын. Қайырылмай кетсе де, ілтипатын танытатын. Бақпаса да, бағалап тұратын. Тіпті кездескілері де келеді. Тағдыр ондай сәтті бұйыртса, ата-аналарының қылмысқа пара-пар келеңсіздіктерін беттеріне баспақ емес. Бәрін де түсінеді. Мұның барлығы тағдырдың жазуы деп ұғады. Ал ата-аналары болса, бауыр еті балаларын тастап кеткен себептері тұрмыстың қиындығынан деседі.
Шын мәнінде Құралайдың пайымдауынша, әкелік, аналық сезімнің жоқтығынан, әйтпесе, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай адамдар өзі өмірге әкелген сәбилерін асырай алмаушы ма еді. Көңілдеріне тіршіліктің мұзы қатқан әлгі балалардың сәл салқын тартқан жүрегін аналық абзал пейілмен, ақ махаббатпен жібітуді ұйғарған Құралай жолдасы Рашид екеуі 2017 жылы Сандықтаудағы балалар үйінен 10-15 жас аралығындағы Виктория, Татьяна, Альбина, Максим және Андрей есімді бес баланы асырап алды. Шаңырақ шаттыққа толды, қуаныш еселеп көбейді. Мақсатына жеткен Құралайдың қуанышында шек жоқ еді. Осы бір сәт шынымен Рашидтың шаңырағында ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
Жаңа шаңырақтағы тұрмыстары жайлы, не ішемін, не киемін демейді. Төрт құбылалары теңелген тәрізді. Бақ құсы маңдайға енді қонды дегенде, орны толмас оқыс оқиғаның орын алды. Әкелері Рашид мезгілсіз, қайтпас сапарға аттанды. Сәл жадырап, көктемгі жауқазын гүлдей бүр жарып келе жатқанда, тұла бойларын тітірентер, тоңдырар, жауратар ызғар қайта соқты. Өзінің алты баласы мен Сандықтаудағы балалар үйінен бауырына басқан бес бала – бір қауым жұрт сең соққан балықтай абдырап қалды. Жаратқан ие бір жылатқан пендесін қайта-қайта жылата беруші ме еді, бұлт артынан күн шықпай ма?..
Рашидтың қара шаңырағында қуанышты күндер қайта басталған. Ұлдары Фархад пен Расул отбасылы болып, бір қызын ұзатты. Қалған сегіз бала бір үйдің балаларындай өсіп-өніп келеді. Елдар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқиды. Ал Альбина жоғары техникалық колледжде тігінші мамандығын игеруде. Қалғандары мектеп оқушылары.
Құралайдың бауырына басқан балалары әр ұлттың өкілдері. Мәселен, Максим молдован, Виктория украин, Альбина чешен, Андрей мен Татьяна орыс. Он бір баланың бәрі бір ата-анадан туғандай. Шаңырақтың шаттығын шалқытып тұрған бірлік. Былай қарағанда, әрқайсысы қазақтың киіз үйінің уығы тәрізді. Тіршіліктің жауыны мен дауылында ортақ шаңырақты міз бақпай көтеріп тұр. Үйдегі береке-бірлік ананың махаббатынан, бір-біріне деген сыпайы сыйластық пен қалтқысыз құрметтен туындайды.
Бүгінде Құралай Жұмабекова «Ана үйі» қоғамдық қоры дағдарыс орталығының үйлестірушісі болып еңбек етеді. Көп баланы бауырына басқан тәжірибесі бар. Өзі жалғызбасты болса да, жарым көңіл аналарға қолұшын бермей қалған кезі жоқ. Аналар үйінде алты жалғызбасты ана, жеті бала тұрып жатыр екен. Қаншама тағдыр?!
Енді бір ауыз сөз кейіпкеріміз хақында. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Новоишимка елдімекенінде қайын ағасымен бірге балаларды өнерге баулу мақсатында шығармашылық үйін ашып, еңбек етті. Кейін аудандық мәдениет үйінің директоры болған. Көкшетау қаласына көшіп келгеннен кейін орта мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. Облыстық білім басқармасында бес жыл қызмет етті. Облыста алғаш рет Құралай Ғабдұлқамарқызы бала асырап алған отбасыларды қолдау орталығын ұйымдастырып, балалар үйінде тәлім-тәрбие алып жатқан жүз баланы жаңа отбасыларға табыстады.
Таяуда Құралай Ғабдұлқамарқызы Nur Otan партиясының мүшелігіне қабылданды. Қала әкімі Амангелді Смайылов күміс алқа тақты. Осы бір жақсылық шарапаты жанашыр жанның көңіліне қанат бітіріп, мерейін өсіріп тастады. Алда қанша ғұмыр бар. Жанашырлық жасауға жаны құштар анамыз әлі де қолынан келгенінше мұқтаж жандардың мерейін өсіріп, қос қолтықтарынан демеуге әзір.
КӨКШЕТАУ