Токио Олимпиадасының кейінге шегерілуіне байланысты келесі жылы жалауы желбірейді деп жоспарланған жеңіл атлеттердің әлем чемпионаты 2022 жылы өтетін болды.
Жеңіл атлетика ең көп жүлде жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрі. Сол себепті де оны «Спорт падишасы» деп атайды. Мәселен, былтыр Дохада өткен әлем чемпионатында 149 (49 алтын+49 күміс+51 қола) түрлі-түсті медальдар таратылды.
Катардың астанасындағы жарыстың жалпы командалық есебіндегі тартыс АҚШ құрамасының айқын басымдығымен аяқталды. 14 алтын, 11 күміс және 4 қоланы олжалаған америкалықтар жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Екінші және үшінші орынды Кения (5+2+4) мен Ямайканың (3+5+4) «қара маржандары» иеленді. Сондай-ақ, Қытай (3+3+3) мен Эфиопия (2+5+1) спортшылары үздік бестіктің қатарынан көрінді. Өкінішке қарай, Парсы шығанағында Қазақстанның өрендеріне жүлде бұйырған жоқ.
Жеңіл атлеттердің жарысын тамашалауға көрермендердің көптеп келетіні белгілі. Ірі корпорациялар мен іргелі кәсіпорындар, тасы өрге домалаған бизнесмендер мен басқа да бай-қуаттылар осы спорт түріне демешулік жасауға әркез айрықша құштарлық танытуда. Ал Олимпиада – спорт атаулының төресі. Сол себепті де Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығы (IAAF) әлем чемпионатын Олимпия ойындарымен қабаттастырмай кейн өткізуді құп көріп отыр.