Бұл топтамада әлемнің 154 елінде тараған індетке қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісетін боламыз. 18 наурызда Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 198 152, өлім саны - 7954, айыққандар саны - 81 960 болды.
18:41
Індет жұқтырғандар саны 200 мыңнан асты
Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәліметке сәйкес, әлемде 203 529 адам коронавирус жұқтырған, 8205 адам дерттен көз жұмған, ал емделгендер саны 82 107 адамға жетті.
18:02
Макрон: Біз - соғыстамыз
Франция Президенті Эммануэль Макрон сейсенбіден бастап 15 күнге ел халқын үйлерінде отыруға шақырды.
«Біз - соғыстамыз. Қоғамдық денсаулық сақтау соғысында көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін жаумен күресіп жатырмыз» деді Франция Президенті.
Қатал тәртіп бойынша ел тұрғындары денсаулығына байланысты болмаса, өзге себептермен сыртқа шыға алмайды. Макрон көшеде немесе паркте достармен не отбасы мүшелерімен кездесулердің болмайтынын жеткізді.
«Біз күнделікті көрісетін адамдардың санын шектеу арқылы вирустың таралуын азайтамыз. Ал егер олай жасамасақ, жақындарымыздың өміріне қауіп төндіреміз» деді Макрон.
Сондай-ақ ол елдегі ешбір кәсіптің банкрот болуына жол бермейтінін баса айтты.
Қазір Францияда 7696 жағдай тіркелген, оның 148-і індеттен көз жұмған. Ал әзірге 12 жазылған науқас бар.
Сурет: Ludovic Marin/AFP via Getty
16:45
Еуроодақ жабылды
Италия, Испания, Франция, енді Бельгия шекараларын жабу туралы шешімге келді.
Кеше Еуропа Одағы өзге ел тұрғындарына Шенген аймағына саяхаттауға шектеу қойған еді.
Бүгін түстен бастап Бельгия билігі тұрғындарын үйде отырып, жақындары мен туған-туыстарымен байланысты азайтуды сұрады.
Бұл шаралар 24 сағат бұрын Франция енгізген ережелерге ұқсас, тек жеңілдеу. Тұрғындар супермаркет, дәріхана, банк, пошта, медициналық мекемелер мен кітап дүкендеріне бара алады. Алайда супермаркеттер бір уақытта келушілердің санын шектеуге тиіс. Мәселен, 10 шаршы метрге бір сатып алушыдан келеді, дүкен сыртында кезекте тұрғандар ара қашықтық сақтауға тиіс.
16:26
Өзбекстанда індет жұқтырғандар саны 15-ке жетті
Лондон-Ташкент рейсімен келген азамат пен 15 наурыз күні Ыстамбұлдан келген науқастың әйелі тапсырған тест сынамалары коронавирус жұқтырғандықтарын растады.
COVID-19 Өзбекстанда алғашқы рет Парижден қайтқан тұрғын мен оның күйеуі, балалары, немересі мен туысынан анықталған еді.
Сондай-ақ вирус осыған дейін вирус 15 наурыз Ыстамбұлдан келген 2 жолаушыдан, Лондон және Дубайдан келген адамдардан табылған.
15:51
Зерттеу: Иранда талапқа бағынбау 3,5 млн адамның өліміне әкеледі
Sharif University of Technology жүргізген зерттеуге сәйкес, халық қазірден бастап ел билігі енгізген талаптарды бірауыздан орындаса, вирус жұқтырған адамдар саны 120 мыңнан, ала көз жұмғандар саны 12 мыңнан аспайтын көрінеді.
Егер халық пен билік арасындағы келісім орташа деңгейде орындалса, ауырғандар саны екі еседей 300 мыңға жетеді де, 110 мыңға жуық адам дерттен қаза болады екен.
Ең қорқыныштысы, ирандықтар дертке аса мән бермей, билікке құлақ аспаған жағдайда онсыз да жағдайы мәз емес Иранның медицина саласы дәрменсіз болады. Медициналық көмек болмаған жағдайда, 4 млн адам ауру жұқтырып, науқастардың 3,5 миллионы қаза болуы мүмкін.
Қазір елде 16 169 жағдай тіркелген, оның 5389-ы жазылса, 988 науқаскөз жұмған. Осыған дейін Иранда дерттен кемінде 12 саясаткер не қоғам қайраткері көз жұмған.
Сурет: Vahid Salemi/AP
12:45
Әзербайжанда 4 науқас емделді
Әзербайжанда коронавирустан тағы 4 адам жазылып шықты. Бұл туралы Министрлер кабинетінде құрылған жедел штаб хабарлаған.
Қазір коронавирус жұқтырған 23 науқас ерекше режимдегі ауруханаларда тиісті ем алуды жалғастыруда.
Ел билігі тұрғындарды барлық ұсыныстар мен талаптарды сақтауға шақырады.
10:45
Түркияда коронавирустан қайтыс болған алғашқы жағдай тіркелді
Түркияда коронавирус жұқтырған 89 жастағы науқас қайтыс болды. Бұл туралы Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, індеттен көз жұмған науқас 89 жаста болған. Ол өзінің Қытайдан келген қызметкерінен инфекция жұқтырған.
Айта кетейік, қазір Түркияда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 98-ге жетті.
10:00
Қырғызстанда алғашқы үш жағдай тіркелді
Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаевтың айтуынша, індетті жұқтырғандар Қырғызстан азаматтары, олар 12 наурызда Сауд Арабиясынан ұмрадан келген.