• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Наурыз, 2020

Әлібектің әлегі (Әңгіме)

977 рет
көрсетілді

Мектеп – әр адам жүрек түпкіріне сақтайтын ең ұлы мекен екені рас. Ал енді сол ыстық ұядан бірге түлеген қанаттас достардың, соның ішінде таза жүрекке алғаш жазылған бала махаббаттың орны тіптен бөлегі әмбеге аян. Әлібек әдеттегідей таңғы шайын ішіп, асығыс-үсігіс сабағына жиналды. Санасы сергек, жүрісі ширақ. Бұлқынған жүрек бір көруге ынтық. Сабағын да сол үшін беске оқиды, қатарының алды болуға тырысады. Боз баланы мұншама сезім күйіне бөлеген сыныбындағы сымбатты да қылықты Қалампыр болатын-ды.

Шашын екі айырып өрген, көзге бірден шалынатын бойжеткен Әлібек үшін ғана емес, әлде кім үшін де көз тартар көрікті. Сыртқы сұлулыққа ішкі жан дүние сұлулығы, отбасы тәрбиесі қосылғанда одан өткен ару жоқ сияқты көрінетін бұл маңда. Бұл әрине, мектеп қабырғасындағы, алаңсыз ауылдағы кез еді. Кейін барлығы да армандарын желкен етіп,  жылы ұяларынан «пыр» етіп ұшты да кетті.

                                                                                 ***

Әлібек  оны саябақта тағатсыздана күтіп отыр. Дәл бір уақыт тоқтап қалғандай. Жарты сағат дегенде көп күттірген адамы да келді. Басында өзі танымай қала жаздап,  кейін ғана Махаббат екеніне көзі жетіп, көңілі орнықты. Иә, қалаға оқуға түскенде танысқан Махаббаты. Тіке сөйлеп, еркін киінетін қалалық қыз аздап боянған, Әлекеңнің танымай қалатын да жөні бар. Әлібек қаланың осы керімін көріп, ата-анасы үміт еткен болашақ келіні яғни Қалампырды уақытша ұмытқан. Ол қазір басқа қалада мұғалімдік оқуын оқиды. Көзден кеткен соң, көңілден де кете бастаған. Әлібек күндіз оқуын оқиды, кешке қосымша жұмыс жасайды. Ауылдан бір тиын да сұрамайды, бір тиын да бермейді. Барлық тапқан-таянғаны Махаббат екеуінің күнделікті кездесуі мен керек-жарақтарынан аспайды. Махаббат қалада анасымен тұрады, ал әкесі жайлы Әлібекке тіс жарып ештеңе айтпаған. Аңғал әрі сенгіш Әлекең болса қазбалап сұрамаған. Алғашында Әлібектің ойы онға, санасы санға кетті. Ақылына жеңдірсе, Қалампыр жүрегіне жақын, сезіміне ерік берсе, Махаббат басым. Ақыр аяғы студенттік есте қалар қызық шақты бірге өткізген Махаббатты таңдаған.  Сырттай қарағанға жап-жақсы жарасымды жұп-ақ, ал болашаққа деген көзқарастары бірдей келе бермейді. Әлібек бір үйдің жалғыз ұлы. Ауылдағы жастары егделеп қалған ата-анасын бағып-қағатын бір жұмсақ келін керек-ақ, ал оған көнетін Махаббат па? Өткенде: «Егер қалада тұрсаң ғана тұрмысқа шығамын» – деп кесіп айтқан. Әлібек енді не істесін, жалғыз-ақ тапқан амалы – алып қашу. «Босағадан бір аттатып алсам, арғы жағын көре жатармын» – деп түйген. Ауылдағыларға бір ауыз ескертті де, жолдастыққа адал Досжан досының «аудимен» ауылға бір-ақ тартты. Махаббатқа үйдегілермен таныстырам деп өтірік айтуға тура келді.

Жеңіл мәшине қала маңындағы ауылға бір сағатта жетті. Көліктен түсе бергені сол-ақ еді, құрт-ірімшік, бауырсақ, кәмпиті араласқан ақ шашу қарша борады. Махаббат түк түсінбей сасып қалды. Аздан соң барып, Әлібектің алып қашқанын бірақ білді. Тордағы торғайдай шарасыз. Ақ сақалды қария, ақ  жаулықты ана, ақ дастарқан, ақ босаға – бәріне қаланың бұлаң өскен аруы қарасын ба? «Мен Әлібекті жақсы көрмеймін, студент кезде оны ақшасы үшін ғана жақсы көрдім және ешқашан ауылға келін болмаймын, жіберіңдер мені», – деп қиғылық салды. Үлкендер сабырға шақырып көріп еді, көкбеттеніп көнбеді. Манадан бергі қылығы мен сөздеріне намыстан жарылардай әрең шыдап  тұрған Әлібек: «Досжан, мына қызды қаладағы алған жерімізге апарып таста, бұдан былай бұл қыздың бет-жүзін де көргім келмейді» – деді, ашулы үнмен. Сол кезде Әлібекке анасы келіп: «Балам, көптен күткен келініміз осы ма?! Кешке ағайындарды ақсарбасқа шақырып қойдық, елге не бетімізбен қараймыз! Біз сені тыңдадық, ал енді сен  бізді тыңда, құлыным! Мен адам танысам, Қалидың қызы әлгі өзіміздің Қалампырға жетер қыз жоқ, қазір үйінде.  Барда, қалай көндірсең солай көндір, «есік көргенді емес, бесік көргенді» ал деп бабаларымыз бұрын айтып кеткендей, сол қызды алып келетін бол! Жұрт алдында бізді қарабет қылма, Ұлым!» – деп аналық ақылымен жұмсақ бұйырды. Әлібек екі сөзге де келместен, сыртқа шыға жөнелді. Есік алдында тұрған Айдынның «Әй, Әлібек ай, енді не әлек салмақсың» дегеніне де қараған жоқ, «Қалампырдың үйіне кеттік», – деді. Төрт-бес сыныптас жігіттер артынан ере жөнелді.

Үй сыртынан дыбыстап шақырып еді, іштен сызыла басып, қос бұрымы бұлғақтап Қалампыр шықты. Бұрынғыдан да сымбаттанып, толған айдай толықси түскен. «Амансыздар ма, азаматтар, жол болсын,  кей біріңді мектеп бітіргелі көрмеппіз, біраз уақыт өткен екен» – деп еді, Әлібек өзіне қаратыла айтылған қыздың назын түсініп, іштей үнсіз мойындады. Араларындағы жылпосы, кез келген тығырықтан жол табатын Қанат әңгімені ары қарай сабақтай жөнелді.

- Аманшылық, Қалампыржан. Сыныптастар болып біраз серуендеп, бір үйге бас қоссақ деген едік, уақытың бар ма?

- Әрине, ер азаматтар айтып тұрса, қалай жоқ дейміз, бірақ араларыңда менен басқа ару жоғы қызық екен?

- Оған алаң болма, жолдан Асылзатты ертіп аламыз, – деді Қанекең.

- Жарайды онда,  күте тұрыңдар, ата-анама ескерте салайын» – деп үйіне кіріп кетті.

«Әп, бәрекелді, Құдай сәтін салсын», – деді жігіттер көңілденіп. Көп ұзамай Қалампыр да шықты. Қалжыңдары жарасқан замандастар, қарқылдай күліп, Әлібектің үйін бетке алды. Үйге жақындаған мезетте Қалампыр сәл тосылып қалған еді, жігіттер жағы – «дастарқанды осы үйге жайып, бәрін реттеп қойдық» – деп тігісін жатқыза сөйледі. Табалдырықтан аттап, енді ішке кіре  бергені сол-ақ еді, әлдекім басына ақ орамал жауып, енді бірі ақ шашуды бұршақтай  тасырлата жөнелді. Қалампыр өзінің  қармаққа ілінгенін сонда ғана аңғарды. Айқай-шу шығарып, үсті-басын жұлқылаған жоқ, аздап екі беті қызарып, жемісі көп ағаштай басын еңкейткен күйі иіле берді. Әлібектің анасы келіп, ақ келінінің маңдайынан сүйді. Көп кешікпей қуғыншылар да жетті. Танымайтын адамдар емес, екі  жақ  тез түсінісіп, екі жасқа  ақ баталарын беріп, өмірлеріне ақ жол тіледі.

                                                                                       ***

Әлібек бүгін елден ерте оянды. Ояна салып, жанында жатқан Қалампырдың шашынан иіскеді. О, ғажап! О, құдірет! Оның шашынан әжесінің қалампыр шайының иісі аңқиды. Әлібек аң-таң.

Жо-жоқ, бұл жай шайдың иісі емес-ау, бұл – алтын құрсақ аналардан келе жатқан дәстүр жалғастығының, солардан қалған тектіліктің бір белгісі болар. Мүмкін, Жаратқаннан Әлібекке солай сезілген де шығар, кім білсін?! Қалампыр терең демалып, бәрінен бейхабар күйде алаңсыз ұйықтап жатыр.

Бұған дейінгі серілік кездерінің бәрін білсе де, бірде-бір рет ерінің бетіне басып айтпаған, мінезі мен пейілі кең жан жарына Әлібек дән риза. Оған деген құрметі мен сыйластығы күн санап артып, бала күннен жүректе тұтанған махаббат оты одан сайын лаулай түскендей.

 Ауғанбай САНАҚҰЛЫ