Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары талқыланды. Сонымен қатар көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы қаралды.
300 млрд теңге жаңа жұмыс орындарын құруға бөлінеді
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдау шаралары туралы баяндады. Министр Мемлекет басшысының бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау үшін 7 негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленіп жатқанын айтты. Бұл шаралардың ішінде қолжетімді қаржыландыру, кепілдік беру, салықтық ынталандыру және бизнестегі тексерулерді азайту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері қаралған.
– «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Қаражат, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге беріледі. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі 7 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Ағымдағы шығыстарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын қаржыландыруды кеңейту ұсынылады, − деді министр.
Мемлекет тарапынан қолға алынған кешенді шаралардың қатарында орта кәсіпкерлікке несие сомасын 1 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылып, 50% мөлшерінде кепілдендіру берілмек. Микро және шағын бизнес үшін 85%-ға дейін кепілдік берумен несие сомасын 360 млн теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Р.Дәленов бұл шаралар кепілдік беру тетігін оңтайландыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар үшінші бағыт бойынша осы кезеңде орта кәсіпкерлікке тексеру жүргізуді азайту қажеттігі де сөз болды.
– Қазіргі уақытта микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанын атап өткен жөн. Бұған қоса, шағын және орта кәсіпкерліктің жекелеген санаттары үшін салықтық ынталандырулар көзделеді. Бұған ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері кіреді. Бұл санаттағы жеке кәсіпкерлерді бір жылға мүлік салығынан босату ұсынылады. Бір тоқсанға өсімпұл есептеуді тоқтату керек. 3 тоқсан үшін салықтық есептілік мерзімін ауыстыру қажет, − деді Ұлттық экономика министрі.
Министр атап өткен бесінші бағытта агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіруді ұлғайтудан басқа салықтық ынталандырулар көзделетіні айтылды. Бұған қоса жалпыға бірдей белгіленген режімде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді салықтан босату ұсынылды.
– Арнайы салық режімдері бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлердің кірістері осы жылдың басынан бастап салықтан босатылғанын атап өткен жөн. Жалпыға бірдей белгіленген режімді пайдаланатын кәсіпкерлерді қолдауға болады деп санаймыз, − деді министр.
Қысылтаяң уақытта еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынбақ. Осы ретте жұмыспен қамту бойынша жол картасы әзірленіп, жалпы қаржыландыру көлемі 300 млрд теңгені құрайды. Өңірлердегі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 120 мың жұмыс орны құрылады. Әсіресе көпірлерді жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін реконструкциялау сияқты жобаларда жұмыс орындары қарастырылып отыр.
– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 млрд теңге бөлінетінін айтты. Субсидиялау және салықтық ынталандыру мәселелері қосымша пысықталды, − деді Р.Дәленов.
Халық пен бизнестің борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу мәселесі жайында баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елдегі қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты екенін атап өтті.
– Екінші деңгейлі банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Осы жылдың 30 наурызына дейін активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша банктерді түзету іс-қимыл жоспарлары қабылданады, − деді ол.
Кепілсіз тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуіне жол бермес үшін бірқатар шара көзделген. М.Әбілқасымованың айтуынша, тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша 90 күн өткен соң сыйақы есептеуге тыйым салынады.
– Жеке тұлғалардың несие тарихын қалпына келтіру үшін мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз несие тарихын түзету бойынша мүмкіндік көзделеді, − деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.
М.Әбілқасымова өз сөзінде экономиканың жекелеген салаларына шектеу шараларының енгізілуіне байланысты халық пен шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермес үшін қосымша шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
− Біріншіден, Азаматтық кодекстің 359-бабына сәйкес несие бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы аса күрделі, яғни төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайларға тап болған кезде мүліктік жауапкершілікті атқармайды. Соған байланысты жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микронесиелері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған кезде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуі тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға, банктер ғана емес, ломбардтарды және несиелік серіктестіктерді, қарыз беретін барша кредиторды қоса алғанда, барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылады, − деді М.Әбілқасымова.
Ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектарға егіледі
Күн тәртібіндегі екінші мәселе − көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шараларына арналды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндағандай, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 238 мың гектарға артық. Бұл ретте дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,2 млн гектарды, соның ішінде бидай алаңы 11,4 млн гектарды құрайды.
− Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әртараптандыру мен рентабельділігі жоғары дақылдар өндіруге көшу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғыдан 122 мың гектарға артық. Көкөніс-бақша дақылдары мен картоп алаңы 19,3 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңы 309 мың гектарға ұлғаяды. Техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) алаңы 132 мың гектарды (18,6 мың гектарға кем) құрайды, − деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Белгілі болғандай, қазір оңтүстік өңірлер егіс науқанына кірісіп кеткен. Жамбыл облысында 71,7 мың га алаңға немесе жалпы егіс көлемінің 10,2%-ына, Түркістан облысында 33,5 мың га (4%), Алматы облысында 3,4 мың га (0,4%), Қызылорда облысында 2 мың га (1,1%) алаңға егіс егілді.
Бұл ретте министр тұқым дайындау мәселесі мен оның сапалық көрсеткіштері аса маңызды екенін айтты. Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша биылғы 16 наурыздағы жағдайға сәйкес 2,5 млн тонна тұқым егілді. Бұл жоспардың 100,4%-ын құрайды, соның ішінде 1,9 млн тонна (жоспардың 101%-ы) дәнді дақылдар тұқымы, 89,4 мың тонна (жоспардың 99%-ы) майлы дақылдар тұқымы, 15,4 мың тонна (жоспардың 96%-ы) азықтық дақылдар тұқымы, 426,4 мың тонна (жоспардың 99%-ы) картоп тұқымы егілген.
Дәнді дақылдар тұқымы бойынша Ақтөбе облысында, майлы дақылдар тұқымы бойынша Шығыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысында және Павлодар облысында (89%) тұқым толық көлемде егілмегені анықталып отыр.
– Фермерлердің отандық және импорттық селекцияның сапалы тұқымдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында субсидиялау тетігін өзгерту жоспарлануда. Субсидияны тұқымды Қазақстаннан алғандар да, шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алғандар да ала алады. Ескі тетікте бұл көзделмеген еді. Элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына бірегей тұқым сатып алған жағдайда қолдау көрсетіледі, − деп нақтылады Ауыл шаруашылығы министрі.
Егін егу науқаны басталысымен жанар-жағармай тапшылығы, бағаның аспандап кетуі шаруалардың бас ауруына айналатын дәстүрлі проблема. Биыл бұл мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен келісім жасап, ақпан-маусым айлары аралығында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 387 мың тонна дизель отыны бөлінетінін мәлімдеп отыр.
– Қолайсыз ауа райы жағдайларын ескере отырып, біздің қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлу туралы өтінішімізді Энергетика министрлігі қолдады, бұл барлық өңірдің дизель отынына деген қажеттілігін толық көлемде өтеуге мүмкіндік берді. Қазір өңірлердің операторлары шарт жасасу және наурыз айына бөлінген дизель отыны үшін төлем жасау ресімдерін жүргізуде, − деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Республикада 143 мың трактор, 78 мың тұқым сепкіш, 243 мың топырақ өңдеу құралдары, 4 мың егіс кешендері бар. 2020 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың әзірлігі 94%-ды, тұқым сепкіштер 93%-ды, егіс кешендері 100%-ды, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 95%-ды құрайды.
Жиын соңында Премьер-Министр Асқар Мамин жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық уақтылы жүргізіліп жатқанын, Үкімет тарапынан көктемгі егістікті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданғанын атап өтті.