Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Новоникольск селосындағы «Зенченко и К» шаруа қожалығында егін орағы алдындағы дәстүрлі семинар-кеңес болып өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, ауыл шаруашылығы техникасының көрмесін көріп, бұдан ары картоп, жүгері егілген алқаптарда болды. келесі кезекте заманауи мал кешенінің жұмысымен танысты. Бұл туралы Солтүстәік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Семинар-кеңесте биылғы егін ору науқанын ұйымдасқан түрде жүргізу мәселесі талқыланды. Жиынды ашқан өңір басшысы «Қазақстан Республикасының Президенті Ұлт Көшбасшысы Н. Ә. Назарбаев астық өнімділігін арттыруды ең алдымен жаңа технологияларды енгізу арқылы қамтамасыз ету міндетін қойды. Үстіміздегі жылы қабылданған «Агробизнес — 2020» бағдарламасында 2020 жылға дейін мемлекеттік қолдау шараларын 4,5 есе арттыру көзделген. Жаңа озық технологияларды пайдалану, жылсайынғы мемлекеттік қолдау және ауа райының жағдайы ауыл шаруашылығы дақылдарының бітік шығуына мүмкіндік туғызды. Облыстың шамамен 5 млн. тонна астық өндіруге шамасы бар», — деп атап өтті.
Диқандар мол өнім алу үшін жазғы уақытта тынбай еңбек етті, ал енді күзгі уақытта бітік шыққан бидайды ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Кеңесте күзі орақты өткізу жайында негізгі баяндаманы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жасады. Агроқұрылым басшылары мен аудан әкімдері де сөз сөйледі.
Кеңес соңында марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі Самат Ескендіров аудандық ветеринарлық станциялардың жетекшілеріне 14 автокөліктің кілтін табыс етті.
Сейітжан Құлымбай.