АҚШ Сенаты коронавирус эпидемиясымен күреске 2 трлн АҚШ долларын бөлу шешімін мақұлдады. Заң жобасы жұмыссыздық сақтандыруын кеңейтіп, медицина қызметкерлеріне қосымша қаржыны қарастырады.
АҚШ Сенаты экономиканы ынталандыруға қатысты соңғы кездегі ең көлемді шараларды қолға алды. Ол Конгреске коронавирус пандемиясының салдарымен күреске байланысты отбасылар мен құрылымдарға қаржылай көмек көрсету үшін 2 трлн АҚШ долларын жолдады.
Трамптың әкімшілігі мен Конгрестің жауапты тұлғаларымен өткен 1 күндік келіссөзден кейін сенаторлар бір ауыздан заңды қабылдады. АҚШ нарығында акциялардың күрт арзандауынан кейін инвесторлар акциялар сатып алып, заң жобасын мақұлдауды күтуге көшкен еді. Мемлекет басшысы да бұл заң жобасын тез арада мақұлдайтынын айтқан-ды. Мұндай экономиканы қолдау әрекеті АҚШ тарихындағы осы күнге дейінгі ең көлемді шара саналып отыр.
Өкілдер палатасының көшбасшысы Стени Хойер сәрсенбі күні кешке экономиканы ынталандыруға арналған заң жобасы 27 наурызда тыңдалатынын мәлімдеді. Заң жобасы жұмыссыздыққа қатысты сақтандыруды ұлғайтып, денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаржы бөледі.
Сенаттағы республикалықтар көшбасшысы Макконнелл мен демократтар көшбасшысы Чак Шумер бұл заң жобасының қабылдануын жеделдетпек болды, алайда Палата мүшелері қарсылық білдіріп, істі тежеді. Ал бұл кезде заң жобасы толықтай дайын еді. Республикалықтар жұмыссыздыққа қатысты бөлімдеріне қарсылық білдірді, дегенмен Демократиялық партия атынан преизденттікке үміткер сенатор Берни Сандрес республикалықтар өз наразылығын қайта қарамайынша заңның қабылдануын артқа шегіндіретінін мәлімдеді. Бұл келісімнің шешуші кезеңдерінде үлкен келіспеушіліктердің тууына алып келді. Өкілдер палатасының кейбір демократтары Сенаттың ынталандыру шаралары толық әлі жеткілікті емес деп ойлайтнын хабарлады.
Заң жобасы жылдық табысы 75 мың АҚШ долларына дейінгілерге адам басына 1 200 АҚШ доллары көлемінде төлемдер тағайындауды көздейді. Отбасы табысы 150 000 АҚШ долларына дейін болса, әр бала үшін қосымша 500 АҚШ долларынан төлеп отыруды қарастырған. Жылдық табысы 99 000 АҚШ долларынан асатындар, 146 500 АҚШ доллары табатын 1 баласы бар отбасылар мен 198 000 АҚШ доллары көлемінде кіріс көретін отбасыларға төлемдер берілмейді.
АҚШ тұрғындары төлемдерді алуы үшін әлеуметтік сақтандыру номерлерін көрсетуі керек және олар басқа салық төлеушінің асырауында болмауы қажет. Қосымша төлемдер табысы жоқтарға да және бұған дейін басқа бағдарламалар арқылы мемлекеттен жәрдем алып келгендерге де төленеді.
Бұл шаралар жұмыссыздық жәрдемақысының ұлғаюына қосымша ретінде саналады. Бұған дейінгі көмекті ұлғайту жобасы фрилансерлер мен тұрақты жұмысы жоқтарға қарастырылған-ды. Аталған заң жобасы жұмыссыздарға төленетін жәрдемақыны 600 АҚШ долларына көтеруді қарастырады.
Ынталандыру шаралары шағын бизнестер үшін 350 млрд АҚШ доллары көлемінде несие қарастырған. Бұл америкалықтарға коронавирус пандемиясы салдарынан азайған белсенділік кезінде де жалақы алуды тоқтатпауға жол ашпақ. Жаңа бағдарлама несие жүйесіне де жеңілдік енгізбек. Сонымен қатар заң жобасы аясында несиелерді кешіруге миллиардаған қаржы бөлу көзделген.
Келіссөз кезіндегі ең үлкен мәселе 500 млрд АҚШ доллары көлеміндегі корпоративтік көмекке тірелді. Бұл қаржының көп бөлігі Федералды резервті жүйе несиелерін қолдауға жұмсалмақ. Келісімге сәйкес, бас инспектор тағайындалып, бақылау кеңесі де құрылмақ. Қаржының тиісті жерге жетуін демократтар бақылауға алмақ болған. Сонымен бірге 17 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны Boeing Co, General Electric Co, Boeing Co сияқты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін компанияларға бөлу жоспарланған. Оған қоса 25 млрд АҚШ доллары жолаушылардың әуе тасымалына гранттарға беру жолға қойылып отыр. Тағы 130 млрд АҚШ доллары медицина орталықтарының қажеттіліктерін өтеуге, 16 млрд АҚШ доллары елде жетпей жатқан медицина құралдарын сатып алуға жұмсалмақ.
Демократтар заң жобасы штаттар мен жергілікті басқару органдарының коронавирус пандемиясына қатысты шығынын өтеуге 150 млрд АҚШ долларын бөлетінін айтты. Трамп пен президент әкімшілігінің, конгрес мүшелерінің иелігіндегі кәсіптер заң жобасы аясында қаржылай көмек алмайды.
Джошуа Джеймерсон, Эндрю Дюерен, Натали Эндрюс,
Wall Street Journal
Аударған Светлана Ғалымжанқызы,
«Egemen Qazaqstan»