Алматы облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тұрғындар қауіпсіздігін қамту үшін тиісті шаралар атқарылуда. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде балаларды қорғау жұмысы күшейген.
Қазір облыс аумағындағы барлық мектеп оқушылары каникулда. Мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері тарпынан ата-аналарға індеттен сақтану жолдары түсіндіріліп, бала қауіпсіздігіне бақылау жасалып отыр. Сондай-ақ, аймақтағы білім беретін мекемелер қашықтан оқыту жүйесіне көшуге дайындық жасауда екен. Бұл туралы Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова мәлімдеді.
- Биылғы оқу жылында облыстағы 760 орта мектепте 410 329 бала білім алуда. Он бес мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Білім беру мекемелері төтенше жағдай кезінде қашықтан оқыту жүйесіне көшуге дайындықты бастады. Ал өңірдегі 1167 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінде 85632 бала тіркелген. Бүгінгі дерек бойынша бүлдіршіндердің 33 пайызы ғана балабақшаға қатынап жүр. Оқушылар арасында індет жұқтырған немесе басқа да жұқпалы сырқат белгілері анықталған жоқ, - деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова.
Айтпақшы, облыс аумағындағы 78 колледжде барлығы 30 мың студент оқиды. Олардың дені үйлеріне жетіп үлгерген. Ал тұрғын үйі жоқ 30 білімгер жатақханада қалған. Қазір олар тәрбиешілер мен дәрігерлердің қамқорлығында.
Алматы облысы