Бүкіл әлем жұртшылығын үрей құшағына алған аты жаман індет белең алып барады. Елімізде денесін дерт дендегендердің саны күн сайын көбейіп келе жатыр. Өкініштісі, тұтас ел көлемінде төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жаппай карантин жарияланса да ағымдағы жағдайды ескермей, ауруға атүсті қарайтындар жоқ емес. Осыны назарға алған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарына үндеу жариялады.
Жағдайдың ушығып бара жатқанын тілге тиек еткен шаһар басшысы өзінің Instagram парақшасында:
«Құрметті алматылықтар! Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Өкініштісі сол, карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандар азаймай тұр. Жұмысын жалғастырып жатқан спорт залдары мен мейрамханалар, санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Мамандардың сөзіне құлақ аспай, көшеде қыдырып жүрген тұрғындар да бар. Тәртіпке бағынбағандар үшін қатаң шара қолданылады», – деп жазды.
Адамзатқа қатер төндірген індеттен оңбай жапа шегіп жатқан Италия, Испания, АҚШ мемлекеттері азаматтарының жан айқайын жеткізген түрлі бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Бұл бейнероликтер – мәселенің маңыздылығын ескеріп, сақтық шараларын берік ұстануға үндейді. Қоғамның тұтастығы, мемлекеттің беріктігі, айналып келгенде өз отбасының, жеке басының амандығы үшін азаматтар ағымдағы жағдайдан сабақ алып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаса игі.