• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2020

Алматы аумағына кіргізу үшін пара алған қызметкер жауапқа тартылды

1691 рет
көрсетілді

Алматы қалалық Әкімшілік полиция басшысы Жандос Мұратәлиев әлеуметтік желі қолданушыларының блок-бекеттерден қалаға кіру үшін азаматтар ақша беріп өткені жайындағы шағымына  жауап қайтарды.

Алғашқы күндері түсінбеушілік болғанымен, бүгінде блок-бекеттердің жалпы жұмысы тұрақтанды.  Мұраталиевтің айтуынша, қалаға кіргізу үшін 2000 теңге алған қызметкер бүгінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Қазір қаладағы барлық дәріхана мен белгілі бір азық-түлік нысандары жұмыс істегені болмаса, барлық қызмет көрсету орындары жабық. Сондықтан қалаға кірудің қажеттілігі шамалы. Егер біз барлық сақтық шараларын сақтап, үйде отыратын болсақ, бұл індетті тезірек ауыздықтайтынымыз анық. Бәріңізге үйден шықпауға кеңес беремін», деді Жандос Мұратәлиев.

Сондай-ақ полиция басшысы автокөліктермен қалаға кіру өткен күндердегі секілді тек тексеру жүргізілгеннен кейін және Алматыда ресми тіркеуі бар азаматтарға ғана рұқсат етілетінін айтты. Блок-бекеттер жұмыс істеген сәттен бері қалаға 28 960 автокөлік (оның ішінде, жеңіл көліктер – 23 744, шағын автобустар – 907, жүк көлігі – 4309, барлығы 59 975 адам болған) кірген.

 – Алматы қаласының тұрғындары болып табылмайтын 2765 автокөліктің иелері әртүрлі себептер бойынша жол жүруден бас тартқан. Десе де, блок-бекеттер арқылы медициналық мекемелердің 8 385 қызметкері, әкімдік қызметкерлері және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да өкілдер СЭС қызметкерлерінің тексеруінен өтеді. Егер олардан ауру белгілері, жоғары дене қызуы байқалмаса, қалаға өтуіне болады, – деп атап өтті Ж. Мұратәлиев.

Автокөліктердің қаладан Алматы облысына қарай кедергісіз жүруі жүзеге асырылып, бүгінде қаладан барлығы 23 555 автокөлік (оның ішінде, жеңіл көліктің саны – 19 392, шағын автобустар – 746, жүк көліктері – 3417, онда 50 209 адам) шығып үлгерді.