21 және 25 наурыз аралығында Алматы қаласындағы ақша айырбастау орындары сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Бұл жөнінде қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай шешімді Алматыдағы коронавирус таралуының алдын алу жөніндегі аймақтық жедел штаб қабылдаған. Бүгінде доллор бағамының күрт өсуіне байланысты шетел валютасын сатып алушылардың саны артып отыр.
Әкімдіктің хабарламасында: «Қаладағы ақша айырбастау орындарының жұмыс уақытына шектеу енгізілді. 2020 жылдың 21 наурызынан 25 наурызына дейін барлық ақша айырбастау орындары, оның ішінде екінші деңгейлі банктер де сағат 10.00-ден 16.00-ге дейінгі жұмыс кестесіне көшеді», деп жазылған.
Есте болса, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы ақша айырбастау орындары да жұмыс уақытын өзгертіп, 21-25 наурыз аралығында сағат 10:00-ден 16:00-ге дейінгі жұмыс кестесіне көшкен болатын.