Бүгін «Жерге орналастыру, геодезия және картография күні». Осынау мамандық иелерін «көзге көрінбейтін майданның сарбаздары» десек те болады. Жыл сайын елімізде наурыздың екінші сенбісінде «Жерге орналастыру, геодезия және картография» күні кәсіби мерекесі аталып өтіледі.
Жерге орналастыру, геодезия және картография саласы – кешенді мемлекеттік міндеттерді шешуді қамтамасыз етіп, экономиканың жеке секторы мен азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыруға септігін тигізетін бағыт.
Өз кезегінде аталған сала аймақтық жоспарлауды, архитектуралық және құрылыстық жобалауларды, жылжымайтын мүлікті кадастрлық тіркеуді, экология мен табиғатты пайдалануда, демографиялық саясатты және өзге де маңызды міндеттерді жүзеге асыруға көмектеседі.
Жер реформаларын жүзеге асыруға, Жер қатынастарын реттеу мен мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге республика көлемінде және жалпы осы саланың дамуына зор үлесін қосып жүрген Алтай Нұрқановпен әңгімелесудің реті келді.
Алтай Нұрқанұлы еңбек жолын есеп жүргізуші ретінде бастап, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қалалық филилы Жер кадастры басқармасы басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарады.
– Жерге орналастыру, геодезия және картография саласы неден басталды?
– Біздің мекемеміздің құрылу тарихын айтатын болсақ, Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты, 1959 жылы жерге орналастыру қызметтерін күшейту және нығайту мақсатында сонау Кеңес үкіметі уақытында ҚазССР-і «Ауыл шаруашылығы министрлігінің» құрамында облыстық бөлімшелері (филиалдары, экспедициялары) бар жер өңдеу және тексеру, зерттеу және жобалық жұмыстарды орындау бойынша жетекші ұйым ретінде «КАЗГИПРОЗЕМ» жобалау институты құрылған болатын.
1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Президентінің жарлығымен «Мемлекеттік Жер Комитеті» болып қайта құрылады. Ал 1994 жылы ол бұрынғы «КАЗГИПРОЗЕМ»жобалау институтының өндірістік бөлімшелері бағынатын Жер ресурстары және жерге орналастырудың (МЕМЖЕРҒӨО) «Мемлекеттік Жер Ғылыми Өндірістік Орталығы» ретінде өзгертілді.
1995 жылдан бері Жер заңнамасы бойынша мемлекеттік жер кадастрын жүргізді, бірыңғай жүйе және технология бойынша еліміздің бүкіл аумағында жер туралы ақпараттық ресурсты қалыптастырды. Жер ресурстарын басқаруда туындайтын барлық мәселелер бойынша зерттеулер мен жер мониторингін жүргізді. Республикалық маңызы бар барлық облыстарда, қалаларда 18 Еншілес Мемлекеттік Кәсіпорындар және барлық аудандық, қалалық орталықтарда 194 жер кадастрлық филиалдары құрылған етін.
«МЕМЖЕРҒӨО» РМК-да Автоматтандырылған ақпараттық жүйесі Мемлекеттік жер кадастры орталығы жұмыс істейді. (АИСГЗК)
1999 жылы 13 қазанда Призидент жарлығымен ҚР «Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі» орталық атқарушы орган болып құрылған. Ал біздің Алматы қалалық «ЖЕРҒӨО» Мемлекеттік еншілес кәсіпорын ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 24 мамырдағы №628 қаулысына сәйкес құрылған қала бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен берілген жер телімдерінің аумағын өлшеп есепке алып, электронды картаға түсіру, кадастрлық нөмерін тіркеу, жердің Мемлекеттік актісін сәйкестендіру, реттеу сынды маңызды жұмыстар атқарады.
2012 жылы Жер ресурстарын басқару агенттігі Өңірлік даму минстрлігінің құрамына Жер комитеті болып кіріп, одан әрі 2014 жылы Ұлттық экономикалық министрлігінің құрамына Құрылыс, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті болып кірген.
Ал, 2016 жылдан бері «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы коммерциялық емес Акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалының «Жер кадастры» басқармасы болып мемлекетке қызмет көрсету саласында еңбек етіп келеміз.
– Алматы қаласында халық санының өсуіне байланысты жер көлемі де ұлғайды. Жаңа аудандар қосылған болатын. Осы жайлы айта кетсеңіз?
– Жер саласындағы қызметімді 1995 жылдан Алматы қаласы Фрунзе ауданы, қазіргі Медеу ауданы Аудандық Жер комитетінен бастаған едім. Сол кезде Алматы қаласында 8 аудан, 23344 гектар жер болған. 1996 жылы аудандар қысқартылып 6 аудан болды. Сол уақыттан бері облыс өңірінен Алматы қаласының құрамына Президент жарлықтарына сай 1998 жылы – 4673 га, 2001 жылы – 160 га, 2002 жылы – 3723 га, 2011жылы – 1330 га, 2012 жылы – 11921 га, ал 2014 жылы өзім Алматы облыстық «Жер кадастры ҒӨО» РМК басқарып жүрген уақытта – 23200 га жер қосылған. Қазіргі таңда Алматы қаласының аумағы 68 351 га жер болып, қаламызда 2008 жылы Алатау ауданы, 2014 жылы жаңадан Наурызбай ауданы құрылған үлкен мегаполиске айналды. Мегаполисте статистикалық мәліметтер бойынша тұрақты тіркеуде тұрған халқының саны - 1 874 000 адам болса, жақын аймақтардан келіп-кетіп жүрген адамдарды қоса есептегенде 2,5 миллиондай халық бар екен.
– Бүгінгі күні ел ішінде жер мәселесі өте өзекті болып отыр. Нақтырақ айтқанда, ендігі жерде жердің бағасы, базалық мөлшерлемесі қандай болмақ?
– Даму жолына түскен Алматы – біздің басты гүлденген қаламыз. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, сол кездерде Алматы қаласының аймағы 213 зонадан тұратын базалық ставкасы ҚР Үкметінің 1995 жылығы №576 қаулысына сәйкес 1 шаршы метрі 717 теңге болған. Үкіметіміздің 2003 жылғы №890 қаулысына сәйкес 2006 жылы қаланың Бас жоспарына сай барлық инфрақұрылымдары есепке алып зоналарға кіретін кадастрлық кварталдарды 213 зонадан 5 зонага біріктірілген Алматы қаласын бағалы аймақтарға бөліп базалық ставкасыда ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 22 мамырдағы №408 қаулысымен 4800 теңге болып бекітіліп, содан ары Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының №356 шешімімен түзету коэффициенттері белгіленіп базалық ставкасы қайта қаралды, 2015 жылдың 23 шілдесінде 6200 теңге болып қайтадан бекітілген.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ