Елімізде Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Жамбыл облысының сауда орындары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Соған сәйкес, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жергілікті, халықтың қажеттілігін 2-3 айға қамтамасыз ете алады.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, бүгінде өңірдің көкөніс сақтау қоймалары мен өзге де қоймаларында 16,1 мың тонна азық-түлік қоры бар. Оның ішінде картоп - 1210 тонна, пияз - 5459 тонна, сәбіз - 7 363 тонна, сүт өнімдері - 675 тонна және қырыққабат 67 тонна болады. Сондай-ақ бөлшек сауда нысандарында 1,7 мың тоннадан астам көкөніс өнімдері, 350 тонна ет, 1008 тонна ұн, 488 тонна күріш, 254 тонна қарақұмық, 165 тонна макарон өнімдері, 300 тонна өсімдік майы және басқа да азық-түлік тауарлары бар.
«Бұдан басқа, облыстың тұрақтандыру қорында 1,3 мың тонна көкөніс өнімдері, 2,6 мың тонна қант, 3 мың тонна ұн және басқа да бірінші қажеттіліктегі тауар қоры сақталған. Бұл ретте, күн сайын базарлар мен қоймаларға бірінші қажеттілік өнімдерінің қосымша көлемі түсуде. Облыс әкімдігі жанындағы жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күнделікті мониторинг жүргізуде. Тауарлардың құнын негізсіз өсіру фактілері тіркелмеді» дейді Нұржан Календеров.
Айта кетейік, Жамбыл облысының әкімдігінде сенім телефоны құрылған. Осыған орай облыстың әрбір тұрғыны әлеуметтік-маңызды тауарлар бағаларының негізсіз өсу фактілері болған жағдайда құрылған сенім телефонына хабарласа алады. Сондай-ақ бүгінгі таңда өңірдің азық-түлік нарығындағы ахуал тұрақты. Облыс аумағындағы сауда орындарында толассыз кезекте тұру жағдайлары тіркелмеген.
Жамбыл облысы