Үкімет үйінде өткен онлайн-брифинг кезінде Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының аумағында енгізілген карантин халықаралық тәжірибеге сай екенін, вируспен «қозғалыс аз болған сайын таралуы да аз» ұраны арқылы күресетінін айтты.
̶ Наурыз айының 22-сі күні сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен барлық көлік түрлерінің қатынасы — әуе, темір жол, автобус арқылы адам тасымалы тоқтатылады. 22-іне дейін азаматтарға Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына еркін келуге немесе кетуге болады. Екі қаладан шыға берісте медицина қызметкерлерінің кезекшілігімен мобильді бекеттер қойылады, шыққан адамдардың барлығына міндетті түрде сауалнама жүргізіледі, ̶ деді Е.Тоғжанов. Оның айтуынша бұл шаралар адамдардың денсаулығына мониторинг жасау және вирустың өңірлерге таралуын болдырмау үшін қабылдануда.
̶ Екінші, өндірістік тауарлар сататын және ойын-сауық орталықтары, мәдени, тамақтану және қызмет көрсету орталықтары уақытша жабылды. Мейрамханалар мен дәмханалар үйге жеткізу арқылы жұмыстарын жалғастыра алады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар бұрынғы тәртібінде жұмыс істейді, ̶ деді Премьер-Министрінің орынбасары.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерінің 70%-ы қашықтан қызмет ету тәртібіне өтті.
̶ Қашықтан жұмыс істейтін азаматтардан қажеттілік болмаса, үйден шықпауларын сұраймыз. Атап айтайын, бұл шектеу шаралары тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қойылған, ̶ деді Е.Тоғжанов.
Бұған қоса, барлық өңірлерде аялдамаларды, қоғамдық көлікті, көшелер мен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды санитариялық өңдеу, зарарсыздандыру бойынша шаралар күшейтілетін болады.
16 наурыздан 6 сәуір аралығында барлық мектеп оқушыларын каникулға жіберу туралы шешім қабылданды, барлық колледждер мен ЖОО-лар қашықтан оқытуға көшірілді.