Бүгін Өскеменде шаһардағы автобекет пен автопарктердегі зарарсыздандыру жұмыстары тексерілді. Рейдке облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі шығып, қаладағы Абай даңғылының бойындағы автобекет пен жолаушы тасымалымен айналысатын ірі автопарктердің бірі «VOSCA» ЖШС-нің базасындағы қауіпсіздік шараларымен танысты.
«Өскемен автовокзалы» ЖШС директоры Алмаз Бейсенғазин мұндағы техперсоналдар әр автобусты рейс алдында және келген соң да зарарсыздандырудан өткізіп, қауіпсіздік шараларын барынша күшейткенін, автобекет ғимаратының іші де әр үш сағат сайын толық хлормен жуылатынын жеткізді.
«Сақтық шараларының аясында қазіргі кезде күнделікті 32 бағытта жүретін жолаушылар ағыны сексен пайызға дейін азайды. Қазір Ресей мен Қырғызстан бағытындағы барлық қатынас тоқтап тұр. Коронавируске қатысты Нұрсұлтан мен Алматы бағыты да жабылды» деді ол.
ӨСКЕМЕН