Былтыр желтоқсанда Қытайдан тарала бастаған індет Қазақстанға да жетті. Соңғы 2 күнде Германия, Польша, Ресейден келген 6 отандасымыздың жаңа вирус жұқтырғаны анықталып, бүгінде 1090 адам стационарлық карантинде, тағы 452 адам үй карантинінде. Әлемді дүрліктірген вирус соншалықты қауіпті ме?
Өкпенің қабынуына алып келетін COVID-19 вирусы 145 374 адамға жұғып, олардың 71 712-сі дерттен айықты. Бұл әрбір екінші науқастың жазылып шығатынын білдіреді. Адам шығыны да болды. Қытайдың Хубей провинциясынан басталған індет 5 429 адамның өмірмен қоштасуына әкелді. Оның үстіне ақпарат құралдарының ғалымдар әлі күнге дейін вакцина ойлап таппағаны туралы хабары елді дүрліктіріп, әлем халқын дүкендер мен дәріханалар сөрелерін босатуға дейін алып барды.
Сарапшылар бүгінде коронавирус жұқтырғандар саны тұмау жұқтырғандарға қарағанда әлдеқайда аз екенін айтады. «Бұл вирустың инфекциясы тұмауға қарағанда әлсіз. Дегенмен коронавирус тұмаудан қауіпсіз дегенді білдірмейді. Коронавирустың науқаспен тікелей байланыс болғанда, сөйлескенде, қол алысқанда жұғатынын ескерген жөн. Ал тұмау ондай тығыз байланысты қажет етпейді. Әдетте, науқаспен бір бөлмеде отыру жеткілікті. Сонымен қатар жаңа дертке шалдыққандар арасында балалардың жоғын ескерген жөн. Коронавирусқа қатысты дүрлігу негізсіз демеймін, алайда соншалықты дабыл қағудың қажеті жоқ», дейді сарапшы Евгений Тимаков.
Ең алғашында ғалымдар коронавирусты SARS вирусына ұқсатты. 2002 жылы аталған вирусты 8 096 адам жұқтырып, 774 адам көз жұмған еді. Бұл кезде де вирус өкпе қабынуына алып келген-ді. Одан кейін 2012 жылы MERS-CoV вирусы таралып, салдарынан 27 елдің 858 азаматы қайтыс болды. Яғни коронавирус салдарынан қаза тапқандар ескі індеттерге қарағанда әлдеқайда аз. Әйтсе де, вируспен күресу, оған қарсы вакцина табу – әлем күнтәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Дүниежүзілік банк COVID-19 вирусымен күресте бірқатар мемлекетті қолдайтынын мәлімдеді. Осылайша, 12 млрд АҚШ доллары көлемінде алғашқы траншын белгіледі. Банк мәлімдемесінде бұл қаражат әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға алғашқы көмек көрсетуге бағытталғаны туралы айтылған. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін оқыту да жоспарланған. Әдетте Дүниежүзілік банк қаражатты несиеге беретін, алайда бұл жағдайда қаражатты қайтару жүктелмеген.
Дабыл қағудың негізсіз екеніне тағы бір себеп – вирус таралуының азаюы. Өткен бейсенбіде Қытай Гигиена мен денсаулық сақтау мемлекеттік комитетінің ресми өкілі Ми Фэн елде вирустың таралуы айтарлықтай бәсеңдегенін мәлімдеген еді. ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпин 10 наурызда індет ошағы Ухань қаласына барып, ресми мәлімдеме жасаған-ды. Оның айтуынша, Қытай індеттен айығып келеді. «Біз бұл қара түнектен құтылып жатырмыз десек болады. Әлбетте, күрес жалғасуда, алайда жеңістің күні жақын», деді Қытайдың басшысы. Статистикаға назар салсақ, наурыз айына дейін вирус жұқтырған қытайлықтар саны бір күнде жүзден асып тұрған, ал наурыздың алғашқы күндері олардың саны 10-20-ға жуықтады.
Іргелес жатқан Қытайдағы індет елімізге Мәскеу, Варшава, Франкфурт қалаларынан ұшып келген отандастарымыз арқылы келген. Қазірде тиісті құрылымдар олармен бір рейсте болған жолаушыларды іздеп, жағдайын анықтап жатыр. Баку, Сеул, Гонконг бағытындағы әуе қатынасының қысқарып, Бейжің, Үрімші, Париж, Куала-Лумпур бағытындағы рейстер тоқтатылды. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін рейстерге тек қана Қазақстан азаматтары жіберіледі. Медицина қызметкерлері ел аумағына келген әрбір жолаушының қызуын тексеріп, ұшақты екі рет зарарсыздандырады. Бұған дейін хабарланғандай, Оңтүстік Кореяда шамамен 35 мыңға жуық қазақстандық бар. Сыртқы істер министрлігі оларды ішінде заңсыз жүргендер барын растады. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров оларды эвакуациялау мәселесі қарастырылмағанын, алайда вирус жұқтырған жағдайда көмек берілуі үшін сол жақтағы медициналық орталықтармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Вирус жұқтырғандар қатарында саясаткерлер мен өнер жұлдыздары да бар. Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның әйелі Софи Трюдо осы қатарда. Канада үкімет басшысы жұбайының Ұлыбритания сапарынан кейін өзін жайсыз сезініп, кейін вирус анықталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар осы оқиғаға қатысты Канада халқына жолдауында өзінің денсаулығы жақсы екенін, ал бұл вирустың аса қауіпті емесін айтты. «Вирус басқа вирустар сияқты адамнан адамға жұғады. Дегенмен біз қоғам алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпай, вирустың таралуын тоқтатуымыз үшін бірнеше күн үйден шықпай, қаладан, тіпті мемлекеттен кетпеуіміз керек», деді Джастин Трюдо.
Саясаткер сөзінің жаны бар. Өйткені Италия да коронавирус жұқтырғандар саны бойынша алда. Соңғы деректерге сүйенсек, елде 21 157 науқас тіркелген. Қайтыс болғандар саны – 1 441, дерттен айыққандар – 1 966. Бүгінде түгелдей қауіпті аймаққа айналған Италияда індет елдің солтүстігіндегі Кондоньо қаласында басталған. Ломбардия деп аталатын аймақ тұрғындары бұл жағдайды естіп, оңтүстікке жаппай көшкен. Вирус туралы ресми ақпарат тараған алғашқы тәуліктің өзінде 10 мыңға жуық итальяндық аталған аймақтан қоныс аударған. Италия дәрігерлері халықтың 23 пайызы 65 жастан үлкен адамдар екенін ескерген жөн дейді. «Италия халқының орташа жасы – 47,3. Бұл елде егде жастағылардың көп екенін көрсетеді. Ал бұл вирус та иммунитеті төмен, әлсіз адамдарға тез жұғады. Сонымен бірге итальяндықтардың мәдениеті де үлкен рөл ойнайды. Біздің халық көп болып жүргенді, көрген сайын қол алысқанды жақсы көреді», дейді итальяндық профессор Марина Делла Джуста. Бүгінде Италияда карантин жарияланған. Сауда жасауға, қаржылық операцияларға тыйым салынған. Тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатылымына шектеу жоқ.
Италияның Венето облысының губернаторы Лука Дзайя мониторинг нәтижесімен бөлісіп, халықты сабырға шақырды. Оның айтуынша, денсаулығы жақсы адамға бұл вирус қауіпті емес. «Коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызы өздігінен жазылып шықты. Тек 15 пайыз адам ғана дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болған, ал 5 пайызына стационарлық ем міндетті болды. Вирустан көз жұмған 17 адамның созылмалы ауруы болған. Яғни дені сау адамға бұл вирустан қауіп жоқ. Сондықтан негізсіз ақпаратқа сеніп, қорқудың қажеті жоқ», дейді саясаткер.
Сандарды сөйлететін болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын тұмау 650 мың адамның өмірін қиятынын айтады. Вирустың ошағы Қытайда жыл сайын 88,1 мың адам тұмаудан көз жұмады екен. Халықаралық статистикаға сүйенсек, биыл 1 657 169 адам рактан көз жұмған. 504 680 кісі ішімдік, 1 млн-нан көп кісі темекі тарту салдарынан бақилық болған. 2020 жыл басталғалы тұмаудан 98 050 адам қайтыс болған. Жол апаты 272 382 адамның өмірін қиса, өзіне қол салғандар саны – 216 379. Зиянды әдеттер мен жол апатынан қаза тапқандар саны едәуір көп. Вирусты адамзат халқының өміріне қауіп төндірген кесел ретінде қарауға негіз жоқ. Дегенмен «сақтансаң –сақтайды» деп жүретін халқымыз бұл жағдайда да сол ережені ұмытпас.