8 сынып оқушысы әлеуметтік желіде қауіпті індеттің Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында таралғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Жасөспірім аталған ауылдағы мектепте оқиды.
Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 28 наурызда Кентау қалалық полиция бөліміне әлеуметтік желіде Қарнақ ауылында коронавирус жұқтыру туралы ақпарат тарағаны жөнінде хабарлама түскен.
Жедел-іздестіру шараларының барысында кентаулық полицейлер жасөспірімді ұстады. Ол осы ауылдағы мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім қылмысын толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан. Жасөспірім ата-анасының қадағалауына тапсырылып, олармен тиісті профилактикалық әңгіме жүргізілді.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ендігі жерде жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады» делінген хабарламада.