• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Наурыз, 2020

Медициналық маскалар 70 мың данаға дейін артты

192 рет
көрсетілді

Коронавирус кеселінің салдарынан тұрғындар тарапынан медициналық маскаларға деген сұраныстың артуына байланысты Жамбыл өңірінде аталған тауарға деген тапшылық туындаған болатын. Тараз қаласындағы көптеген дәріханалардан маска таба алмай әбігерге түскен халық бұл туралы ақпаратты әлеуметтік желілерге жазды да. Енді тұрғындардың медициналық маскаларға деген сұранысын қанағаттандыру, тапшылықты жою мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі жергілікті фармацевтикалық зауыттармен бірлесіп өндіріс көлемін ұлғайтатын болды.

Жамбыл облысында медициналық маска шығаратын зауыт бар. Бұл бағыттағы кәсіпорын енді тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде тәулігіне шығарылатын медициналық маскалар көлемі 20 мың данадан 70 мың данаға дейін артты. Оның ішінде 40 мың маска «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал қалған 30 мың маска облыс аумағындағы «Жасұлан» және «Әмір және Д» дәріхана желілерінің 10 пунктіне күн сайын жеткізілуде. Атап айтсақ, медициналық маска жеткізілген 10 пункттегі дәріханаларда аталған тауардың бір данасы 50 теңгеден сатылуда. Бір сатып алушыға 5 дана медициналық маскадан артық сатылмайды.

Бүгінде Жамбыл облысының әкімдігі Тараз қаласы мен барлық аудандарда тігін шеберханалары мен ательесі базаларында да көп реттік маскалар шығаратын шағын өндірістер құру мәселесін қарастыруда екен. Қазіргі кезде олардың өнім көлемі 3900 дананы құрап отыр. Әлемді шарпыған қауіпті кеселдің алдын-алу мақсатында бүгінде өңірдегі дәріхана желілерінде дезинфекциялық және антисептикалық құралдарының 12 түрі, оның ішінде тері антисептиктері, дезинфекциялық сабындар секілді өзге де құралдар бар.

Жамбыл облысы