Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Райымбек даңғылы бойында орналасқан «Барлық» және «Алтын Орда» базарлары маңындағы блок-бекеттің жұмысымен танысты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасына жазды.
Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына, қалаға айналма жол арқылы кіріп-шығуға тырысқандардың әрекеті заңсыз екеніне тоқталған әкім, азаматтарды қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеуге шақырып, тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін қала бюджетінен қосымша 5 млрд теңге бөлінгенін, алдағы уақытта азық-түлік тапшылығы болмайтынын атап өтті.
«22 наурыздың түнінен бастап қалаға кіру мен шығу толығымен шектелді. Кезекшіліктегі барлық қызметтер, соның ішінде әскери қызметкерлер, дәрігерлер, санэпидемиологтар мен полицейлер барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Ауру белгілері бар адамдарды анықтайтын мобильді оқшаулағыш орнатылды. Осыған байланысты полицияға қаланың барлық периметрі бойынша бақылауды күшейту тапсырылды. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша «Жаңа Алатау» қоры арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп жатыр. Көмекке мұқтаж жандарды қолдаудың өзге де шаралары қабылдануда. Оның ішінде, коммуналдық төлемдерді уақытылы төлемегендерге айыппұлдар мен өсімақылардың салынбайтынын атап өткен жөн» деп жазды Бақытжан Сағынтаев.