Қоғамда коронавирус індетіне қатысты үрей көбейіп келеді. Бұл, әсіресе, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының Covid-2019 вирусын жаһандық пандемия деген шешімімен күшейе түсті. Қазақстан Президенті елдегі ірі шаралардың болмайтынын айтып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Десе де, вирус жұқтырғандардың көпшілігі індеттен жазылатынын естен шығармаған жөн.
Әлем бойынша індетке шалдыққандар саны 120 мыңнан асса, Johns Hopkins University (JHU) мәліметі бойынша олардың 68 324-і аурудан құлан-таза айыққан.
Науқастарда індет жеңіл, орташа не ауыр түрде өтуі мүмкін. Бүгінге дейін 4700-ден астам адам вирустан көз жұмған. Бұл, әсіресе, денсаулығы нашар егде жастағы адамдарға қатысты. Мамандар індетке шалдыққандардың көпшілігінде жөтел пайда болып, дене қызуы көтерілетінін айтады. Осылайша, ауру көп жағдайда тұмау секілді жеңіл өтеді.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы науқастар вирустың жеңіл түрінен 2 аптада жазылатынын, ал жағдайы ауырларының емделуіне 6 аптадай уақыт кететінін айтып отыр.
«Ең көп кездесетін ауру белгілері – қызудың көтерілуі, құрғақ жөтел, ентігу. 80% науқаста індет жеңіл өтсе, 14 пайызы ауыр жағдайда болған. Ал емделушілердің тек 5 пайызында критикалық жағдай кездескен» делінген ДДСҰ таратқан мәліметте.
Ұйымның есебіне сәйкес, бұл 5 пайызға кірген науқастар 60 жастан асқандар екен.
Мәселен, Қытайда вирус жұқтырған 81 мың адамның 50 мыңы жазылған. Оның көпшілігі індеттің ошағына айналған Хубей провинциясының тұрғындары екен. Ал Италияда 12 мың науқастың бір мыңнан астамы жазылған.
ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус вирус жұқтырғандардың көпшілігі толығымен жазылатынын болжады. Сондай-ақ алдын алу шараларын ұстануға кеңес берді.