Есте болса, бірер күн бұрын әлеуметтік желіде көше бойында өліп жатқан иттер туралы баяндалған бейнежазба тараған еді. Бейнежазбада бұл Алматыдағы әйгілі «Көк базарға» жақын орналасқан Пушкин көшесі екені айтылған. Бұған қатысты кейбір желі қолданушылары видеодағы қаңғыбас иттер қала көшелерін зарарсыздандыру барысында улануы мүмкін деген пікір білдірген.
Осы аптада қаладағы саябақтардың бірінде сұлап жатқан өлі көгершіндерге қатысты да осындай болжамдар айтылған болатын. Ал әкімдік бұл болжамның ешқандай негізсіз екенін айтып, дезинфекциялау құралдарының адам мен жануарларға ешқандай зияны жоқтығын алға тартты.
Кезекті видеоға қатысты түсінік берген қалалық Кәсіпкерлік пен инвестициялық даму басқармасының өкілдері де бұл пікірмен келіспейді.
«Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес қалалық Ветеринарлық қызмет өкілдері мен басқарманың ветеринарлық дәрігері жедел түрде оқиға орнына барды. Олар келгенде жануарлар оқиға орнында болмаған. Ал көшенің бойында су құйылған пластик контейнерлер мен тамақ салынған ыдыстар табылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, адамдар қаңғып жүрген иттерге тамақ берген. Жағдай тағы да бақыланып жатыр», - деді басқарма өкілдері.