19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режімі енгізілуіне байланысты Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында елорданың әкімі Алтай Көлгінов баспасөз мәслихатын өткізді.
«Шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтіледі. Мысалы, автовокзалдарда қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды. Сондай-ақ, елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады. Көліктің барлық түрлері кіріп-шығатын жерлерде коронавирус инфекциясын жұқтырды деп күдік келтірілген немесе жұқтырған адамдарды анықтауға арналған қосымша бекеттер орнатылады. Карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауға шақырамыз. Себебі карантин – ол шектеу қою. Яғни, қажет болмаған жағдайда адамдар көп шоғырланған жерлерге азаматтардың баруына шектеу қойылады. Ең алдымен, тәртіпке, одан кейін біздің нұсқауларымызды, Денсаулық сақтау министрінің нұсқауын қатаң ұстануға шақырамыз», деді ол.
Сонымен қатар ол азық-түлік дүкендері, машина жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейтінін ескертті.
«Қаланың сауда, ойын-сауық орталықтарында азық-түлік дүкендері, машина жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Қалған сауда нүктелерінің бәрі уақытша жұмысын тоқтатады. Қаладағы 12 ірі сауда, ойын-сауық орталықтары қазір уақытша жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Мысалға, Mega Silk Way-де жалға беріп жатқан орындарынан жалға беру құнын уақытша алмайды және қызметкерлерінің жалақысының 75 пайызын төлеуді қолдап отыр.
Біз өзге де ірі орталықтардың басшыларымен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша шектеледі. Қазіргі уақытта шұғыл мәселе болмаса, аталған орталықтарға барудың қажеті жоқ. Президент тарапынан барлық ұйым басшыларына қызметкерлердің 70 пайызын қашықтықтан жұмыс жасауға немесе еңбек демалысына шығаруға ұсыныс жасалды. Осыны сақтауды сұраймыз. Бұл коммуналдық қызметкерлерге, құқық қорғау, арнайы органдарға, медицина қызметкерлеріне және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа ұйымдарға қатысты емес. Сауда, ойын-сауық орталықтарында, базарлар және коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану орындарында, халыққа қызмет көрсету орталығында, вокзал мен әуежайда, қонақ үйлерде және басқа да орындарда санитарлық зарарсызданыру режімі күшейтілді. Медициналық тексеруден өтуге және емделуден бас тартқан, карантин режімін сақтауға бей-жай қарап, эпидемиологиялық жағдайды және басқа да жағдайларды анықтау үшін қолда бар мәліметті жасырған адамдарға жауапкершілік бар екендігін ұмытпауға шақырамыз. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қала аумағында патрульдік бақылау күшейтіледі», деді ол.
Және де қала басшысы қазіргі уақытта қаладағы сауда желілерінің қоймаларында 47 мың тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік бар екенін айтты.
«Бұл қазіргі айлық норманы толықтай жабады. Айлық норма – 38 мың тонна. Ол қоймаларды азық-түлік тауарларымен қосымша толықтырамыз. Кеше елордаға 400 мыңға жуық маска жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 1 млн маскаға, антисептиктерге тапсырыс берілді. Қажет болған жағдайда апта ішінде жеткізіледі. Сондай ақ, ПИК-терге үйлердің кіре берістерін, есік тұтқаларын, баспалдақ жақтауларын, лифтілерді күніне екі мәрте зарарсыздандыру туралы тапсырма берілген. Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режіміне ауыстырылды және гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді», деді А.Көлгінов.
Кеше сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та төтенше жағдайға байланысты енгізілетін карантин режімінің негізгі шаралары мынадай болатынын айтты:
- Мегаполисте өзін өзі оқшаулау және үй карантині механизмдері арқылы эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды жүргізу.
- Көшелерді, тротуарларды жуу және дезинфекциялау арқылы жұқтыру орындарын бұғаттау.
- Қоғамдық орындарда, тұрғын үйлерде санитарлық-эпидемиялық дезинфекцияны күшейту және іргелес аумақтарды санитарлық тазалау.
- Азаматтар мен автокөлік құралдарының Алматы қаласы аумағына кіруін/шығуын шектеу.
- Алматы қаласына кіреберістерде 27 блок бекеттерін орнату.
- Блок бекеттерінде Патрульдік полиция полкінің, ЖӘАТ-ның, «Гранит» полкінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан бөлімшелерінің күштері жұмылдырылады.
- Сонымен бірге қалаға бірінші қажеттіліктегі тауарларды, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерді, жеке қорғану және гигиена құралдарын әкелу үшін «жасыл дәліз» жүзеге асырылады.
- Карантин кезеңінде азық-түлік емес сауда нарықтары, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орындардан басқа, ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады.
«Біз тұрғындарға алматылықтардың карантин талаптарын білуі, қаладан уақтылы шығуы және кіруі үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы толық және жүйелі түрде ақпараттар беріп отырамыз. Коронавирусқа қарсы қалалық штаб туындаған мәселелерді жедел қарап, шұғыл шаралар қабылдайтын болады», деді әкім.