Жаһанды дүрліктіріп, адамзатты күйзелтіп отырған коронавирус пандемиясын ауыздықтап, оның бетін қайтаруда жақсы нәтижелер жоқ емес. Ақпараттық кеңістікте тілсіз жаудың тілін тауып, оны еңсеруде қол жеткізілген табыстар туралы мәлімдемелер жариялана бастады. Мәселен, пандемияның бастапқы ошағы болған Қытай елі «құмырадан шығып кеткен жыннан» бетер вирустың екпінін басуда әжептәуір іс тындырған көрінеді. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Гэн Липиннің әңгімесі төмендегідей.
Бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус пандемиясына қатысты жағдайдан баршамыз хабардармыз. Күн сайын жағдайдың дамуын жіті бақылай келе, қоғамдық денсаулық сақтау ісін нығайту бүкіл әлемнің ортақ міндеті екені тағы белгілі. Сондай-ақ ДДҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесустың: «Қытай мемлекеті қабылдаған шаралар тек өз халқын қорғауға ғана емес, бүкіл әлемді сақтауға бағытталған. Бұл індетті жеңудің жалғыз жолы – барлық мемлекеттер ауызбіршілік пен ынтымақтастық рухына негізделген күш-қуатын біріктіруге ұмтылу қажет», деген сөзінде де терең салмақ бар.
Қытай үкіметінің эпидемиямен күрестегі шаралары мен орасан күш-жігері біртіндеп өзінің жақсы нәтижелерін бергенін жоққа шығаруға болмайды. Оңайға түспеген орасан әрекеттердің арқасында Қытайда коронавирустың таралуы ауыздықталып, қатаң бақылау – аралық нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, эпидемия өршіп тұрған кезде күн сайын 3 мыңнан астам адам вирус жұқтыратын болса, соңғы күндері жиырмаға да жетпейтін адамда ғана коронавирус бар екені анықталып отыр. Бір айдың ішінде індет 98 пайызға жеңілді.
Қазір күн сайын 800-900 науқас сауығып, үйлеріне оралып жатыр. Күн сайын Хубэй провинциясынан тысқары жерде жұқтыру оқиғалары азайып келеді. Жаңа жұқтыру оқиғалары тіркелген жағдайда да олар басқа мемлекеттерден келгендер. Көптеген қала мен провинцияда коронавирустың анықталуы нөлдік деңгейге жетті.
Жұқтыру мен өлім-жітім деңгейін барынша азайту үшін Қытай елі жанкештілікпен және орасан күш-қуатын жұмсады.
Төраға Си Цзиньпин бір ай бойы эпидемияны тоқтату мен күресу тақырыбында сегіз бірдей ірі отырыс өткізді.
Мемлекеттің барлық аймақтарынан 330 санитарлық отряд пен 41 600 медициналық қызметкер Хубэй провинциясына көмектесуге аттанды. Бар болғаны 10 күннің ішінде Ухань қаласында 2 арнаулы аурухана салынып, 20 мыңнан астам оқшауланған төсек-орын дайындалды.
1,4 миллиард қытайлық саналы түрде үйінен шықпай отырды. Бірінен кейін бірі пайда болған ғаламат цифрлар Қытайдың эпидемиямен күресудегі күші мен шешімталдығын дәлелдеп, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары баға алды.
Дәл осы уақытқа дейін елімізде өндірістік кәсіпорындардың 60 пайыздан астамы, шешуші аймақтардағы ірі ауқымдағы кәсіпорындардың көпшілігі қалпына келтірілді. Мемлекеттік мұнай, мұнайхимиялық, коммуникациялық, энергетикалық, көлік және өндірістің басқа да салалары 100 пайыз жұмысқа қосылды. Орта және шағын кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру деңгейі ырғақты өсіп келеді. Жалпымемлекеттік азаматтық авиация, темір жолдар мен су көлігі желілері кәдуілгі режімде жұмыс істей бастады. Шанхай мен Шаньдуньдегі шетелдік капиталдың қатысы бар шешуші кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы жұмысын қайта жандандырды.
Қытайлықтар дағдарыстың өзінде де мүмкіндіктер болатынына және оны дамуға берілген сәттілікке айналдыруға болатынына сенеді. Осыған жауап ретінде көптеген компанияның цифрлы трансформациясы жеделдеді. Экономикалық мүмкіндіктері, электронды сауда-саттығы, онлайн-сабақтары, қашықтан жұмыс істеуге көшу үдерістері жылдам жүзеге асты.
Дүниежүзілік банк сияқты, Халықаралық валюта қоры да Қытай экономикасының икемділігі мен бекемдігін сақтай алатынына сенім білдірді. Экономистер негізінен эпидемиядан кейін Қытай экономикасының қалпына мықтап келетінін болжап отыр.
Эпидемия кезінде 170 елдің және 40-тан астам халықаралық және аймақтық ұйымдар Қытайға көңіл айтып, қолдау білдірді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Және 9 халықаралық ұйым эпидемияны бақылап, ауыздықтау үшін материалдық көмек берді. «Дос басыңа қиындық түскенде танылады» деген. Бас консулдыққа келіп, өздерінің көмек-қаржыларын беріп, бейнежазбалар, мақалалар арқылы Ухань тұрғындарының сауығып кетуіне тілектес болды. Бұл мені өте қатты толқытты. Қазір Қытай Оңтүстік Корея, Жапония, Иран сияқты басқа да елдерге медициналық материалдармен көмектесіп, Иран мен Иракқа медициналық сарапшылар тобын аттандырды.
Қытай эпидемиямен күресу тәжірибесін басқа елдермен бөлісуді жалғастырады. Профилактикалық шаралар, клиникалық зерттеулердің мәліметтерімен бөлісіп, мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттерді дамытады.
Коронавирусты толық жеңу үшін барлық күшімізді, өзара көмегімізді, барлық елдердің келісілген, пандемияға қарсы әрекеттерін біріктіру қажет.
АЛМАТЫ