Елімізде азық-түлік қоры мен дәрі-дәрмектердің көлемі жеткілікті. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен онлайн-брифинг кезінде Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
̶ Азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды үздіксіз жеткізу жүзеге асырылатынына сендіргім келеді. Үкімет, өңірлер әкімдіктері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін 32 млрд теңгеден аса қаражат бөлінеді. Тұрғындар үшін бірінші кезектегі қажетті өнімдер бағасының негізсіз өсуіне жол бермейміз. Тиісті мемлекеттік органдар бағаның өзгеруіне қатаң мониторинг жүргізетін болады, ал алыпсатарлық фактісі анықталған жағдайда қатаң санкция қолданылады, ̶ деді вице-премьер.
Оның айтуынша, төтенше жағдай режимінде құқықтық тәртіпті бұзуға жол бермеудің маңызы зор. Сондықтан ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылауды күшейтілген режимде жүргізетін болады.
Онлайн-брифинг кезінде Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасының халыққа арнаған үндеуіне сәйкес Үкімет қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтауға ерекше назар аударатынын атап өтті. Ел Үкіметі алдында жұмыс орындарын сақтаумен қатар 431 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті тұрғанын айтты.
̶ Осыған байланысты Үкімет Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі, оны іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылатын болады. Бағдарлама жұмыспен қамтамасыз етуге, сонымен қатар өңірлердегі неғұрлым өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, атап айтсақ: әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық нысандарды қайта жаңарту және жөндеу. Кәсіпорындардың басшылығына, бизнес қоғамдастыққа қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын және оларды қысқартуға жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік салдарды азайту бойынша барлық шараларды қабылдауды ұсынамын, ̶ деді Премьер-Министрінің орынбасары.