«Сақтансаң – сақтайды» деген сөз бар. Әркім өзінің жақындарының амандығы үшін жан ұшырады. Ұл-қызының саулығын тілейді. Әдетте 30-40 теңгеге саудаланатын медициналық бетперделердің төрт-бес есеге шарықтап кетуінің себебі неде? Әлбетте бұл – ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, қаржыға қарық болсам деген алыпсатарлардың арзан пиғылы. Ел басына сын сағат төнгенде біреудің қайғысынан пайда іздеген пақырлар «бұл да сауда» дейтін шығар, бәлкім!? Қашанда адам баласын ізгілікке бейілдендіретін асыл дініміз де бұл істі құптамайды.
Коронавирус туралы алғашқы әңгіме айтыла бастағаннан бері жұрт арасында «екі-үш айдың азығын қамдап алу керек», «медициналық маска табылмай қалады екен» деген әңгімелер болғаны рас. Індет іргемізден енгенде мегаполис тұрғындары тіптен дүрлігіп, үлкен азық-түлік дүкендеріндегі қажетті тауарлардың түгін қоймай тасып жатқанын көзіміз көрді. Соңғы күндері дәріханаларға медициналық бетперде алуға сабылғандардың саны артты. Алматыда коронавирус жағдайлары тіркелгелі бері маскалардың бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Бүгінде 1 бетперденің құны 150 теңгеден асады. Кей жерлерде тіпті 200 теңгеге дейін саудаланып жатыр. Саудадағы респираторлық маскалардың құны да өршіп тұр. Мамандар тағы да сол алыпсатарларға тосқауыл қою мүмкін болмай отырғанын айтады. Өйткені бетперденің көбі солардың қолына өткен. Олар қорғаныс құралын интернетте көтерме бағамен сатуды кәсіпке айналдырған. Одан бөлек күні кеше төтенше жағдайға байланысты үйлеріне қайтпақ болған студенттер автобус пен такси бағасының еселеп қымбаттап кеткеніне наразылық білдіріп жатты.
Бұл жағдайға байланысты өз ойын білдірген дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы қысылтаяң сәтте қажетті заттардың бағасын көтеріп жіберу адамдыққа қайшы әрекет екенін айтады.
– Қандай жағдай болсын, адамды ең алдымен сабырға шақыратын асыл дініміз әрбір істің қайыр жақсылығын жаратушыдан күткен. Мұндай қиын сәтте халық ынтымағын көрсетуі тиіс. Әрбір нәрсе Алланың қалауымен болады. Бұл індет те адамзатқа жіберілген сынақ. Осындай сынақ кезінде біздің елдігіміз көрінеді. Ең алдымен, халықтың ауызбіршілігі, ынтымағы қажет. Басты мәселе – дүрбелеңге салып, ел арасында үрей тудырмау керек. Себебі бұл – шариғат талабы. Ал ел арасына іріткі салу дінде де, күнделікті тұрмыста да жақсы емес. Жау алардай дүрлігіп, ірі дүкендерде ұзын-сонар кезекке тұрып, азық-түлікті қап-қабымен алып жатқан ағайындікі де жөн деп санамаймын. Сонау қиын замандарда қазақтың қарапайым отбасы шеттен қысым көріп, елге келгендерге құшағын ашты. Үйлерінде бір күлше болса, соны баласына да, басқаға да жеткізді. Бұл – пейілдің кеңдігі. Әдеттегі заттарды шектен тыс қымбаттатып жіберген алыпсатарлар мен саудагерлердің әрекеті дұрыс емес. Дінімізде мұны ихтикар деп атайды. Бұл біреудің ақысын жеу. Біреу қиналып жатқанда соның үстінен пайда көремін, табыс табамын деген жан береке таппайды, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер дүкен сөрелері мен базарларда түрлі бағамен сатылып жатыр. Мамандар бағаның алдағы күндері шарықтамайтынын, оның қатаң бақылауда болатынын айтуда. Мәселен, халықтың сұранысындағы сарымсақтың құны келісіне 2500 теңгеге жеткен. Бір басы – 150 теңге.
Бастысы, шаһарда азық-түлік жетіспеушілігі жоқ. Базарларда жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Ал коронавирустен сақтану үшін дүкен қызметкерлері түгелдей бетперде тағып жұмыс істеуде.
«Барлық жабдықтар санитарлық тазалаудан өтеді. Қызметкерлерге бақылау күшейтілді. Оларды жұмысқа келерінде тепловизормен тексеріп өткізеді. Дене қызуы көтерілген жағдайда, жұмысқа жіберілмейді. Өткен жұмада таразыға тартылып сатылатын қапталмаған, қант, күріш сияқты тауарларды, ашық сатылып келген нан өнімдерін сатылымнан алып тастадық. Біздің дүкеннің қызметкерлері барлық гигиеналық нормаларды ұстана отырып, бетперде, қолғап киіп, өздері қаптайды», деді компанияның PR-менеджері Дмитрий Шишкин.
АЛМАТЫ